“Халықтық IPO” бағдарламасы бойынша 2013 жылдың екінші тоқсанында – “KEGOC” АҚ-ның, ал төртінші тоқ-санда “ҚазТрансГаз” АҚ-ы компанияларының бағалы қағаздары халықтың игілігіне ұсынылады деп ұйғарылып отыр. Сонымен қатар үшінші болып қатысуы мүмкін үміткер бар, ол – “Самұрық-Энерго” АҚ-ы. Өткен жылы бір компанияның, яғни “ҚазТрансОйл” АҚ-ның бағалы қағаздары халыққа ұсынылса, биыл екі немесе үш компанияның акциялары қор нарығына шығарылмақ.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмеген бұл жоба елдің пікірін екіұдай еткені де рас. Ойы ұшқырлар ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып отырған компаниялардың құнды қағаздарын сауатты пайдалана біліп, одан әжептәуір отбасылық кіріс алуға болатынын дәлелдесе, екінші біреулер бұл жаңалыққа сенімсіз қарайды. Не дегенмен де, өткен жыл соңында халықтық науқанның бірінші кезеңі аяқталды. Құнды қағаздарын халыққа үлестірген алғашқы компанияның мәліметтері көңіл тоярлықтай нәтиже көрсетті. Онда “ҚазТрансОйл” компаниясы 28 миллиард теңгеге өзінің 10 пайыз акциясын нарыққа шығарған болатын. Сол 28 миллиард теңгелік акцияларға еліміз бойынша 60 миллиард теңгенің өтініші түскен. Нәтижесінде “Халықтық IPO” бағдарламасы аясында Қазақстанның 33 989 азаматы мен 10 жинақтаушы зейнетақы қоры аталмыш компанияның акционері атанды. Осының өзінен жекелеген инвесторлардың ұсынысы сұранысты екі есе ұлғайтқанын байқатты.
2012 жылдың 25 желтоқсанында бағдарлама шеңберінде қор нарығына шығарылған “ҚазТрансОйл” АҚ-ның қарапайым акцияларын қайталама нарықта саудалау басталды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, “ҚазТрансОйл” АҚ 2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан қор биржасына (KASE) өзінің 38463559 қарапайым акцияларын орналастырды, бұл қор нарығына шығарылған акциялардың жалпы санының 10 пайызына жақын.
“Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жылдық таза табыстың 40 пайызынан астамын дивидендтерге бағыттай аламыз”, – деп мәлімдеді “ҚазТрансОйл” АҚ-ның бас директоры Қайыргелді Қабылдин наурыз айында Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Ал дивидендтердің нақты мөлшері мамыр айында белгілі болады. Осы деректерге сүйенсек, халықтық құнды қағаздарды иелік еткен қарапайым жұртшылықтың еш ұтылмағанын көреміз.
Ел экономикасында үлкен әлеуетке ие “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ы құрамында 400-ге тарта компания бар екендігін ескерсек, соңғы жылдары олардың қаржылық көрсеткіштері ерекше қарқынмен өсуде. Үкіметіміз ең мықты деген 10 компанияның акциясын сатуға шығаруды жоспарлады. Яғни, республикадағы мұнай-газ, электр қуаты, металлургия және байланыстың барлық түрлерінің тізгінін ұстаған отандық алпауыт компаниялардың активтеріне иелік етуге қарапайым тұрғындардың да қолы жетуге мүмкіндік туды. Әлі де әр азаматқа олардың ұлттық компаниялардың акционері бола алатындығын түсіндіру қажет. Мәселен, өткен жылы “ҚазТрансОйл” компаниясының бір акциясы 725 теңгеден сатылса, қазір қор нарығындағы оның сұраныс бағасы 825 теңгеге дейін өскен.
Өткен жылғы науқан басталғанда “ҚазТрансОйл” компаниясының бағалы қағаздары белгілі бір тұлғалар тобының қолында кетпеуі үшін “бір қолға” сатылатын акциялар санына шектеу қойылды, яғни бір адам 7 миллион теңгеге дейін ғана акция сатып ала алды. Ал биылғы көшті бастайтын “KEGOC” қанша акциясын қандай бағамен сатылымға шығаратыны туралы нақты ақпаратты әзірге мәлімдеген жоқ. Бұл туралы жұртшылық “Халықтық IPO” бағдарламасының екінші кезеңі басталардан екі апта бұрын құлағдар етіледі.
Бағдарламаның бірінші кезеңінде Қазақстан азаматтарымен қатар, жинақтаушы зейнетақы қорлары (ЖЗҚ) да қатысты. Ал биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап елімізде зейнетақы қорларының басын біріктіретін біртұтас жинақтаушы зейнетақы қоры құрылатыны туралы заң қабылданды. Ендеше алдыңғы компанияға акционер болып үлгерген он ЖЗҚ-ның алған міндеттемесі қалай орындалады және олар кейінгі қор нарығының қозғалысына қатыса ала ма деген сауалдың туындары анық. Әлбетте, бұл мәселе Үкімет тарапынан назарға алынып отыр. “Халықтық IPO” бағдарламасына қатысты өткізілген баспасөз мәслихатында Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов “Еліміздегі жекеменшік зейнетақы қорлары біріктірілгенге дейін “KEGOC”-тың акциясына иелік ете алады”, – деді. Ал 1 шілдеден біртұтас ЖЗҚ жұмысын бастаған соң қазіргі зейнетақы қорларының “Халықтық IPO” бағдарламасына қатысу тәртібі өзгермек. Олар бағдарламаға басқа құрылым ретінде қайта құрылған жағдайда ғана қатыса алады. Ал акцияларды сатып алудағы басымдық әдеттегідей бірінші кезекте жекелеген қазақстандықтарға берілетін болады, деген түсініктеме берілді.
“Халықтық IPO” бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша түйіндеме жасаған сарапшылар бұл науқанға қатысқысы келетіндердің саны биыл айтарлықтай артады деп тұжырымдап отыр. “KEGOC” компаниясының акцияларының қор нарығына шығарылуы туралы жыл басында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, тұрғындардың бағдарлама жайлы құлағдар болу деңгейі 51,7 пайызға жеткен. Бағдарламаның мақсаты туралы білмейтіндер саны 27,9 пайыздан 19,0 пайызға дейін қысқарған.
Осы науқанда трансфер-агенттің және брокердің жұмысын атқарған “Қазпочта” АҚ алдыңғы науқан кезінде бірқатар олқылықтарға орын алдырды. Алайда, бірінші кезеңнен тәжірибе жинап, өзінің кемшін тұстарын байқаған кәсіпорын биылғы жұмысында сапалы қызмет көрсетеді деген сенімдеміз. Биыл халықтық акционер болуға ниеттенген азаматтардан өтініштер қабылдау үшін еліміз бойынша “Қазпочта” АҚ-ның аудандық, қалалық, ауылдық байланыс бөлімшелерінде 3049 қосын жұмыс істейтін болады. Олардың қызметкерлері арнайы даярлықтан өткізіледі.