«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИ ОРКЕСТРІМІЗ ЕРЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Астана қаласында әскери оркестрлер арасында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскер Бас қолбасшысының жүлдесі үшін екінші “Әскери керней” байқауының ақтық сайысы өтті. Астананың 15 жылдығына арналған байқауға орталық оркестрге қоса Ішкі әскердің тоғыз өнер ұжымы мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі қатысты. 

Руслан ЖАНГУЛИН,

Ішкі әскер Әскери институтының баспасөз хатшысы.

Байқау талабына сай әскери оркестрлер №6636 әскери бөлімінің саптық алаңы мен “Жастар” Мәдениет үйінде саптық концерт, дефиле және концерттік бағдарламаны ұсынды.

Әскери музыканттардың өнерін бағалап, сәйкесінше шешім шығару жұмысын Ішкі әскер Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов бастаған қазылар алқасы сараптады.

 

Біздің Әскери институт оркестрінің шығармашылық ұжымы өз өнерімен жұртшылықты бірден баурап алды. Прапорщик Евгений Гончаровтың жетекшілігімен оркестр түрлі жанрдағы әуендерді емін-еркін жеткізсе, екінші курс тыңдаушысы, сержант Серік Зәкиев бастаған құрметті қарауыл ротасы карабиндермен саптық қимылдарды мінсіз орындап, қошеметке бөленді. Әскери оркестр музыканты, кіші сержант Павел Вяткиннің жетекшілігімен дайындалған бірінші курс курсанттарының барабаншылар взводы жиналған қауымға сазды құрылғыны жоғары дәрежеде меңгергенін паш етіп, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады. Айта кету керек, барабаншылар ансамблі Әскери институт басшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаровтың бастамасымен құрылған болатын.

Институт өнерпаздарының өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, олар Астананың орталық алаңында Ішкі әскер қолбасшылығы, әскери атташелер, ардагерлер және елорда тұрғындарының қатысуымен өткен Гала концертті салтанатты түрде ашу мәртебесіне ие болды.

Сөйтіп, тартысқа толы байқауда Әскери институттың оркестр ұжымы лайықты өнер көрсетіп, екінші орынды еншіледі. Ішкі әскердің орталық оркестрі бірінші орынды жеңіп алса, “Әскери керней” байқауының бас жүлдесі Алматының №5571 әскери бөліміне жол тартты.

Байқауға әзірлік барысындағы бастамасы үшін Әскери институт оркестрінің концертмейстері, прапорщик Евгений Сафронов пен старшина Сабыр Букиров Ішкі әскер Бас қолбасшысының грамотасымен марапатталды.

Ал көпшіліктің көңілінен ерекше орын алған барабаншылар взводы Бас қолбасшының арнайы сыйы – “Көрермендер көзайымы” сыйлығына ие болды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp