Ақмола облыстық прокуратурасы алаяқтық жолмен аса ірі мөлшерде мемлекеттік кредит қаражатын жымқыру фактісі бойынша “Богви” ЖШС құрылтайшысы және директоры, сондай-ақ “Агрохолдинг Жаңа-Бас” және “Еңбек-Нан” ЖШС-лерінің құрылтайшысы Виктор Богданецке қатысты қылмыстық іс қозғады.
Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде одан әрі тергеу мақсатында қылмыстық іс Ақмола облысы бойынша Қаржы полициясы департаментіне жолданды.
24 сәуір күні Ақмола облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Виктор Богданецті құрықтады. Оған жоғарыда аталған кәсіпорындарға мемлекеттік кредиттік қарызды ресімдеудің қылмыстық сұлбасын жасап, жүзеге асырғаны, сол бойынша мақсатты кредиттік қаражат алып, оны жалған жолмен пайдаланып, иеленіп кеткені үшін айып тағылуда. 2007-2010 жылдар аралығында Қазақстан Даму банкі Виктор Богданецтің бақылауындағы заңды тұлғаларға 8 шарт бойынша жалпы сомасы 188 млн. АҚШ долларынан астам кредиттік қарыз берген.
Кредиттеу шарттарына сәйкес, бұл қаражат ет комбинатының құрылысына, элеваторларды күрделі жөндеуге, мұнай және өнеркәсіп базаларын, қырманды иеленуге, тұқым, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық құрал-жабдықтар, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға, айналым капиталын толықтыруға және астық экспорттауға жұмсалу керектін. Алайда, қарызға алынған қаржы мақсатсыз жұмсалған. Ірі мөлшердегі сома Виктор Богданецтің ауызша бұйрығымен “Богви” ЖШС-нің есепшотына аударылып, бұдан соң В.Богданец оны өз қалауы бойынша пайдаланған. 12,3 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаржының бір бөлігі Виктор Богданец пен оның отбасы мүшелерінің дербес шоттарына, депозиттері мен карточкалық шоттарына аударылған. Қалған бір бөлігі өзге коммерциялық банктердегі берешектерді жабуға, сондай-ақ үшінші жақ алдындағы міндеттерді орындауға, өзге есеп айырысу операцияларына пайдаланылған. Соның салдарынан Қазақстан Даму банкі алдында өсімақымен бірге 338,1 млн. АҚШ доллары көлемінде берешек жиналып қалған. Бұл ретте аталмыш серіктестіктің кепілге қойған мүлкінің құны 43,5 млн. доллардан аспайды. Сонымен бірге Виктор Богданец банкке 472 мың тонна астыққа жалған қолхат ұсынған, ал шындығында мұндай астық болмаған.
Бұған қоса “Богви” ЖШС-нің жалған кәсіпорындармен есеп айырысқаны белгілі болып отыр. Бүгінгі күні Виктор Богданец қамауға алынды. ЖШС директоры тұтқындалса да, бұл қылмыстық істі тергеу оған тиесілі серіктестіктің қызметіне кедергі болып отырған жоқ. Серіктестік бұрынғыдай жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынның мүлкінен айыруға шектеу қойылды, оларды өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат етілген.
Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша дайындалды.