«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЖЫЛАРДЫҢ ЖАҢА ЖЕТЕКШІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Қазақстан қажылары қауымдастығының облыстық бөлімшесінің 2012 жылдың қорытындысына арналған жиналысы болып өтті.
Бөлімше төрайымы Сәлима Балтабаева өңірде ислам дінін дамытуға, жас ұрпаққа саламатты тұрмыс салтын насихаттауға бар күш-жігерін жұмсағанын жеткізді. Нарықтық жағдайда ешкімнен қаржылай көмек болмаса да, осы қоғамдық ұйым бірнеше қайырымдылық шараларын өткізген. Солардың ішінде көпбалалы отбасыларға көрсетілген құрмет, жетім балалар, қарттар интернат-үйлерінде, тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған балалар мектеп-интернатында өткізілген қайырымдылық шаралары, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ұйымдастырылған рухани кеш, түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқандармен кездесу, Рамазан айындағы ауызашарлар, Мәуліт салтанатына орай жайылған дастарқан, мүгедек, жетім балаларға мектеп, спорт киімдерін алып беру және басқа да іс-шаралар бар.
Есеп беру жиналысында сөз алған қажылар бөлімше төрайымының атқарған ісіне жоғары баға берді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ұстаз болып істеген, мектеп директоры қызметін атқарған, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланған Сәлима Балтабаева өмірлік тәжірибесін дін жолындағы қызметіне шебер пайдалана білгендігі атап көрсетілді.
Сәлима қажы денсаулығына байланысты өз өтініші бойынша осы қызметінен босатылып, Қазақстан қажылары облыстық бөлімшесінің төрағасы болып Талғат Әділғазин бірауыздан сайланды. ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Кенжетай Дүйсенбай ҚМДБ-ның өкілдігі және қажылар атынан Сәлима Балтабаеваға 2011 және 2013 жылдар аралығында атқарған қызметі және өткізген қайырымдылық шаралары үшін Алғыс хат табыс етті. Жиналысқа қатысушылар арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты. Басқосу аруақтарға Құран бағыштаумен аяқталды.

“Қызылжар” мешітінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp