«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҮЙЕНІ ШАЙҚАЛТАТЫН ДАУЫЛ ТҰРСА, ЕШКІНІ АСПАННАН КӨРЕСІҢ”-нің КЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күші болып келген АҚШ пен Еуропалық Одақ мемлекеттерінің мүмкіндіктері азайып, төмендеу сатысына ойысты. Ғалымдардың пікірінше, экономикалық дамудың алдыңғы қатарына шыққан Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің жаһандық дамуға жаңа қарқын беруге әзірге шамалары жетпейді. Сөйтіп, әлемдік экономиканың құлдырауы биылғы жылы да жалғасын табатын түрі бар. Әсіресе, бірқатар мемлекеттері рецессияға ұшыраған Еуропалық Одақтың жағдайы алаңдатарлықтай. Тіпті, еуродан бедел кетіп, Еуроодақ тарайды деген болжамға ден қойған сарапшылар қатары да көбейе бастады. Қазір әрбір екінші британдық топ-менеджер биылғы жылдың соңына қарай еуроаймақтың ыдырау тәуекелін жоғары деп есептейді. Сонымен бірге сауалнамаға қатысқан топ-менеджерлердің 35 пайызы 2011 жылдың соңғы тоқсанында басталған экономикалық құлдыраудың екінші толқыны үстіміздегі жылы да жалғасады деп есептейді. Италия, Испания және Португалия елдері еуролық валюта одағынан шығады деген пікірлер де айтылуда.

Еуропаның Италия, Грекия, Испания, Португалия сияқты дамыған мемлекеттері дағдарыс салдарынан қатты күйзеліске ұшырап, экономикалық рецессияға түсті. Бұл мемлекеттердің экономикалық-әлеуметтік ахуалы жайында талай рет жазылды. Сондықтан оны тағы қайталамай, әлемдік экономикалық дағдарыстың басқа қырларына үңіліп, оның себеп-салдарларын көрсетуге тырысайық. Ол үшін дағдарыс дауылы қатты соғып тұрған еуроаймақтың экономикасы құлдырауға түскен басқа да мемлекеттердің жағдайына назар салмасқа болмайды.

 

“Түйені шайқалтатын дауыл тұрса, ешкіні аспаннан көресің”-нің кері келіп, Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің экономикасы тығырыққа тірелгенде еуроаймаққа кейін кірген Шығыс Еуропа елдеріне не зорық? Мысалы, Чехияның экономикасы өткен жылы техникалық рецессияға түсті. Бұл елдің ЖІӨ-і өткен жылдың төртінші тоқсанында 0,3 пайызға төмен түсті. Венгрияның ұлттық валютасының бағамы қауіпті шекке дейін азайды. Оның ел экономикасын қалтыратқаны сондай – еуропалық инвестициялар елден кете бастады. Бүгінде сарапшылар Венгрияның жағдайына “Жаңа Грекия” деген баға беруде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл елден капиталдың сыртқа кетуі рекордтық межеге жетті. Атап айтқанда, 2012 жылы елдегі ЖІӨ көлемінің 6 пайызына тең келетін 8 миллиардтық капитал сыртқа шығарылған. Венгрияның жылжымайтын мүлік нарығы қатты күйзеліске душар болып отыр. Мұнда пәтер бағасы 30 пайызға дейін төмендеген. Қазір 1 миллионнан астам венгрдің ипотекалық қарызы бар. Егер орта есеппен отбасында 3 адам тұрады десек, елдің 3 миллионнан астам халқы қарыз тұзағына түсіп отыр.

Ал Португалияның рейтингі тіпті құлдырап құлап барады. Сөйтіп, оның онсыз да жоғары қарыздарының ставкасы күннен-күнге өсе түсуде. Халықаралық Moody,s рейтинг агенттігі Испания, Португалия, Италияның несиелік рейтингін төмендетумен бірге, Ұлыбритания, Франция және Австрияның да болжамдық рейтингтерін төмендетті. Сонымен бірге осы халықаралық беделді агенттік еуроаймақтың Мальта, Словакия, Словения, Кипр сияқты мемлекеттерінің рейтингілеріне де ең төменгі баға берді.

