Петропавл қаласының құрылыс бөлімі “Фирма РиЖ-Құрылыс” ЖШС-нен тұрақсыздық төлемі мен авансты өндіріп алу, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және 2008 жылғы 18 шілдедегі №53 шартты бұзу жөнінде сотқа талапарыз берген болатын.
СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 15 қарашадағы шешімімен мемлекеттік мекеменің аталмыш серіктестікке қатысты бұл талапарызы қанағаттандырылған жоқ. Іле ЖШС Петропавл қаласы құрылыс бөлімінің әрекетін заңсыз деп тану, №53 мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісім жасауға міндеттеу (2013 жылғы 1 шілдеге дейін) жөнінде қарсы шағым түсіріп, сот оны қанағаттандырды. Облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды, прокурордың апелляциялық наразылығы да қанағаттандырылған жоқ.
Негізінде бұл сот актілері заңнама талаптарына сәйкес келмейді, осыған орай облыс прокуроры үстіміздегі жылдың 12 наурызында оларды жою және іс бойынша жаңа шешім шығару жөнінде кассациялық наразылық енгізді. Өйткені, тараптар ҚР “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заң талаптарын бұза отырып, жұмысты аяқтау мерзімін ұзарту туралы қосымша келісім бекіткен. Яғни, оған сәйкес құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2011 жылдың 1 тамызы деп белгіленген. Бұған қоса бұл аталған мерзімде де, тіпті, соттың істі қарастыруы кезінде (2012 жыл) де тұрғын үй пайдалануға берілмеген, құрылыс жұмыстары аяқталмаған, яғни бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама толығымен орындалған жоқ.
Заңның 39-бабындағы ереже бойынша кейбір себептер тізімі негізінде мемлекеттік сатып алу туралы шартқа өзгеріс енгізілуі мүмкін. Алайда, осы себептердің бірде-бірі іс бойынша анықталмаған. Сонымен бірге “Фирма РиЖ-Құрылыс” ЖШС аталмыш баптың 3-тармағын бұза отырып, жалгерлік-коммуналдық тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарына өзгеріс енгізген. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарт бойынша міндеттемелердің тоқтатылғандығын тану туралы соттың 2008 жылғы 18 шілдедегі шешімі Азаматтық кодекстің 665-бабының 1,2-тармақшаларының талаптарына қарама-қайшы болып отыр. Өйткені, шарт бойынша кепілдік мерзім аяқталмаған, осы уақытта белгілі бір оқиғалар орын алуы, соның нәтижесінде басқа міндеттемелер туындап, тараптар өзге даулар бойынша сотқа жүгінуі мүмкін болатын.
Кассациялық наразылық енгізілген сәттен бүгінгі күнге дейін ұзақ уақыт өтсе де, әлі күнге дейін кассациялық сатыдағы сот бұл іс бойынша сот актілерін қайта қарамай келеді. Ал түрлі заң бұзушылықтың негізінде тұрғызылған тұрғын үй азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұр, егер ол құласа, адам өліміне әкеліп соғуы мүмкін.
Облыстық прокуратураның төртінші басқармасы.