Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше “Отар” әскери базасында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев брифинг өткізді. Брифингке қатысқан ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесі құрметіне өтетін Жауынгерлік парадқа дайындық туралы баяндады.
Бұл шараға соңғы дайындық барысында отандық әскердің барлық бөлімшелері өз әскери дайындығын көрсеткен. Жауынгерлік парадтың дәстүрлі әскери парадтан басты айырмашылығы – мұнда қазақстандық жауынгерлер өздерінің кәсіби шеберлігін, әскердегі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың нақты қолданылуын жан-жақты көрсетеді. Сол себепті де алғаш рет дала жағдайында өтетін Жауынгерлік парадта заманауи қару-жарақтар мен техникалар тактикалық және тәжірибелік тұрғыда қолданылатын болады.
ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы осы күнге дейін екі жылда бір рет “KADEX” қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өткізіліп келгендігін тілге тиек етіп, бұл шаралардың барлығы қазақстандықтарды әскери күш-қуатымызбен таныстыру екендігін жеткізді. Брифинг барысында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.