«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ӘР КҮНІ ЕРЛІККЕ ТЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шаһарымыздың өзге ғимараттарынан бұл мекеменің айырмашылығы – кіреберіс есігіндегі ұзыннан-ұзақ созылған пандусында. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың ғимаратқа кіріп-шығуына ыңғайлы етіп жасалған пандуссыз бұл мекемені елестету де мүмкін емес. Бұл – “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі” мемлекеттік мекемесі.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік көмек көрсететін бөлімше егде жастағы мүгедектер мен қарияларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін бөлімше болып екіге бөлінеді. Бөлімшеде 86 нәзік жанды қызмет етеді. Оның ішінде 17 әлеуметтік қызметкер 1 жарым жастан 18-ге дейінгі және одан асқан мүгедек балаларға көмек көрсетеді.  

 

Қарағанды қаласындағы мемлекеттік жоғары оқу орнын әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша тамамдаған Оксана Иванова үйде балаларға әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшенің меңгерушісі болып 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол:

– Кей кездері әлеуметтік қызметкерлерді бала бағушы немесе күтуші әйелге теңестіріп жатады. Бірақ біз бала бағушы да емес, күтуші де емеспіз, – дей отыра, олардың атқаратын қызметтері жайында әңгімелеп берді.

Әлеуметтік қызметкерлер 8 түрлі көмек көрсетеді. Оларға экономикалық, құқықтық, мәдени, медициналық, психологиялық, педагогикалық және еңбекке баулу жатады. Сегіз қырлы, бір сырлы әлеуметтік қызметкерлер кәмелеттік жасқа келіп қалған балаға куәлігін жасауға, ата-аналарға жеңілдіктер мен мүгедектерге берілетін жәрдемақыларды рәсімдеуге көмектеседі. Медициналық көмек қажет болса, үйге дәрігерді шақырып немесе баланың емханада қаралуына септеседі. Әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Олардың сал ауруларына қарамастан, қоғамның тең құқылы азаматы болуы үшін барынша қабілеттерін дамытуға көмектеседі.

Қала бойынша олар 801 мүмкіндігі шектеулі балаға көмек көрсетеді екен. Ол балалар Даун синдромы, эпилепсия, баланың церебралды сал ауры мен психоневрологиялық ауруларға шалдыққан. Аптасына әр әлеуметтік қызметкер өздеріне тиесілі балалардың төрт немесе алтауына барып үлгереді. Әрбіреуіне 2 немесе одан да көп сағат бөліп, педагогикалық, психологиялық, құқықтық не болмаса медициналық көмек түрлерін көрсетеді.

– Бізде 8 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан қызкеліншектер бар. Олардың әрбіреуінің қарамағында бірнеше баладан. Мүгедек балалардың белгілі бір өнерге икемділігін ашып, өмірге түңілмей, өздеріне сенімдерін ояту үшін ата-аналарымен бірлесіп олардың қабілеттерін дамытуға тырысамыз. Ол үшін аптасына екі рет үйірме сабақтарын жүргіземіз. Үйірмеге келген балалар сурет салып, ермексаз, қағаз қиындылары мен жіптердің көмегімен түрлі бұйымдар жасайды. Караокеде ән салатындары да бар. Олармен түрлі мерекелік шаралар өткіземіз. Балаларға театрландырылған қойылымдарды өзіміз сахналаймыз. Ол жағынан бізге волонтерлер көп көмектеседі. №40, №10 мектептердің оқушылары мен М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің тәрбиеленушілері өз еріктерімен келіп, мерекелік концерттер беріп, балалармен әртүрлі ойындар ойнап, олардың көңіл күйлерін көтереді. Осы орайды пайдалана отыра оларға жылдар бойы көрсетіп келе жатқан көмектеріне алғыс білдіргім келеді. Бүгіндері біздің қарамағымызда болған балаларымыздың кейбірі қолөнерді меңгеріп, өз нанын өзі тауып жатса, бір қызымыз медициналық колледжде білім алуда, – дейді Оксана Иванова.

Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін арнайы мектептер бар. Ал мектепке дейінгі білім беретін балабақшалар жоқтың қасы. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған топ тек “Батыр” балабақшасында ғана бар екен. Ал балаларының мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, оларды оқытқысы келетін ата-аналар жетерлік, дейді әлеуметтік қызметкерлер. Сондықтан да олардың толыққанды азамат болуы үшін әлеуметтік қызметкерлердің атқаратын рөлі зор. Әрине, мүгедек балалардың барлығы дерттеріне байланысты аяққа тұрып кетуі мүмкін емес. Десе де, олардың өмірде өз орындарын табу үшін бар күш-жігерлерін салатын әлеуметтік қызметкерлер ол балаларға алғашқы мұғалімі әрі досы болады.

