Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Армиямыздың беделін арттыра түсейік”, – деген сөзі қай уақытта да өзектілігін жоғалтпақ емес.
Владимир ТИТОВИЧ,
СҚО Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің мүшесі.
Бүгінде егемен еліміздің қорғанысын арттыруда елеулі жұмыс атқарылуда. Соның бірегейі – запастағы офицерлерді келісімшарт бойынша әскер қатарына тарту. Бұл орайда Қорғаныс министрлігінің аппараты үгіт-насихат жұмысын қолға алды. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін жасақтаудың жаңа жүйесін қолданысқа енгізуде. АҚШ, Ұлыбритания, Франция сынды алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерден бастау алған бұл жүйе отандық армияны оған сай етіп жасақтауға түрткі болды.
Бұл жүйе қазақстандық армияны жасақтауда запастағы офицерлер арасынан кәсіби дәрежесі жоғары, денсаулығы мықты, өз Отанының нағыз патриоттарын іріктеуге әрі әскери атақты мақтанышпен алып жүруге лайық офицерлер құрамымен толықтыруға мүмкіндік береді. Батыс елдерінің тәжірибелерін саралай отырып, Кеңес өкіметінен қалған ескі жүйені таратып, жаңа заманға сай жаңа бастаманы лайық деп таныдық. Жаңа жүйенің ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден, құжаттарды қарау және рәсімдеу мерзімі қысқарады, екіншіден, әскерге шақыру үрдісі орталықтандырылады, үшіншіден, құжаттармен жұмыс істеуде заманауи технологиялар қолданылады, төртіншіден, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, басқа да басымдықтар қарастырылатын болады.
Келісімшарт бойынша қызметке шақырылатын үміткерлерді іріктеу жалпы әскери әзірлік бағдарламасы бойынша әскери бөлімдегі бір айлық курстан өтуден басталады.
Қазіргі заман армиясын құру – техника мен қару-жарақты жаңғырту ғана емес, ең алдымен келешекте келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін жаңа кадрларды тәрбиелеу. Кәсіби армия құрудың іргетасы ретінде біліктілігі жоғары әскери кадрларды даярлау ҚР Қарулы Күштерін жаңарту жолындағы оң қадам болуы тиіс. Бұл тапсырманы біздің алдымызға Жоғарғы Бас қолбасшының өзі қойып отыр.
Қазір көптеген мемлекеттер Қарулы Күштерінің жүйесін аралас сипатта жасақтауға біртіндеп көшіп жатыр. Олардың қатарында Италия, Франция, ГФР, Оңтүстік Корея және басқа да елдер бар.
Әлемдік тәжірибе мен Әскери доктрина негізінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары аралас жасақтау қағидатымен кешенді дамуға кезең-кезеңмен көшуді қарастыруда.
Қазірдің өзінде біздің әскерімізді кәсіби деп айтуға болады. Себебі, Қарулы Күштердің 70 пайызын офицерлер мен келісімшарт бойынша қызметкерлерден тұратын кәсібилер құраса, Әскери-теңіз күштері 100 пайыз офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тұрады.
Басқа да әскер түрлері мен тектері туралы осыны айтуға болады.
Мемлекет келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданатын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жалдап тұрған жағдайда жәрдемақы тағайындауға кепілдік береді. Әскери қызметші мен оның отбасы үшін медициналық қызмет көрсету мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерушілер үшін 2 айлық жалақы мөлшеріндегі сауықтыру төлемақысымен қоса 40 күнге дейінгі жыл сайынғы кезекті демалыс беріледі. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа да қосымша демалыс ұсынылады. Қажет болған жағдайда сырқаты бойынша және отбасы жағдайына байланысты демалыс алуға да құқылы.
Бұл жүйе бойынша әскер қатарына кіруге ниет білдірушілер тұрғылықты жерінің қорғаныс істері жөніндегі бөлімдеріне (әскери комиссариаттар) қажетті құжаттарын өткізеді. Сонымен қатар Кадрлар департаментінің сайтына тіркелу арқылы өз құжаттарының бақылауға алынғанын біле алады.
Қазақстандық озық ойлы, жоғары білімді әрі тәжірибелі зияткерлік армияны жасақтау – біздің басты міндетіміз. Заманауи әскери техникамен жабдықталған, сонымен қатар ақыл-ойы мен ерік-жігері мықты әскер ғана халқын қорғай алатыны анық.