Осы тақырып аясында өткен пікіралысу барысында сала қызметін алға жылжытудың, ақпараттық жүйені жаңғыртудың қанатқақты жобалары сөз болды.
“Қазпочта” АҚ халықты пошта қызметтерінің толық спектрімен қамтамасыз ететін еліміздегі ең ірі коммуникациялық мекеме болып табылады. Кең тармақталған желілері бар және қызмет көрсетуде тәжірибесі мол АҚ кешенді түрде жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерге кез келген жөнетілімдер мен жазбаша хат-хабарларды жіберу және жеткізу қызметтерін көрсетеді. Демек, оның жергілікті жерлердегі филиалдары атқаратын жұмыс ауқымы зор деген сөз. “Қазпочта” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы басшылығы және мамандарымен өткен “дөңгелек үстелде” байланыс саласының күнгейі мен көлеңкесі хақында кеңінен сөз болды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сабырғазы ИМАШЕВ, филиал төрағасы:
– Байланыс саласында көпшілікті алаңдатып жүрген проблемалардың бар екенін жасырмаймыз. Бір өкініштісі, кейбіреулер мәселенің байыбына бармастан, “тисе – терекке, тимесе – бұтаққа” дегендей, бізді орынсыз жазғырып жатады. Сондықтан екіұшты айтылған пікірлерге байланысты өз көзқарасымызды білдіре кетейін. “Таяқтың екі ұшы бар” демекші, біздің тараптың орынды уәждері ой тастап, құпталып жатса, ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.
Жұртшылықтың бір бөлігінде әлі күнге дейін пошта қызметі газет-журнал, хат-хабар таратумен ғана шектеледі деген қасаң түсінік басым. Иә, мерзімді баспасөз басылымдарына жаздырту, оқырмандарға жеткізу басты міндеттеріміздің бірі екені рас. Биыл жазылым таралымы 183430 данаға жетіп, сапалық деңгейін көтеру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Бұған қоса, ел аумағында және одан тысқары жерлерге кез келген жөнелтілімдер мен жазбаша хат-хабарларды, сәлемдемелерді жіберу және жеткізу көлемі өсті. Бұл бұрыннан бар қалыптасқан негізгі қызмет көздері саналса, бүгінде Қазақстандағы пошта-қаржы ұстанымы бүтіндей өзгергенін байқау қиын емес. Оған уақыт талабы, екінші жағынан, саланы реформалау үлкен әсер етті. Осыған орай пошталық, банктік және агенттік қызметтердің топтасқан үлгілері мен маңызды тасқыны пайда болып, бүгінгі күні кез келген пошта бөлімшесінде зейнетақы, жәрдемақы, мекенжайлық әлеуметтік көмекке қол жеткізумен қатар жалақыны алуға, коммуналдық, салықтық, басқа да төлемдерді төлеуге, ақша айырбастау операцияларын жүргізуге, агенттік қызметтер, E.MS қызметін (жедел пошта қызметі) алуға болады. Бұларға ірі габаритті сәлемдемелерді жеткізу, POS-терминалдар мен банкоматтар, директмейл қызметтерін қоссақ, еркін қолжетімділіктің артып келе жатқанын аңғарамыз.
– Рыноктық жағдайда жұртшылықтың өтініштілектерін қанағаттандыру қандай деңгейде?
Талғат ОМАРОВ, филиал директорының орынбасары – пошта байланысын ұйымдастыру және пайдалану басқармасының басшысы:
– Облыс тұрғындарының жартысынан астамы ауылдарда тұратындықтан, филиалдың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – ауылдық пошта байланысын одан әрі жандандыру. Бүгінде 13 аудандық пошта байланысы торабы, 113 пошта байланысы бөлімшесі, 14 жылжымалы бөлім, 29 байланыс пункттері, автокөлік базасы, арнайы байланыс қызметі, пошта іріктеу және тасымалдау учаскесі жұмыс істеп, 696 елді мекенге қызмет көрсетеміз. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. 2008-2009 жылдары 18 көлік берілсе, биыл 11-ін күтіп отырмыз. Байланыс тораптары түгелдей телефондандырылған. Хат тасушылардың жалақысы 2011 жылы – 10 пайыз, 2012 жылы 8 пайызға көбейді. Бөлімшелердің техникалық жабдықталу деңгейі көтерілді, автокөлік паркі, кассалық техника, компьютерлік, банктік қондырғылар жаңартылды. Пошталық қызмет тұтынушыларының жоғары талабын өтеу мақсатымен банкоматтар мен POS-терминалдар орналастыру арқылы пошталық төлем карточкалары жүйесін жаңғырту биылдан бастап енгізіледі. Ұлттық компаниялар арасында “Қазпочта” АҚ-ы аудан орталықтары мен ірі ауылдарды айтпағанда, шағын елді мекендерге дейін кең филиалдық желі құра білген бірегей құрылым екенін ескерсек, алда көрсетілетін қызметтер ауқымы одан әрі кеңейе түсері сөзсіз.
