«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫСТЫҢ ЖАУЫНГЕРІ қашанда алғы шепте

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осы күнге дейін ресми түрде соғыс қимылы ретінде танылмаған, мойындалмаған Ауғанстанға енген шектеулі кеңес әскерінің құрамында 1500 солтүстікқазақстандық жауынгер болды. Олардың 36-сы сол таулы өлкеде қаза тапты. Бүгінде облысымызда ауған жерінде әскери борышын өтеген 836 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және ауған соғысының ардагері, отставкадағы подполковник Қосман Бегалинов.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Оның қазіргі Аққайың, бұрынғы Совет ауданындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөлімшесінде қызмет істеп жүрген кезі еді. Қосекеңді 1980 жылы шілде айында ойламаған жерден Ауғанстанға арнайы қызметтің кеңесшісі етіп тағайындайды. Ол уақытта әскери тәртіп өте қатал, ал қауіпсіздік қызметінде одан бетер күшті талап қойылады. Мәскеуден Кабулға арнайы ұшақпен жеткізілген өзі сияқты кеңесшілерді Ауғанстанның сол кезде қауіпсіздік қызметін басқарған Наджибулла өз резиденциясында қарсы алып, ел провинциясындағы жағдаймен таныстырады.

– Екі күннен кейін ел басшысы Бабрак Кармальдің өзімен де кездестік. Шетелдік іссапармен келген партиялық, әскери және арнайы қызмет сарапшыларының басын қосқан жиын өткізіп, біздерге қандай міндеттер жүктелетінін түсіндірді. Сосын Наджибулла әрқайсымызға кеңесшілік куәлігін тапсырып, қайда баратынымызды айтты. Менің баратын жерім Пәкістанмен шекаралас шығыстағы Нангархар провинциясы болып шықты. Орталығы – Джалалабад қаласы, одан Пәкістанның Пешавар қаласы онша қашық емес. Маған жүктелген міндет – Кабул мен Джалалабадтың арасындағы жол учаскесінің қауіпсіздігін қадағалау, осы трасса арқылы жеткізілетін стратегиялық жүктердің көздеген жеріне аман-сау баруын қамтамасыз ету болды, – дейді Қосман Әбуұлы.

 

Бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, бандалық құрылымдар әрбір шақырым тау жолын бақылауға алып, тасымалдың барлық түріне тосқауыл қоюға тырысқан сол кезде ұрымталдан шабуылға ұшырамаған керуендер сирек. Ал Қосман болса, осы керуен жолын күні бұрын барлап, қай жерде қандай қауіп барын біліп отыруы керек. Түрлі тәсілмен ақпарат жинап, бандалық құрылымдардың тосқауыл жасар жерін анықтайды. Оларды кімдердің басқарып, қалай жарақтанғанын да білулері керек. Соның бәрі толық тексеріліп, нақтыланған соң оның нұсқамасы бойынша дұшмандардың топтасқан жерлері дәлдеп бомбаланады. Алайда, оның бәрі бірдей көздегендей нәтиже бере бермейді. Жер жағдайын жақсы білетін дұшмандар талай қақпаннан құтылып шығып кетіп жүрді. Тіпті, бірде кеңесшілер тобының өзін жоқ қылып жібере жаздады.

Ол былай болды. Әлі есінде, партиялық, саяси және арнайы қызметтің үш кеңесшісі мінген “УАЗ” автомашинасы шекара жақтағы шеткері бір қышлақтан ақпарат жинап, әскери бөлімге қарай беттеп келе жатқан. Алдарында ірі калибрлі пулеметті “БТР” машинасы бар. Барлау мәліметі бойынша бұл жолда бандалық топ болмауы тиіс еді. Десе де, кезекті бір жол бұрылысында қапталдан атылған граната атқышы заряды “БТР”-дың мұнарасын жанай өтіп, жанындағы ағашқа тиіп жарылды. Соған абдырап қалған “БТР”-дағы жас жауынгерлер жауап оқ атып, одан әрі қозғала берудің орнына тоқтап қалып жолды бөгегенімен қоймай, өздері оқ нысанасына айналды. Осындай сындарлы сәтте ұрысты басқаруды өз қолына алған Қосекең серіктестеріне машинаны тасалап, жауға автоматтан оқ жаудыруды бұйырып, өзі “БТР”-дағы жас жауынгерлерге көмекке ұмтылды. Күтпеген жағдайдан шошынып, бұғып қалған оларды ұрысқа бастап, пулеметті іске қосты. Ірі калибрлі пулеметтен жаудырған оқ шыдатсын ба, дұшмандар тау-тасты сағалап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Осы ұрыста Приморье өлкесінен келген партиялық кеңесші ауыр жарақат алды.

