Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
“ӘКІМ БОЛСАМ ЕГЕР МЕН…”
(оқушы шығармасының ізімен)
“Әкім болсам
егер мен”…
Тақ бұйырып астыма,
Қамтыр едім жұмыспен,
Кәріні де, жасты да.
Ашық есік қабылдау
Кестесіне көшер ем,
Мәселесін әркімнің
Қолма-қол-ақ шешер ем.
Қолдап ұлттық өнерді,
Мықтап көңіл бөлер ем.
Қызметкерге айлықты
Қомақты қып төлер ем.
Кездесуге кешігіп
Еш уақытта келмес ем,
Жоғарыға өлсем де
Жалған ақпар бермес ем.
Қызметке қабылдап
“Шалаларды”
алмас ем.
Тіл білмейтін
мәңгүрттің
Аузына сөз салмас ем.
Инвесторлар тартар ем,
“Жер иесіз” – дегізбей.
Үлескерді қорғар ем,
Көк тиынын жегізбей.
Әкім болу бірақ та
Оңай емес, ойла сен.
Күзеткізіп кеңсемді
Полицейге қоймас ем.
Жұмыс бастан асады,
“Уақыт тығыз” –
демес ем.
Қазынаға қол сұғып,
Қоғам мүлкін жемес ем.
Ақыл қосып халықпен
Пікірлесем, үндесем.
Текке шашып
қаржыны
Қымбат “Джип”
мінбес ем.
Ақиқаттың жолында
Әділ би боп тұрар ем.
Қоғамға жат істерді,
Тамырымен қырар ем.
Автордан:
Оқушыны салмай-ақ
Емтиханға тестімен.
Шығармаға қояр ем,
Ойланбастан “бесті” мен.
ҚАР СЫРУҒА ТРАКТОР
ТАБЫЛМАЙДЫ
Қожалық төрағасы Сағынбайды,
Білеміз сөзі тайғақ сағымдай-ды.
Күзгі орақты аяқтап болғасын-ақ,
“Техника жөнделді” – деп дабылдайды.
Бүгінде сақадай сай сапта тұр деп,
Техинспектор актілеп қабылдайды.
Қытымыр қыстың қарлы боранында,
Қысылып кімнің тауы шағылмайды?
Қиындық көріп жүрген жолаушылар,
Әр жерге хабар айтып шағымдайды.
Осындайда қар сырып, жол ашуға,
Сол саптан бір трактор табылмайды.
ТҮРЛІ-ТҮРЛІ
ТӘРБИЕ
“Азамат болып көшелі
Ұрпағымыз өседі” –
Армандайды ата-ана,
Сенеді елдің көсемі.
“Келешек білім бағдары,
Латынға дейді көшеді”
Теледидар бірақ та,
Өз бетімен бөседі.
Қулық-сұмдыққа бейімдеп,
Насихаттап, Алдар Көсені.
… Келешек ұрпақ ақылды-ақ,
Мойындаймыз мақұлдап.
Қандай кітап оқып жүр?
Байқайықшы жақындап.
(Оқу құралы жетпейді, –
Дейді ұстаздар тақылдап)
* * *
Орыстың “Царевна Лягушкасы”
Қазақша жүр бақылдап.
Шал ақын ауданы,
Ысқақ Ыбыраев ауылы.