Кеше облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Самат Ескендіровтің қатысуымен болған жиында “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” деген тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Елбасы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру барысы сөз болды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Елімізде басты жалпыазаматтық институтқа айналған Ассамблеяның алатын орны ерекше. Этносаралық және конфессияаралық келісім – Президенттің 2050 жылға дейінгі жаңа Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан да Ассамблея сессиясы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” ұранымен өткізілді. Мемлекет басшысы 2050 жылы Қазақстан біртұтас халқы бар үлгілі мемлекет болатынына сенім білдірді, – деген Самат Ескендіров облыстық ассамблея мен бірқатар құзыретті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, облыстық ассамблеяның тұжырымдамасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құруды, Достық үйін қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалар орталығына айналдыру мақсатында этнобірлестіктермен бірлесіп, ұсыныстар әзірлеуді, Елбасы тапсырмасына сай Қоғамдық келісім кеңесін жасақтауды, ассамблея жұмысына жастарды тартуды, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты дамытуда жергілікті ғалымдарды кеңірек тартуды тапсырды. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас жөнінде біліктіліктерін арттыру қажет екендігін айтты.
Бұдан кейін сөз алған “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман:
– Елбасымыздың “ел иесі” деген сөзіне де біз, қазақтар, жете мән беруіміз керек. Өйткені, әсіресе, басқа ұлт өкілдері әлі де көпшілік болып отырған біздің Қызылжар өңіріндегі кейбір қандас ағайындарымыз заман өзгергендігін, өздерінің енді ел иесі екендіктерін, мемлекет құраушы ұлт өкілдері болып табылатындықтарын жете ескермей, ескі психология жетегіне еріп, кейде жөнсіз ұлттық қызбалық пен кіжінушілікке ұрынып жүргендігі жасырын емес, – деді. Өз сөзінде ол облысымыздағы әлеуметтік жағдайға тоқталды. Әсіресе, облыс әкімінің орташа еңбекақыны көтеру жөніндегі бастамасын біздің облыс үшін ең көкейкесті бастама ретінде қарастырып, оған жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.
Ал “Видергебурт” неміс этнобірлестігінің төрайымы Эльвира Ковзель өздерінің Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынасты дамытуда дәнекер болып отырғандығын тілге тиек етіп, бұл жұмысты одан әрі тиімді етуде қолдау қажет екендігін атап өтті. Әсіресе, Қазақстан-Германия кәсіпкерлерінің қауымдастығында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің жоқ екендігіне тоқталды. Кеңейтілген отырыста сөз алған “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Салимов мерейтойлық ХХ сессиядан оралғаннан кейін өз қандастарымен, ұстаздармен, оқушылармен кездесулер өткізгендігін айтып, жастарды ассамблея жұмысына тартудың маңыздылығына тоқталды.
Кеңейтілген отырыс барысында алда өтетін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХVIII сессиясының күн тәртібі бекітілді. Отырыс соңында өңір басшысы Самат Ескендіров этнобірлестіктердің төрағаларына өңірімізде этносаралық келісімді нығайтуға, этностар тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға және насихаттауға қосқан зор үлестері үшін облыс әкімінің грантын табыс етіп, олармен бірге естелік суретке түсті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.