– Игі істерге біршама қаныққандай болдық. Сіздер газет-журналдарды жеткізудің жиілігі аудан деңгейінде аптасына 5, 3-ті құрайтынын, барлық бағыттар бойынша жеткізу мерзімінің талапқа сай келетінін мәлімдедіңіздер. Алайда, жергілікті жерлерден түсіп жатқан арыз-шағымдарға қарағанда, республикалық, жергілікті басылымдардың оқырмандарға кешіктіріліп тиетінін аңғарғандаймыз.
Сабырғазы ИМАШЕВ: – Біз басылымдарды елді мекендерге тарату қызметі рыногында 100 пайызға иеміз. Газет-журналдар мен хат-хабарлар аудан орталықтарына кесте бойынша аптасына 5, 3 рет жеткізілетінін айтып өттіңіз. Одан әрі ауылдық байланыс бөлімшелеріне 3 рет, шағын ауылдарға 2 рет апарылады. Мәселенің байыбына тереңдеп үңілетін болсақ, кей объективтік факторларды ескермей болмайды. 98 мың шаршы шақырым аумақты мекендейтін 600 мыңға тарта халықтың территориялық орналасу деңгейі, жер, жол жағдайы әрқилы. Филиал бойынша бір күнде пошта тасымалына 94 көлік аттанады. Барып-қайту маршрутының ұзақтығы 25 мың шақырымға жете-қабыл.
Тамара МАНЦУРОВСКАЯ, пошта тасымалы бөлімінің басшысы:
– Шынында да, ең үлкен проблемалардың бірі жолдардың нашарлығы мен елді мекендердің шалғайлығына келіп тіреледі. Ең алыстағы Уәлиханов ауданын алайық. Бір- күндік маршруттың әрлі-бергі ұзақтығы 500 шақырым, оны 8 сағатта жүріп өту керек. Мүмкін бе, жоқ па – шамалай беріңіз. Осындағы Қулыкөл ауылдық округіне жету – үлкен машақат. 500-дей ғана адам тұратынына қарамастан, байланыс бөлімшесін ұстап отырмыз.
Ерден Аққошқаров, Қызылжар аудандық байланыс бөлімшесі торабы басшысының міндетін атқарушы:
– Биыл бір ай бойы Шаховское ауылына жол болмағандықтан, Асаново арқылы айналып баруға тура келді. Боголюбовоға Новокаменка арқылы төте жол бартұғын. Ол қар құрсауында қалғандықтан, Новоникольское арқылы тасымалдауға мәжбүр болдық. Кей ауылдар 3-4 дана ғана газет-журнал жаздырып алады. Ал шығын шаш-етектен! Күндік маршрут 2097 шақырымға есептелсе де, жұмсалатын қаржы тым көп. Сосын техникалар ескі әрі аз. 78 хат тасушының жалақылары мардымсыз.
Талғат ОМАРОВ: – Өткен жылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша “Егемен Қазақстан” мен “Казахстанская правда” газеттерін күн сайын тарату жөніндегі қанатқақты бағдарлама 2 ай бойы тәжірибеде сыналды. Қаражат шығыны өз алдына, жергілікті баспахана тарапынан кешіктіріп басу, поштаға уақтылы әкелмеу жиі орын алғандықтан, министрлік бұл әдіс өзін-өзі ақтамады деген шешімге келді.
