Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Атығаевтың төрағалығымен “дөңгелек үстел” өтті. Жиынға жоспарлау ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Онда құрылыс нысандарын жоспарлау кезеңінде, құрылыс жүргізу барысында өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі қаралды. Жиынға қатысушылар алдында сөз алған өртке қарсы қызметінің бас маманы, подполковник Аман Байтоқов өрт қауіпсіздігі ережелері әр уақытта қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.
Баяндамашының келтірген ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта құрылыс нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау барысының өзінде де өрт қауіпсіздігіне толықтай көңіл бөлінбейтін көрінеді. Мысалы, Айыртау ауданындағы дәріхана құрылысын жоспарлау барысында өрт қауіпсіздігінде ақаулыққа жол берілген. Ақыры құрылысы аяқталған нысан жойылып тынды. Ал Мағжан Жұмабаев ауданында гараж салу барысында өрт қауіпсіздігі ережесі өрескел бұзылған. Сот құрылысты тоқтату туралы шешім шығарды.
Барлық мәселелер талқыланған соң “дөңгелек үстелге” қатысушылар құрылыс нысандарын жоспарлау және салу барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуының алдын алу бойынша бірнеше шешімі қабылдады.
СҚО ТЖД-нің баспасөзі қызметі.