Андрей ҚАСКЕЛЕНОВ,
№6637 әскери бөлімнің командирі.
Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуында Ішкі әскер лайықты орын алады және елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылық факторларының бірі болып табылады. Себебі, Ішкі әскер жиырма жылдан астам уақыт бойы елімізде ішкі құқық тәртібін сақтауда.
Бүгінде бөлімнің көптеген әскери қызметшілері әскердің қалыптасуы мен дамуына, жауынгерлік қызмет сапасын арттыруға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға лайықты үлес қосуда.
Әскери бөлімнің тарихына тоқталсақ, оның негізінде кейінірек Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің Петропавл құрамасы құрылды. Тарихы 1920 жылдан басталатын әскери мекеменің даңқты жауынгерлік дәстүрлері бар. Сол уақытта Мәскеу және Иваново-Вознесенский командасының жеке құрамынан Симферополь жеке командасы құрылған болатын. 1925 жылы оның негізінде айдауыл күзеті әскерінің №13 жеке батальоны құрылды. Содан кейін 1929 жылдың тамыз-қыркүйек айында Сібірдің айдауыл әскерін күшейту үшін Омбы қаласына орналастырылды.
Жылдар өтіп жатты. Батальон №7486 әскери бөліміне дейін өсті. 1960 жылдың бірінші сәуірінде КСРО ІІМ айдауыл әскері №57 жасағының құрамынан бөлінген жеке дивизионның негізінде №6637 әскери бөлімін құру туралы шешім қабылданған болатын. Оның құрамына Петропавл және Қарағанды қаласында орналасқан екі команда кірді.
Әр жылдары әскери бөлімге подполковник Алексей Позняков (1962-1963), майор Владимир Юшков (1963-1970), капитан Вахит Парижев (1970-1972), майор Анатолий Каплиев (1972-1973), полковник Василий Турашев (1973-1975), майор Владимир Сабусов (1975-1976), подполковник Имий Басханов (1976-1987), подполковник Василий Бережко (1987-1989) сияқты білімді де білікті офицерлер басшылық етті. 1962 жылғы 3 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан бөлімге әскери намыстың, ерлік пен даңқтың нышаны ретінде Қызыл ту табыс етілді. Бұл күн №6637 әскери бөлімінің құрылған күні болып тарихта қалды.
Ал 2004 жылдың 30 сәуірі күні Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев әскери бөлімге тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының Жауынгерлік Туын табыс етті.
Бүгінде біздің жауынгерлер өздерінің қызметтік борышын адал атқарып, қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау ісіне нақты үлес қоса отырып, қылмыспен батыл күресуде. Бөлімнің әскери қызметшілері күн шыққаннан бастап, күн батқанға дейін қала тұрғындарының бейбіт өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті жауынгерлік қызметке шығады.
Жауынгерлік қызмет атқару кезіндегі батылдық пен қайсарлық көрсеткен 1-атқыштар ротасының сарбазы Қағазбек Нұрсейітовтің есімі елдің есінде. Ол – Ішкі әскердің қаһарманы. Атап айтқанда, 1964 жылдың маусым айында аса қауіпті қылмыскерді қуғанда ерлікпен қаза тапты. Ерлігі жоғары бағаланған Қағазбек Нұрсейітовтің есімі мәңгілікке әскери бөлімнің тізіміне және Қазақ КСРО ІІМ-нің Құрмет кітабына енгізілді. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
Бүгінде құқықтық тәртіп жауынгерлері батырдың есіміне лайықты болуға тырыса отырып, қылмысты ашуда және заңнан аттап өткен қылмыскерлерді ұстауда жоғары тиімділікпен танылуда. Әскери бөлім қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайларды жоюға қатысу, заң бұзушылықтың алдын алу мақсатын көздейді. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей тартылатын Ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен және Әскери институт курсанттарымен бірлесе отырып, 50 бағытта қоғамдық тәртіпті қадағалайды. №6637 әскери бөлімінің жеке құрамы өздеріне жүктелген әскери-жауынгерлік қызметті абыроймен атқару барысында жыл басынан бері 1000-нан аса тәртіп бұзушыны ұстаса, оның 40-ы қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің Солтүстік құрамасының жауынгерлері антына берік және қойылған міндеттерді адал орындайды.
Біздің бөлімнің әскери қызметшілері – капитан Денис Ткаченко мен прапорщик Петр Дынник қылмысқа қарсы күресте көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Бөлім командирінің орынбасары, полковник Исатай Жәрдемовтің ІІ дәрежелі “Айбын” ордені, ал 2-ші атқыштар ротасының сержанты Асқар Қапезовте ІІІ дәрежелі “Айбын” ордені бар.
Әскери бөлімде саламатты өмір салтын насихаттап, бәсекелі сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүрген әскерилер аз емес. Солардың бірі аға лейтенант Самат Қадырбеков кикбоксинг бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорт шыңдарын бағындыруды жалғастырып жүрген Самат Ирландияда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Чемпионат қорытындысы бойынша бес мықты спортшы ұрыс финалына іріктелген болатын. Саматтың украиндық кикбоксшымен өткен жекпе-жегі осы бес ұрыстың бірі болып әлемдік желіде көрсетілді. Сайыстың ақтық кезеңінде біздің спортшының құрметіне Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Өткен жылы Самат Үндістандағы Пуна қаласында Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ ҚР ІІМ Ішкі әскер Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған Қазақстан кубогының жеңімпазы болды.
Тағы бір спортшымыз – Азамат Нұрпейісов жасы жиырмадан енді ғана асқан уақытта өзін әлемдік спорт ареналарында танытып үлгерген қатардағы жауынгер.
Күн санап бөлім заманауи техникамен жабдықталып, әскерилерге білім беру сапасы арттырылуда, жауынгерлік әзірлік өсуде. Бүгінде алдымызда жауынгерлік әзірлікті, әскери тәртіпті одан әрі нығайту, қызметтікжауынгерлік шеберлікті жетілдіру жөнінде үлкен жұмыс күтіп тұр. Себебі, сеніп тапсырылған учаскенің сенімді күзетілуі – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері әскери бөлімінің қызметтік-жауынгерлік әрекетінің басты көрсеткіші.
Біздің басты мақсатымыз – қасық қанымыз қалғанша Отанымызды қорғау.