Жұмабек АХМЕТОВ,
ҚР ІІМ Ішкі әскер Әскери
институтының бастығы.
Ата-бабаларымыз аманат еткен қазақ елі жыл өткен сайын көркейіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтып, халықаралық кеңістікте өз беделін арттырып келеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мұндай жетістіктерге жетудің басты кепілі Қазақстанда ұлт пен ұлыстар, конфессиялар арасындағы татулық пен бірліктің сақталуында екендігін үнемі айтып отырады. Бұл жайында Елбасы жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында да қадап айтқан еді. Көршілес мемлекеттерге қарағанда, еліміздегі ішкі жағдай да тұрақты. Ішкі тыныштығымызды бұзып, қоғамға қауіп төндіретін қатер жоқ. Еліміздің қорғаныс қабілеті жылдан-жылға нығайтылып, Қарулы Күштердің жарақтандырылуы, қамтамасыз етілу сапасы жақсару үстінде. Мұның барлығы, әрине, Тұңғыш Президент, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында десек, артық айтқандық емес. Бүгінде Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатына әлем мемлекеттері назар аударып, қазақ елі таңдаған бағыт дұрыс екеніне көз жеткізіп отыр.
Қазақстанның ішкі тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ішкі әскердің алатын орны айрықша. Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін 1992 жылдың 10 қаңтарында алғаш болып құрылған күш құрылымы ішкі әскер болатын. Бүгінде бұл әскердің жауынгерлері еліміздің барлық өңірінде күнделікті тынымсыз қызмет атқаруда. Қазақстанның облыс орталықтары мен қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұдан басқа Ішкі әскерге маңызды мемлекеттiк объектiлердi және тасымалдау кезiнде арнайы жүктердi күзету, заңсыз қарулы құрамаларға қарсы күресу, сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуіне арналған түзеу мекемелерін күзету сияқты міндет жүктеледі.
Осының барлығын Ішкі әскер жауынгерлері жиырма бір жыл бойы абыроймен және адал орындап, Елбасы мен халықтың сенімін ақтап келеді. Оның айқын мысалы ретінде Ішкі әскер жауынгері, қатардағы Ербол Отарбаевтың 2010 жылы сақшылық қызметте тұрып, Ақтау қаласындағы колониядан қашқан 21 тұтқынның жолына тосқауыл қоюын айтуға болады. Ербол қашқындарға оқ атып, бірнешеуін сол жерде құлатқан. Өзі де оқ жарақатын алса да, міндетін соңына дейін орындаған Ішкі әскер жауынгерінің антына беріктігін осыдан көреміз. Бұл ерлігі үшін Ербол Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік награда – ІІІ дәрежелі “Айбын” орденін алды. Бүгінгі күні ол біздің Әскери институтта екінші курсты тамамдағалы жатыр.
Ерболдың бұл ерлігін Ішкі әскер жауынгерлері мақтан тұтады. Қазір курсанттар батыр жауынгермен бірге оқып, бір білім ордасында офицер мамандығының қыр-сырын меңгеріп жатқанына өте қуанышты.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Тәуелсіздік жылдары жас қазақ мемлекетінің алған асуы мен бағындырған шыңы аз емес. Бүгінгі күнді кешегімен салыстыруға болмас. Мәселен, Елбасы 1997 жылы Жауынгерлік Туды өзі тапсырған біздің әскери оқу орнының жағдайы қазіргі таңда әлдеқайда жақсарып, ел қорғайтын болашақ офицерлерді даярлау ісінде алға басып, дамып келеді. Бұл нәтиже 1997 жылы қабылданған “Қазақстан – 2030” Стратегиясының бірінші басымдығы – ұлттық қауіпсіздікті орындаудағы көрсеткіштердің бір жетістігі болса, бүгінгі күні біздің әскери оқу орнымыз “Қазақстан – 2050” Стратегиясында белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға кірісіп кетті.
“Ер жігітке жарасар қолына алған найзасы” демекші, ежелден қолына қару алған жасөспірімді бабаларымыз ерге балаған. Дәл осы кезден оған Отан қорғаушысының міндеті жүктелген екен. Ат үстінде атой салып, жауға қарсы шапқан қазақ батырлары ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кіндік қаны тамғанша туған жерін қорғап өткен. Сол кездегі олардың қолданған қарулары найза, садақ, семсер, қол шоқпар болатын. Бүгін заман басқа. Қазір қазақ елінің Қарулы Күштерінде заманауи әскери техника мен қару-жарақтың озық үлгілері бар. Биылғы Отан қорғаушы күні мейрамында өтетін жауынгерлік парадта мұның күш-қуатын біз дүйім жұрт болып тамашалайтын боламыз.