– Қарамағымыздағы балалар бізді отбасының мүшесіндей қабылдайды. Бізге үйреніп алған. Олармен мерекелік мезеттерді бірге өткіземіз және де есею шағын ата-аналарымен бірге өткереміз. Кей кездері ата-аналарына да психологтің орнына психолог боламыз. Күнұзақ үйде отырып, мүмкіндігі шектеулі нәрестелерін, ержетіп қалған балаларын көз алмай бағып-қағу ата-ананың да жүйкесін жұқартпай қоймайды. Осы кезде ата-аналардың жан дүниесін жегідей жеген қайғысына ортақтасу – адами парызымыз. Көбінесе мүгедек балаларымен аналары отырады. Аналары өзіне көңіл бөліп, сыртқа шығып, бой жазып келсін деп әлеуметтік қызметкерлер балаларға бас-көз болып үйде қарауға қалады. Суға шомылдырып, тамақтандырады. Қабылдайтын дәрі-дәрмектері болса оларды да уақытында беріп тұрады. Ой-өрістерін дамытуға бағытталған ойындар ойнап, сурет салады. Кей мүгедек балалар сал болғанымен, ақыл-есі дұрыс. Олармен де әңгімелесіп, арбаға таңылса да, өмірде өз орнын табуға әр адамның құқы барын түсіндіруге тырысамыз, – дейді ол.

Мұнда қызмет ететін әлеуметтік қызметкерлердің барлығының дерлік білімдері жоғары. Олардың көбі педагогикалық мамандықты игерген. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде үйірме пәндерін жүргізетін Снежана Әшімова – мамандығы бойынша педагог-психолог. Оның айтуына қарағанда, бұл мамандыққа бейімделу, оны толықтай меңгеру – тәжірибе барысында болатын үдеріс. Себебі, бір мезетте адамға психологиялық әрі құқықтық, экономикалық және медициналық қызмет түрлерін көрсетуді меңгертетін оқу орны жоқ. Оны бөлімшенің қызметкерлері жоғары білімдерін негізге ала отырып, өздігінен меңгеруде. Ең бастысы, бұл қызметке кіріскен мамандар мейірімді және сабырлы болу керек деп санайды олар. Себебі, тағдырдың қатал сынына тап болған жандарды күту – қай адамның болсын қолынан келе бермейтін іс. Мұнда аса ұқыпты әрі барынша қайырымды болу керек.

Егде жасқа келген мүгедектер мен жалғыз қалған қарияларға бөлімшеде 69 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Жалпы олар қала бойынша 466 қарияға қол ұшын береді екен. Олардың ішінде 320-сы жалғыз қалған қария болса, 144-і – егде жасқа келген мүгедектер. Олармен жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлерге қарағанда жұмыстары қиындау. Жападан-жалғыз қалған қарияның көңіл күйін аулау, оларды тамақтандырып, серуенге шығару, дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін сатып әкелу, емханалар мен ауруханаларға апару, шомылдыру, жәрдемақылары мен зейнетақыларын рәсімдеу әлеуметтік қызметкерлердің мойнында. Кей тұстары алғыстың орнына ұрыс, шағым естіп жатқан кездеріміз де болады, дейді әлеуметтік қызметкерлер. Адамның барлығына жағу оңай емес. Әсіресе, ол адам жалғыздықтың дәмін татса. Сондықтан қарияның көңілінен шығу, жоқ туысқанның орнына туыс болу, дос орнына дос болу әлеуметтік қызметкердің басты міндеті болса керек.

– Біздің қызметке тек нәзік жандар икемді келеді. Себебі, атқаратын міндеттеріміз әйелдің күнделікті үйде істейтін жұмысына ұқсас. Тамақ пісіру, баланы шомылдыру, азық-түлік әкелу, отбасы мүшелерінің денсаулықтарын қадағалау, әртүрлі құқықтық-экономикалық мәселелерді шешу әйелдің қолынан келеді. Ал ер адамдар мұндай жұмысқа икемді болмайтынын байқадық. Бір кездері бөлімшеге жұмыс іздеп жас жігіт келген болатын. Атқаратын қызмет түрлерін оқыған соң тұра қашқаны бар, – деп еске алады Оксана Иванова.

2003 жылдың қазан айының 1-інші жұлдызында құрылған бөлімше биыл 10 жылдық мерейтойын тойламақшы. 10 жыл бойы қаламыздың тұрғындарына көмек қолын созып жүрген нәзік жандардың күнделікті атқаратын жұмысын ерлікке балауға болады. Себебі, көмекке зәру адамдарға қолынан келгенше демеу, өмір сүруге деген құлшыныстарын ояту кім-кімнің болсын қолынан келе бермейді.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp