Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
22 сәуірден бастап ел бойынша “Болашақ” білім бағдарламасын насихаттау аясында акция өтуде. Осыған орай облысымызға Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілі Данияр Жолдыбаев келіп, балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жас мамандармен кездесіп, брифинг өткізді.
Данияр Жолдыбаев жиналғандарға аталмыш бағдарламаның жаңалықтары жайында баяндады. Брифингке “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша елді мекендерде жұмысқа тұрған жастар, жас педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар “Болашақ” бағдарламасы бойынша көптеген жеңілдіктің қарастырылып отырғандығын білді. Мәселен, егер сіз ағылшын тілін қажетті деңгейде білмесеңіз, онда бағдарлама аясында шетелге барып, арнайы тіл курстарынан өте аласыз. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметшілерге қолайлы. Бағдарлама негізінде шетелге оқуға аттану үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл жұмыс істеу керек. Педагогтердің оқу орындарындағы еңбек өтілі бір жыл болса, сол да жеткілікті. Жұмыс беруші мекеме өз мұғалімін бағдарлама негізінде шетелге оқуға жібере алады. Тек бір талабы, осылай болған жағдайда үшжақты (оқуға аттанушы – жұмыс беруші – Халықаралық бағдарламалар орталығы) шарт жасалып, студент білім алып, елге оралған соң оқуға жіберген мекемеде кемінде бес жыл жұмыс істеуі керек.