Бұл оның бір жылғы соғыста бастан кешірген көптеген қақтығыстарының бірі ғана. Осы ержүректілігіне берілген “Ерлігі және батылдығы үшін” медалін 23 жылдан кейін ҚР-ның Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегеновтің өз қолынан алды.

– Ауған соғысы буыны қатпаған 18-19 жастағы жас жігіттерге өте қиын болды. Ол елде жаз айларында өте ыстық, көлеңкенің өзінде 45 градусқа дейін жетеді. Сондай ыстықта 20-30 килограмдық қару-жарақ арқалап, кейде тәуліктеп жаяу жүруге тура келеді. Оған шыдау адам мүмкіндігінің шегінен де жоғары, бірақ соған көпшілік жастар шыдады. Олардың көбіне соғыстың жан жарасын салғаны анық, өрімдей жастардың онда көрмегені жоқ. Әсіресе, дұшмандардың қолынан азаппен өлгендердің денесінде сау жер қалмайтын. Мұндай қорқынышты суреттерді уақыттың өзі де санамыздан өшіре алмайтын шығар, – дейді Қосман Әбуұлы.

Осындай қиын тағдыр сынынан өткен азаматтың өмір жолынан қысқаша сыр сабақтар болсақ, ол – Омбы облысының Есілкөл ауданындағы Боевое ауылының тумасы. Ұлы Отан соғысы алдында ата-анасы Мамлютка қаласына көшіп келіп, оқуын сондағы орта мектепте бастаған. Кейін олардың отбасы қалаға қоныс аударып, орта мектепті осында сырттан оқып бітірген. Сосын Ушинский атындағы педагогикалық институтта білім алып, одан кейін облыс орталығындағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларды еңбекпен түзеу колониясында тәрбиеші, аға тәрбиеші қызметтерін атқарады. 1968 жылдан бастап қауіпсіздік органына қызметке алынып, Минскіде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсында білімін жетілдірген. Облыстық қауіпсіздік комитетінде оперативтік жұмыстарда болған.

Қосекеңнің содан кейінгі жұмыс орыны біреу – Совет ауданындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесінде 1974 жылдан 1991 жылы зейнет демалысына шыққанша қызмет етті. Тек бір жыл Ауғанстанда іссапарда болғаны болмаса, барлық қызмет жолы осы ауданмен тығыз байланысты. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды.

Ардагердің өңірінде 14 медаль мен төсбелгілер жарқырайды. Солардың ішінде ерекше қадір тұтатындары жоғарыда айтқан “Ерлігі мен батылдығы үшін” медалінен басқа, “Интернационалист жауынгер” белгісі, Ауғанстан президенті Наджибулла қол қойған “Кеңпейілді Ауған халқынан” белгісі және “Ауған революциясының 10 жылдығы” медальдары. Сондай-ақ адал жауынгерлік қызметі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен де марапатталған. 1992 жылдан бастап отставкаға шыққан ардагер қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы кеңесінің мүшесі, Ауған соғысы және Чернобыль ардагерлерін әлеуметтік қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі болып табылады. Сол сияқты “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы кеңесінің белсенді мүшелерінің бірі.

Қосман Әбуұлы Ауған соғысына қатысушыларының ұзақ жыл талап етуімен қазірде Ұлы Отан соғысына қатысушыларына теңестірілгенін, әрине, жеңіс санайды. Алайда, толыққанды соғысқа қатысушы мәртебесін алуды талап етуден танбайды. Оның бүгінгі қоғамдық жұмыстарының түп-тамыры осыған әкеліп саяды. “Мойындалмаған майдан болуы мүмкін емес, қыршын кеткен жас ғұмырлар, төгілген қан – белгісіз соғыстың белгісі емес қой, шындық үстем болуы керек”, – дейді ол. Жарияланбаған соғыстың жауынгері түбінде бұл мәртебеге қол жеткізетіндеріне сенеді.

Суреттерді түсірген  

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp