«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОСТЫҚ ШҰҒЫЛАСЫМЕН НҰРЛАНҒАН ҚЫЗЫЛЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көгілдір көктем лебімен нұрланған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміз үшін зор маңызға ие. Осы күнге арналған мерекелік шаралардың негізгісі қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды. Ол жүздеген қала тұрғындары қатысқан салтанатты шерумен басталып, соңы халықтық мерекелеуге ұласты.

Қанат АТАМАНОВ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты шеруге өздерінің ұлттық киімдерін киген этномәдени орталықтардың өкілдері, қаланың бірқатар кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлері – барлығы 600-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ жастар қауымы көптеп жиналды.  

Мағжан Жұмабаев көшесінен бастау алып, Кәрім Сүтішев көшесі арқылы орталық алаңға бет алған мерекелік шеруде “Бірлік!”, “Татулық!”, “Ынтымақтастық!” деп ұрандатқан тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жастар бейбітшіліктің нышаны ретінде аспанымыз әрқашан ашық болсын деген ниетпен әуе шарларын ұшырды.

Шаттыққа толы мерекені ұлықтауға жиылған қауымды құттықтаған облыс әкімі Самат Ескендіров еліміздегі оң өзгерістер мен қол жеткен барлық табыстардың қазыналы өңірді мекендеп отырған этностардың өзара бірлігінен, татулығынан тамыр тартатынын атап өтті. “Еліміздегі бейбітшілік пен келісім бұл – Қазақстанның саналы да парасатты таңдауы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының негізгі ұстанымы. Қазақстандық ұлтаралық бірлік пен толеранттылық тәжірибесі әлемдегі көптеген мемлекеттер үшін үлгі болып отыр. Елордамыз Астана конфессиялардың жаһандық орталығына айналды. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның мұсылман әлемімен диалогты нығайту, Шығыс пен Батысты жақындастыру және Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету қадамдарына жоғары баға берді. Біздегі татулық пен ынтымақтастықтың беріктігі талайға үлгі боларлық. Халқымыз қашан да бір мақсат жолында жұмылып еңбек етуге әзір. Оны бүгінгі мерекелік шарадан да байқауға болады. Ендеше ынтымағымыз нығая берсін!”, – деді облыс басшысы.

Самат Ескендіров достықты ту етіп, татулықты жарастыруға сүбелі үлесін қосып жүрген еврей ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Рашбиль Евдаев пен облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наталья Пульниковаға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалін табыстады. Облыс әкімі көпшілікпен бірге орталық алаңда орналасқан сахнадағы мерекелік концертті тамашалады.

Жерлестерімен мерекелік көңіл күйін бөлісу үшін сахнаға көтерілген “Кентрон” ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Гоар Мартиросян Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінің мән-маңызын атап өтіп, петропавлдықтарға өзінің игі тілегін үш тілде жеткізді.

Бұдан кейін орталық алаң төріне тігілген бас сахнада “Қазақстан – достықтың берік тұғыры” атты этномәдени бірлестіктердің мерекелік бағдарламасы ұсынылды. Облысымызды мекендеген жүздеген этностардың мәдениеті бір сахна төрінде тоғысты. Сонымен бірге концерттік бағдарлама барысында “ARTДуманKZ”, “Нәзік сезім”, “Микс-Арт” топтары, “Сазген сазы” фольклорлық-этнографиялық және “Қарлығаш” би ансамбльдері, “Экспромт” халық би ансамблі, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Мерекелік шарада Уәлиханов ауданының “Күншуақ” ансамблі мен “Шапсуг” биін орындаған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Станица” халық би ансамблінің бишілері жұртшылықтың көңілінен шыға білді.

 

– Қазақстан – шын мәнінде халық бірлігінің, этносаралық татулықтың өнегесі. Мұндай береке-бірліктің айқын көріністері біздің облыста да жетерлік. Елімізді мекендеген этностарды алаламай, бәріне бірдей жағдай туғызып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс! Сондай-ақ облыс басшылығына да ризашылығымды білдіргім келеді. Түрлі ұлт өкілдеріне деген көмек, қолдаудың арқасында татулықта, өзара сыйластықта тұрып жатқан этностардың Қазақстанды Отаным деп санайтыны да сондықтан, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева.

Ал түсте “Халықтың қуаты – бірлікте” атты облыстық жастардың халық шығармашылығы фестивалі жалауын желбіретті. “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалы мен облыстық жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен өткен шарада “Жалын” квартеті, “Ұрпақ” қазақ этномәдени орталығының “Арай” жастар қанаты, “Үміт” вокалдық тобы, жеке әншілер Мейрамбек Мұхамеджанов, Васил Сисанбаев, Екатерина Черевко, Амалия Майер, “Эра” би тобы, “Радуга” тобы, “Жұлдыз” ансамблі өнер көрсетті.

Орталық алаңға жиналған жұртшылық өздерінің көңілдеріне ұнайтын шараларды тамашалауға мүмкіндік алды. Мұнда концерттік бағдарламадан басқа түрлі спорттық сайыстар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Атап айтқанда, орыстар мен украиндықтардың ұлттық үйлері петропавлдықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылды. Ал қазақтың қонақжай киіз үйінде түрлі ұлттардың тұрмыстық салтын көруге мүмкіндік болды. Бұл этноауыл – еліміздегі әрбір ұлт өкілдерінің дәстүрі мен өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, бір шаңырақ астында бірлігі жарасқандығының айғағы.

Береке мен бірлік мерекесі түрлі ұлт өкілдерінің ортақ шаңырағына айналған Достық үйінің алдында да аталып өтті. Алуан түстермен көмкерілген салтанатта сан түрлі халықтардың ұлттық киімдері мерекеге одан сайын әр бере түскендей болды. Бұл жерде этномәдени бірлестіктердің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындылары жұртшылықтың назарына ұсынылды. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің салт-дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жалпақ жұртқа әр ұлттың мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін қолөнер бұйымдары таныстырылды.

Петропавл қаласының орталық алаңы мерекеге қатысушы көпшілікті молынан қамтыған түрлі спорттық, дене шынықтыру шаралары ұйымдастырылды. Көпшіліктің қатысуымен арқан тартысу өтті. Бұдан соң орталық алаңның арнайы орындарында гір көтеруден, қол күрестен сайыстарға қала тұрғындары мен мектеп оқушылары белсене қатысты. Тартысты өткен спорт сайыстарының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан марапаттарға ие болды.

Мереке күні облыс орталығының әр бөлігінде шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, орталық Мәдениет және демалыс саябағының маңы ән мен күйге бөленді. Владимир Шаталовтың мүсінінің жанында қаламыздың кішкентай тұрғындары үшін де арнайы суреттер байқауы өтті. Сондай-ақ бұл жерде фотосалон, әртүрлі балалар ойындары ұйымдастырылды.

Ал күн ұясына батар шақта жастар қауымына арналған мерекелік би кеші өтті. Шарада арнайы шақырылған қонақтар, Қазақстанның эстрада жұлдыздары – “Жігіттер” квартеті өнер көрсетті. Қала жастары жерлес әнші ұл-қыздардың өнерлеріне де ерекше ықылас білдірді.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp