«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАТРИОТТАР ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРГЕН ПОЛКОВНИК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адалдық, еңбекқорлық, Отанына деген ыстық сезім – Валерий Орловтың өмірінің негізгі өзегі. Ол – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіндегі “Әскери және дене тәрбиесі теориясы” кафедрасының аға оқытушысы. 

Жанар ОМАРОВА,  

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ баспасөз орталығының қызметкері.

Бүгінде мектеп қабырғасынан бастап жас жеткіншектерді әскери білім негіздеріне баулып, отансүйгіштік қасиеттерін тәрбиелейтін мамандарды даярлап жүрген Валерий Михайлович жоғары оқу орнына осыдан он жыл бұрын, яғни университет жанынан әскери кафедра құрылған жылы цикл бастығы болып шақырылған еді. Бүгіндері ол – іргелі білім ордасының сыйлы да құрметті ұстаздарының бірі.  

Ұзақ жыл әскери қызмет арқалаған отставкадағы полковник бүгінгі күні жетпістің асуына жетті. Әскери отбасының ұрпағы болғандықтан, әу баста мамандық таңдауда қиналмаған.

 – Отбасымда екі ағам әскери болған. Екеуі де Ұлы Отан соғысы жылдарында Кавказ бен Курск шайқастарында ерлікпен қаза тапқан. Әкем азамат соғысы уақытында батарея командирі болыпты. Сондықтан, 1959 жылы Зеренді орта мектебін аяқтағаннан кейін, еш ойланбастан Вольск зымыран әскерінің әуе-техникалық училищесіне оқуға түстім, – дейді Валерий Михайлович.  

Әскери училищені үздік аяқтап, Винницк зымыран әскеріне жолдамамен жіберілгеннен кейін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімнің, кейін полктың саяси бөлімінің бастығы, Сарышағандағы ғылыми-зерттеу сынақ дивизиясы командирінің орынбасары және Тверь қаласында ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарған. Кейін туған ауылы Зерендіге оралады.

Валерий Орловтың солтүстік өңірде жасаған бір игі ісі Петропавл Жоғары әскери училищесі, бүгіндері әскери институт атанған оқу орнының іргесін қалауға қосқан үлесі еді. Асыл азамат еліне деген адал еңбегі үшін көптеген орден, медальдармен марапатталған. “Адал еңбегі үшін” алған медалін “Дон” зымыранға қарсы кешенін сынақтан өткізіп, әскери тәжірибеге енгізгені үшін алған. В.Орловтың айтуынша, “Бүгінгі таңда бұл кешен америкалық кешендерден әлдеқайда қуатты”.

Валерий Орлов қызмет етіп жүрген М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Әскери және дене тәрбиесі теориясы” кафедрасы жыл сайын “Бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы педагог” мамандығы бойынша күндізгі және сырттай бөлімде мамандар даярлайды. Кафедраның материалдық негізі барлық қажетті құрылғылармен қамтылған. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кафедра түлектері өңір мектептерінде ғана емес, кейбіреулері ұстаздарының жолын қуып, жүрек қалауымен еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет етіп жүр. Осы орайда Валерий Орлов: “Балалар мектептен келеді. Оларды азаматтық өмір жағдайында әскери тәртіпке үйрету қиынырақ, дегенмен әскери рух беруге тырысамыз. Менің студенттерімнің әскери атына нұқсан келтірмей, еліне абыройлы қызмет ететіндіктеріне күмәнім жоқ”, – дейді.

Бүгінде Валерий Михайловичтің дайындаған оқулықтарынан Қазақстанның студенттері тәлім алуда. Мол білім, әскери тәртіп пен жауапкершілік қасиеттері бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан табылады. Міне, дәл осы қасиеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі болуда.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp