Үстіміздегі жылдың 4 айы ішінде облыста 234 өрт болып, одан 114 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 30 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Он тоғыз адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада жиырмаға жуық өрт оқиғасы орын алды.
Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде қайғылы оқиға тіркелді. Жеке тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт 48 жастағы әйел мен оның 2 жасар жиенінің өмірін қиды. Шарпыған жалын баспананың шатырын, қабырғаларын жалмады. 206 шаршы метр аумақ күлге айналды. Орын алған өртке электр сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болды деген болжам бар.
Тайынша ауданының Петровка ауылының 46 жастағы тұрғыны өлімнен аман қалды. Мас күйінде ұйықтап қалған азамат астындағы кереуеті жана бастаған кезде оянып кеткен. От баспананың шатыры мен кіреберіс бөлменің қабырғаларын зақымдады. Жарақат алған жапа шегуші ауруханаға жатудан бас тартты.
“Ауди-80” автокөлігін жөндеу барысында жеке бас қауіпсіздігіне назар аудармаған петропавлдық тұрғынның беті мен қолын 2-3 дәрежелі күйік шалды. Ал автокөлік толығымен жанып кетті.
Құтқарушылардың келгенін тоспай, өрт орнынан газ баллонын шығармақ болған 23 жастағы петропавлдықты күйік шалып, ауруханаға жеткізілді.
Балалардың отпен ойнауынан шыққан өрттің салдарынан Петропавл қаласында жазғы асүйде тұрып келген 37 жастағы келіншектің қолын, беті мен басын 1-2 дәрежелі күйік шалды. Белгілі болғаны – үй шаруасымен айналысып жүрген келіншек 2 және 4 жасар балалары ойнап отырған бөлмеден түтін шығып жатқандығын байқаған. Балаларын дереу қауіпсіз жерге жеткізіп, құжаттарын да құтқармақ болған келіншек дене жарақатын алды. Тілсіз жау баспананың қабырғаларын, шатырын және үй иелерінің жеке заттарын жалмады.
Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан Есіл ауданының “Петропавл – Жезқазған” тас жолымен сапар шегіп келе жатқан 57 жастағы жолаушының “Фольксваген” маркалы автокөлігі күлге айналды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда екі гаражды жалын шарпыды. Гараждардың бірінің шатыры, екіншісінде “ВАЗ-2121” автокөлігінің салоны мен мотор бөлімі зақымданды.
Ет сүрлеу барысында Петропавл қаласы тұрғынының абайсыздығынан өрт шықты. Шыққан өрт тұрғынның қора-қопсысына тиді.
Белгісіз біреудің шөпті өртеуінен Аққайың ауданының Тоқшын ауылының шетінде орналасқан тұрғын үй отқа оранды. От ауыл шаруашылық құрылымдарға ауысып, баспананың шатырын, гараж және моншаны жойды. Құтқарушылар оқиға орнынан 6 газ баллонын шығарып үлгерді.
Сондай-ақ Петропавл қаласындағы “Рябинка” саяжайында шыққан өрт салдарынан ағаштан салынған екі саяжай отқа оранды. Тілсіз жау саяжайлардың шатыры мен қабырғаларын зақымдады. Заречный көшесінде өртенген шөптің кесірінен иесіз саяжайлардың бірі толығымен жанып кетті.
Ауладағы ескі шөп пен қоқысты күйдіру кезінде жеке бас қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігін еске саламыз. Қоқыстарды арнайы темір бөшкелерде өртеген дұрыс. От жағу барысында абай болып, өрттің пайда болған жағдайында дереу “101”, “112” нөмірі бойынша өртке қарсы қызметіне хабарлаған жөн.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.
СУРЕТТЕ: Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде келіншек пен баланың өмірін қиған өрттен көрініс.