Экономикалық консалтингпен айналысатын DeIoitte-Access Economics атты австриялық топтың зерттеуі бойынша еуроаймақ елдерінің несиелік дағдарысының жалғасуы, банк жүйесінің тұрақсыздығы және рецессияның күшеюі “Еурогеддонға” әкеліп соқтырады дейді. “Еурогеддон” сөзі қаржылық басылымдар мен блогтарда 2011 жылдың төртінші тоқсанында қолданыла бастады. Бұл сөзбен экономистер еуроның бірыңғай валюта ретіндегі құлдырауына немесе еуроаймақ елдерінің аса күшті рецессияға ұшырауын сипаттайды. Аталмыш топтың мәлімдеуінше, еуро тағдыры – 2013 жылы шұғыл шешілуге тиісті басты мәселе. Экспорттаушылар болжамынша, биылғы жылы еуроаймақтағы дағдарыс салдарынан тұтыну тауарларына, энергетикалық шикізатқа сұраныс барынша төмендейтін болады.

Бұрыннан айтып келе жатқанымыздай, әлем экономикасын тұралатып жатқан бүгінгі дағдарыстың бастауында мұхиттың арғы жағында тұтанған қаржы дағдарысы тұр. Сонымен әлем экономикасын күйзеліске түсірген қаржы дағдарысы қайдан шығып еді? Қаржы мамандарының айтуы бойынша, оның себебі қаржы саласы активтерінің шектен тыс көтеріліп, жалпы ішкі өнімдердің нақты өсімінен әлдеқайда асып түсуінде болып отыр. Экономикалық ғылымда дамудың неоклассикалық және кейнсиандық модельдері деген ұғым бар. Оның біріншісі – еркін нарық деген ұғымды білдірсе, екіншісі – нарықтық экономиканы мемлекеттің араласуы арқылы дамыту деген сөз. Сөйтіп, бүгінгі таңда дамыған елдердің мемлекеттік саясатында неоклассикалық экономиканың даму үрдісі белең алып, іргелі экономика мен қаржы саласының дамуы сәйкессіздікке ұшырады. Қарапайым тілмен айтқанда, қаржы саласы бақылаудан тыс қалды. Банктерге шектен тыс еркіндік беріліп, қаржы жүйесін бақылайтын халықаралық және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі азайды. Банктердің жүгенсіздігі мен қаржы саласының ретсіз дамуы әлемнің дамыған экономикасын дағдарысқа душар етті.

Сонымен, жаһандық экономикалық дағдарыс астарында қаржы нарығындағы алыпсатарлық, сатып алу жарысы, нақты тауармен қамтамасыз етілмеген құнды қағаздарды сату сияқты келеңсіздік тұр. Батыс елдері өздерінің зауыттарын жұмыс күші ең арзан Қытайға көптеп орналастырып, өздері құйылып жатқан қаржылық табысқа қызмет көрсетумен айналысты. Басқаша айтсақ, Аспанасты елі ақша тапты, ал оның игілігін Батыс мемлекеттері көретін болды. Ол ол ма, дамыған Батыс елдері өндірілген тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасынан бірнеше есе асып түсетін игіліктерді тұтынатын болды. Міне, осындай алшақтық жекелеген тұтынушыларды да, тіпті, дамыған мемлекеттерді де тұншықтырған орасан зор қарызды өмірге әкелді. Бүгінде алдыңғы қатарлы ғалымдардың пайымдауынша, қай мемлекетте еңбек өнімділігі төмен болса, сол елдің мемлекеттік қарызы өсе түседі. Мысалы, Грекия және Ұлыбританияда еңбек өнімділігі төмен дәрежеде болса, ал еңбек өнімділігі мүлде тұралап қалған Италия мен Испанияда іс жүзінде жалпы ішкі өнім мүлдем өскен жоқ. Сол себепті осы мемлекеттердің тұрғындары да жұмыссыздық салдарынан қатты зардап шегуде.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp