11 жастағы қызды соғып, апат орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі қолға түсті.
Жол-көлік апаты облыс орталығының Әуезов-Чайковский көшелерінің қиылысында сағат 17 шамасында орын алған. “Tayota Land Cruiser” автокөлігінің жүргізушісі Әуезов көшесінің бойымен келе жатып, бағдаршамға жетер-жетпесте белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған қызды соғып кеткен. Сол күні кешке жол полициясына облыстық балалар ауруханасынан 11 жастағы қыз баланың медициналық жәрдем сұрап келгені жөнінде ақпарат түскен. Жол сақшылары сырқат қыздан жауап алып, оны ақ түсті джип соққанын білген.
СҚО ІІД ЖПБ іздестіру бөлімінің мамандары оқиға орын алған жерге жақын дүкен сатушыларынан, аталмыш ауданда тұратын такси жүргізушілерінен, үй тұрғындарынан жауап алып, бұл апатқа куә болған адамды анықтады. Тексеріс шаралары жүргізіліп, бір тәулік ішінде осы оқиғаға кінәлі Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды.
36 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін ер адамның айтуынша, жәбірленуші кенеттен жол жиегінде тұрған көліктің сыртынан шыға келген. Жүргізуші тез арада тежегішке басқанымен, соқтығудан құтыла алмаған. Көлікке соқтығысқан қыз бала орнынан тұрып, қатты шошынғанынан үй ауласына қарай жүгіріп кеткен. Ер адам оны қуып жетіп, ауруханаға жеткізіп салайын деген. Бірақ қыз бала бұдан бас тартып, халім жақсы деп жауап қатқан. Жәбірленушінің иық сүйегінің сынғаны кейін анықталды. Ал джип жүргізушісі болса жол-көлік апаты болған жерге полицейлерді шақыртпай, тіпті, қыздың ата-анасының телефон нөмірін алмай кетіп қалған. Бұл оқиға бойынша тоғыз жыл жүргізуші өтілі бар ер адам “Мұндай оқиғаға алғаш рет тап болған соң қатты қорқып кеттім”, – деп жауап қатыпты.
Қазір қыз бала облыстық балалар ауруханасында емделіп жүр. Жүргізуші ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне босатылды. Тергеу шаралары жүргізілуде. Полицейлер осы сынды жол-көлік апаты орын алған сәтте дәрігерлерге ғана емес, сонымен бірге жол полициясына да хабарласу керектігін ескертеді (тел.: 61-25-01, 49-32-47 кезекші бөлім).
Жыл басынан бері үш ай ішінде балалардың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы орын алып, бірінің өлімімен аяқталды. 6 бала жарақаттанды. Осы мерзімде облыста жаяу жүргіншіні соғып кетумен байланысты жалпы 23 апат тіркелген. Онда 2 адам мерт болып, 21 жарақат алды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.