– Биыл филиал бойынша 27 пошта байланысы бөлімшесі мен 59 пошта қосыны жабылатын көрінеді. Оларды сақтап қалуға мүмкіндік жоқ па?
Сабырғазы ИМАШЕВ: – Ақпарат және байланыс агенттігінің бұйрығына сәйкес 2000-2500 тұрғыны бар елді мекендерде ғана пошта байланысы бөлімшелері болуы тиіс. Былтыр 229 бөлімше болса, биыл 113-і жұмыс істеп тұр. Олардың көбі тиісті талапқа сай келмегендіктен, қысқарып қалу қаупі бар.
Ерден АҚҚОШҚАРОВ: – Ауданда 72 елді мекен болса, 58-інде пошта байланысы бөлімшелері жоқ. Биыл тағы 5 бөлімше жабылды. Басты себеп – округтердегі тұрғындар санының аздығында. Бұлай жалғаса берсе, ауылдардағы оқырмандарымызды жоғалтып алуымыз ғажап емес. Меніңше, 1500-2000 тұрғыны бар округтерде байланыс бөлімшелері сақталса, жөн болар еді.
– Тығырықтан шығудың жолы бар ма?
Сабырғазы ИМАШЕВ: – Бұрындары Астанадан газет-журналдар мен хат-хабар “Алматы – Петропавл” пойызы арқылы күнбе-күн жеткізілетін. Енді күнара қатынайтындықтан, кешігу жиілігі 1 күнге артып кетті. Сондықтан “Тальго” жүрдек пойызына пошта тасымалдайтын вагон тіркеу мәселесін шешпей болмайды. Екіншіден, пошта қызметін жаңғыртудың ішкі мүмкіндіктерін іздестіріп, бірден-бір тиімді әдіс ретінде жылжымалы байланыс қызметіне тоқталып отырмыз. Қазір олардың саны 11-ге жетіп, 52 мың тұрғыны бар 174 шағын елді мекенді қамтиды.
Ойымды түйіндейтін болсам, пошта тасымалдау, тарату саласына Үкімет демеуқаржы қарастырса, құба- құп болар еді.
Тамара МАНЦУРОВСКАЯ: – “Солтүстік Қазақстан” газетінде (2013 жылғы 30 наурыз) Қызылжар ауданына қарасты Архангелка ауылындағы пошта үйінің жабық тұрғаны, шіркеудің асханасын жалдап отырғаны орынды сыналды. 30 жылдан бері жөндеу көрмесе, суық болмағанда қайтеді?! Газет мәселе көтергенге дейін жергілікті билік орындары бұдан бейхабар болғаны жанға батады. 35 жылдық тәжірибемнен білетінім, кей аудан, ауыл әкімдері пошта қызметіне жеткілікті көңіл аудара бермейді. Ғабит Мүсірепов атындағы және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімдері ғимараттарды тегін берді, олардан өзгелер неге үлгі алмасқа?! Байланыс қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 47 мың теңгеден ғана айналады. Хат тасушылардың жағдайы да алаңдатарлық. “Қазтелеком” АҚ-на мемлекет тарапынан демеуқаржы бөлінетінін естіп жүрміз. “Қазпочта” АҚ-ы да осындай қамқорлыққа зәру.
Ерден АҚҚОШҚАРОВ: – Татьяна Петровнаның сөзін жалғастырайын. Якорь ауылдық округінде ғана республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа пошта үйі салынған. Қалғандарының басыбайлы баспанасы жоқ. Мектептер мен әкімдік кеңселерін жалдап, қаржы төлеуге мәжбүр. Кей серіктестіктер айына 10 мың теңгеге дейін төлемақы талап етеді.
Жергілікті әкімдер осы мәселені оң шешіп берсе, әжептәуір жеңілдік болар еді.
Т Ү Й І Н
“Дөңгелек үстел” барысында айтылған ой-пікірлер мен көтерілген толғақты мәселелердің түпкі түйіні, айналып келгенде, іс тағдырын тиісті республикалық органдар мен жергілікті биліктің бірлескен қимылы мен мақсатты жоспары айқындайтынын тағы бір аңғартқандай болды.