«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БОЛАШАҚТЫҢ” ЖАЙ-ЖАПСАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Болашақ” бағдарламасының биылғы құжат қабылдау науқанының басталуына байланысты көшпелі брифинг өткізілді. Жиында “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ құжаттарды қабылдау және конкурсты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Досхан Құдайбергенов студент жастар арасында түсіндірме жұмысын жүргізді.

– Елбасының бастамасымен елімізде бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетті қалыптастыру мақсатында 1993 жылы “Болашақ” бағдарламасы құрылғаны белгілі. 1994-2013 жылдар аралығында 9250 жас “Болашақ” бағдарламасы аясында шетелдің белді оқу орындарында білім алып қайтты. Құжат қабылдау ережесінің жаңа редакциясында мынадай өзгерістер көзделген: өз бетімен түскен үміткерлер үшін талап күшейтілді, “мемлекеттік қызметшілер” және “ғылыми-педагог қызметкерлер” санаттары бойынша қатысу үшін адамдар шеңбері кеңейтілді, Қазақстан Республикасының кез келген ұйымдарының инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлерінің тағылымдамадан өту мүмкіндігі енгізілді, “жоғары оқу орындарының түлектері” квотасы қосылды”, – деген Досхан Құдайбергенов кездесу барысында “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар қабылдау мерзімі, конкурсты өткізу ережелері, елдің барлық өңірлерінде “Болашақ” халықаралық стипендиясын іске асыру үшін қабылданған шаралар туралы баяндады.

Баяндамашының айтуынша, магистратура, докторантура және ғылыми, педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша құжаттар қабылдау жұмыстары басталып кеткен екен.

Шара барысында белгілі болғаны – конкурсқа қатысуға ниеттілер саны көп болғанымен, көпшіліктің шетел тілдерін білмеуі кедергі болып отырғандығы және кепілдік қамтамасыз ету мәселелерінің қинайтыны анықталды. Бұл орайда шетел тілдерін білмегендер оқуға кіріспес бұрын 18 айға дейін арнайы тіл курстарынан өткізілетіндігі айтылды.

Бағдарламаға қажеттi құжаттарды қабылдау ережелерi мен шетелдiк жоғары оқу орындары, басымдық берiлген мамандықтар туралы айта келе, жас мамандар мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берген Досхан Құдайбергенов “Болашақ” бағдарламасы туралы деректердi www. еdu-cip.kz сайтынан алуға болатынын жеткiздi.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp