«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЫЛТЫР – “ҚазТрансОйл”, БИЫЛ – “КЕGОС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Достық үйінде облыс активімен кеңес өткізіліп, онда “Халықтық ІРО” бағдарламасы туралы сөз болды. Жиынға халықтық бағдарламаның оңтайлы насихатталуы мен түсіндірілуін көздеп, арнайы біздің өңірге сапарлап келген ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің бас сарапшысы Бауыржан Жүкенов пен “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ ақпараттық-сараптамалық департаментінің аға сарапшысы Ерлан Қылбаев қатысты. 

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өз сөзінде бұл халықтық бағдарламаның қазақстандықтар үшін қаржы жинаудың бірден-бір жолы екендігін тілге тиек ете отырып, сөз кезегін қонақтарға берді.

Бауыржан Жүкенов аталмыш бағдарлама бойынша отандық алпауыт компаниялардағы шоғырланған активтерге қарапайым тұрғындар иелік ете бастады дей келе, ел экономикасында үлкен әлеуетке ие болып отырған, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-ның құрамына енетін “KEGOC”, “ҚазТрансГаз”, “Самұрық-Энерго” сияқты компаниялар бағдарламаны әрі жалғастырады, деді. Сондай-ақ ол кәсіпорындардың соңғы жылдардағы қаржылық табыс көрсеткіштері жоғарылау үстінде екендігін айтып, бағдарламаға қатысқандар бірер жылда мол табысқа жетпеуі мүмкін емес, деген ойын білдірді. Жалпы бүгінгі таңда қазақстандықтардың 50 пайызы бағдарлама туралы жақсы ақпараттанған. Ал бағдарламаны бастап берген “ҚазТрансОйл” АҚ-ның бағалы қағаздарының сатылу мөлшері күтілген нәтижеден жоғары болғандығы, енді биылғы жылдың мамыр айының ішінде бұл компанияның жылдық табысының 40 пайызы салымшыларға дивиденд ретінде таратылып берілетіндігі сөз болды.

“Халықтық ІРО” бағдарламасының мақсаты, шарты және ұйымдастырылуы туралы сөз қозғаған Ерлан Қылбаевқа бағдарламаның алдыңғы кезеңіне қатысқан компания акционерлерінің алатын дивидендтері қандай мөлшерде болуы мүмкін деген сауал қойылды.

– Әзірге оның қандай мөлшерде болатынын мен дәл айта алмаймын. Оны компания мамандары есептеп шығарады. Ал бірақ кәсіпорынның 2011 жылы тапқан пайдасын, оның бүгінгі таңдағы акционерлерінің санына шағатын болсақ, бұл көрсеткіш еліміздегі екінші деңгейдегі қаржы институттарының депозиттерге төлейтін сыйақы мөлшерлемесінен екі есе артық. Сондай-ақ бұл жерде акцияның өсуінен де пайда түсіп отыр. “ҚазТрансОйл” АҚ-ның бағдарлама кезінде бағалы қағаздарын 725 теңгеден сатса, бүгінде оның бір акциясының құны 830 теңге болды, – деді ол.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp