«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көмусіз қалған боздақтар жаны жай тапсын деп…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Александр АЗЕГОВ,

“Саланг” әскери-патриоттық клубының төрағасы.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан бері 68 жыл өткенімен, соғыс жаңғырығы әлі де жүрегімізді жаралауда. Егер мұрағат ақпарына сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес Одағы 27 миллион азаматынан айрылса, оның 4 миллионнан астамы қазақстандықтар болған. Бұған ұрыс кезінде із-түзсіз жоғалған 2 миллион 500 мың сарбазды қосыңыз. Сарбаздардың басым бөлігі 1941-1945 жылдары ұрыс даласында фашист шапқыншыларына шабуыл кезінде немесе жаудың қоршауында қолдарына қару ұстаған күйі қаза тапты. Бұл азаматтардың тағдыры соңғы 50 жылдан астам уақыт бойы белгісіз болды. Ешкімге керек болмады. Ұмыт қалды. Қанқұйлы соғыс аяқталған соң әртүрлі ұйымдар мен еріктілер жоғалған сарбаздардың мәйіттерін іздеп, табылғандарын жер қойнауына тапсыра бастағанымен, әлі күнге дейін көмусіз қалған кеңес әскерлерінің жауынгерлері көп-ақ.

Осы мақсатта 1989 жылы “Долина” деп аталып кеткен “Халықаралық еске алу вахтасы” құрылған болатын. Сөйтіп, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің жүздеген еріктілер тобы Ресей Федерациясының Новгород, Петербург және Мәскеудің батпақты жерлеріне аттанды.

 

Тарихқа жүгінсек, 1942-1943 жылдары Ресейдің Новгород облысында кескілескен ұрыстар өткен. Отанын жауға бермеу үшін қасық қаны қалғанша алысқан кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерлері сол қанды шайқастарда қаза тапты. Олардың есімдері беймәлім болғанымен, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткендері айдан анық. Жалпы ТМД елдері жастарының басын қосқан өткен жылғы экспедиция барысында 475 жауынгердің сүйегі табылды. Оған қоса мыңдаған қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскери заттар жер бетіне шықты. Отан үшін отқа түскен майдангерлердің сүйектері Ресейдің Ясная Поляна бауырластар зиратына құрметпен жерленді. Ал табылған заттар залалсыздандырылып, мұражайларға тапсырылды.

Келесі жолы өңіріміздің белсенді іздеушілері көрші елдің Калуга облысына аттанып, игі істерін жалғастырды. Ол жерде сұрапыл соғыс жылдары Ақмола облысында құрылған 387-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан еді. Құрылым жауынгерлерінің көпшілігі әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандардың қатарында екен.

Ресейдің Новгород облысында өткен кескілескен ұрыстарда орта есеппен 800-850 мың шамасында жауынгер қаза тапқан. Ал ресми түрде 536 мың адам мерт болды деген ақпарат бар. Бүгінгі таңда Новгород облысының “Долина” іздестіру экспедициясына Қазақстаннан Ақтөбе мен Петропавл қалаларының іздеуші топтары дәстүрлі түрде барып тұрады.

Әскери-патриоттық клуб негізінде құрылған петропавлдық іздеушілер тобында ер балалар әскери қызметі дайындығынан өтсе, қыздар қоян-қолтық ұрыс әдістерін үйренуде.

Қазіргі уақытта облыс тұрғындарына жете таныс “Саланг” әскери-патриоттық клубының тарихы 26 жылды құрайды. Ширек ғасыр уақыт ішінде көптеген тәрбиеленушілеріміз КСРО, Ресей және Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамына алынды. Бүгінде тәрбиеленушілеріміз бұл игі дәстүрді жалғастыруда.

Содан бері Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген жастарымыздың бір бөлігі клубқа жаттықтырушы ретінде жұмысқа кіріп, өскелең ұрпаққа бар білгендерін үйретуде. Олардың қатарында Евгений Столяров, Ильнур Габидулин, Александр Петров, Иван Чернов, Николай Гурин, Владимир Ярцев, Николай Орленко деген азаматтар бар. Бұлардың бәрі де әскери-патриоттық клуб мүшелерімен бірге іздеу экспедицияларына қатысып келеді. Биылғы жылы да клуб мүшелері Ресейдің Новгород облысына дәстүрлі түрде аттанды.

Қазіргі кезеңде Отан қорғаушы күні өзінің алғашқы кәсіби мағынасын өзгертіп, рухы күшті ер-азаматтардың, Отанымыздың шынайы патриоттарының мерекесіне айналды. Бұл күн әрдайым бізге бейбітшіліктің, туған жерге сүйіспеншіліктің көрінісі болып қала берсін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp