«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – САҚШЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СҚО ІІД-нің ақпараттық-сараптамалық орталығының басшысы, полиция подполковнигі Игорь Соболевскийдің жұмыс күні әдеттегідей таңертең басталып, күн бата аяқталады. Қарамағында 30-ға жуық маман қызмет ететін орталықты ішкі істердің өзегі деп айтуға болады. Себебі, қандай да бір қылмыстың бетін ашу үшін тергеуші осы орталыққа хабарласып, қылмыскер жайында толық ақпарат ала алады. Әрі бұл орталықта өңірдегі қылмыстық жағдайдың статистикалық мәліметтері де сақталады. Игорь Соболевский басқаратын орталықтың атқаратын қызметінің бір бөлігі, міне, осы. Бірақ полиция подполковнигінің облыстық Ішкі істер департаментіндегі қызметі мұнымен шектелмейді. Ол аптасына бір емес, бірнеше рет вокалдық топтың дайындығына қатысып, сахнада ән айту мәнерін шыңдап келеді. Ішкі істер департаментінде вокалды топ құрылғаннан топтың мүшесі болып қабылданған ол бүгіндері жеке орындаушы ретінде де танымал. Оның орындауындағы “Вкус вишневой смолы”, “Поцелуй, меня удача” сынды әндері әріптестеріне жақсы таныс.

 

Топта 11 адам өнер көрсетеді. Олардың арасында аға лейтенанттан полковникке дейін бар. Мәселен, кадр жұмысы басқармасының басшысы Қапез Дәулетбаев та вокалдық топ құрылғаннан бері өз өнерін көрермендерден аяған емес.

Бұл топ мүшелерінің басым бөлігінің арнайы музыкалық білімі жоқ. Тек полиция майоры Сағат Нұрмолдин мен полиция аға сержанты Андрей Шубин нотаны таниды демесең, қалғандары есту қабілетіне арқа сүйейді.

Вокалдық топтың құрылуына облыстық Ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы, бүгіндері Ішкі істер вице-министрі, генерал Ерлан Тұрғынбаев мұрындық болған. Полиция қызметкерлерінің беделін көтере түсу, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған өнер ұжымы 2004 жылдан бері сахна төрінен түскен емес, дейді вокалдық топтың көркемдік жетекшісі Дидар Малаев.

Топтың репертуары негізінен рухты әндерден құралған. Өнерпаздар “Өз елім”, “Атамекен”, “Туған жерім”, “Мой Казахстан” және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы танымал әндерді орындап келеді.

Өңірдегі құқық қорғау саласындағы жалғыз вокалдық топ әр мемлекеттік мерекеде тақырыптық бағдарламаға сай әндер орындауды дәстүрге айналдырған. Халықаралық әйелдер күні қызкеліншектерге арналған әндерді айтса, Тәуелсіздік күні, тиісінше ұлттық нақышқа бай қазақ әндерінен бастап, қазіргі заманғы сазгерлердің туындыларын тамылжыта орындайды. Топ халық әндерінен де кенде емес.

“Қош бол, сәулем, көргенше,

Қайта айналып келгенше.

Уәдеңе берік бол,

Мен сендікпен өлгенше”.

Қайырмасы осылай келетін бұл ән баршамызға жақсы таныс. Оны жедел әрекет етудің арнайы жасағы қызметкері, полиция аға лейтенанты Дәулет Ғабдуллин, Жол полициясы басқармасының қызметкері, полиция майоры әрі кәсіби домбырашы Сағат Нұрмолдин мен полиция конвоиры аға сержант Рауан Бимақановтан құралған трио орындап келеді.

Вокалдық топтың тағы бір мүшесі – полиция аға сержанты Андрей Шубин жеке орындаушылығымен танылып жүр. Өнер колледжін вокал сыныбы бойынша тамамдаған ол ішкі істер саласында қызмет ете жүріп, өнер жолын жалғастырамын деп ойламапты. Бірақ қазір вокалдық топ құрамында көптеген концерттерге қатысып, әріптестерінің ортасында білікті қызметкер ретінде ғана емес, сондай-ақ әнші ретінде танылып үлгерді.

Ерлермен иық тіресе қызмет етіп келе жатқан нәзік жанды тыныштық сақшылары да вокалдық топтың ажырамас бөлігі болып табылады. Олар Мақпал Жәменова мен Венера Тайжанова. Олар: полицияның капитандары. Сондай-ақ вокалдық топта Жол полициясы басқармасының штаб басшысы, полиция подполковнигі Мереке Дәулетбаев та өнер көрсетіп келеді. Ол, әсіресе, лирикалық әндерді тамылжыта орындайды, дейді оның әріптестері. Патрульдік полицияның қызметкері, кіші сержант Ержан Дәулетовтің өзгелер сияқты музыкалық білімі болмаса да, табиғи кең дауысы оның көптеген әндерді қиналмай-ақ орындауына мүмкіндік береді.

Әртүрлі сайыстарға белсене қатысатын вокалдық топ бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанып та үлгерді. 2008 жылы өткен “Мамыр жұлдыздары” әскери әндер байқауының жүлдегері атанған вокалдық топ гастрольдік сапарларға да жиі шығып тұрады. Жуырда ғана облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмхановтың мұрындық болуымен Алматы облысына барып, өнер көрсеткен. Онда әншілер Талдықорған және Алматы қалаларындағы өз әріптестеріне жырдан шашу шашып, сүйікті әндерін орындады.

Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды отандық марқасқа сазгерлердің әндерін насихаттаушы өнерпаздар, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы полициясының гимнін де асқақтата орындап келеді. Қазақстан полициясына 20 жыл толуына орай жазылған гимннің авторы жерлес әнші әрі сазгер – Сергей Снурницын. Әннің мәтінін қазақ тіліне аударған – Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері Қайырлы Ғафуров. “Қиындыққа үйренген қашанда” деп басталатын гимнде полиция қызметкерлерінің еңбегі жайында кеңірек суреттеледі. Өз гимні бар вокалдық топ ендігі кезекте топқа өзіндік атау ойластыру үстінде. Ол атау ішкі істер қызметкерлерінің Отан алдындағы еңбегін асқақтататын рухты болуы тиіс, деп санайды топ мүшелері.

Тәртіп сақшыларының ортасында вокалдық топ қана емес, сондай-ақ 2012 жылы құрылған хор да өнерін кеңге жайып келеді. Қазіргі таңда хорда 50-ден астам полицей түрлі салтанатты шараларда әскери-патриоттық әндерді көрермен назарына ұсынуда. Батыр әрі батыл, елдегі тыныштықты сақтау үшін отқа да, суға да түсуге әзір полиция қызметкерлерінен құралған топ Отан қорғаушылар күні Астана қаласында өтетін салтанатты концертке қатысады. Елімізде беделі биік топ әрі талай сахналарды бағындырады деген үміттеміз.

Сурет СҚО ІІД-нің қорынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp