Облыстық Кедендік бақылау департаментінде биылғы жылдың қаңтарында Алматы қаласының түбінде ұшақ апатында қазаға ұшыраған жерлесіміз, кеден қызметінің полковнигі Қайсар Малғаждаровты еске алу митингісі өтті. Департамент мұражайында марқұмның құрметіне орай экспозиция ашылып, шараға оның әріптестері мен отбасы мүшелері жиналды. Бұл шара Қайсар Малғаждарұлының дүниеге келген күніне орай ұйымдастырылды.
Экспозицияның ашылу салтанатында облыстық Кедендік бақылау департаментінің басшысы Әлібек Қартов жыл басында орын алған қайғылы оқиғаны жиналғандардың есіне түсірді. “Қайсар Малғаждаров қайда болсын өзінің еңбексүйгіштігімен, кәсібилігімен, өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленді”, – деді ол. Бұдан соң жиналғандар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кеден қызметінің ардагерлері Николай Гармаш пен Қонысбай Оразов та Қайсар Малғаждарұлының абзал азамат, білікті қызметкер болғандығын сөз етті. Марқұмның туған әпкесі Бақытжан Сәмиева департамент басшылығына інісінің отбасына тұрақты көңіл бөліп жүргендігі үшін зор алғысын білдірді. Ол Қайсар інісінің отбасында да адал жар, сүйікті әке болғандығын атап өтті.
5 мамыр күні ардагерлер арасында Қайсар Малғаждаровты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті.
Облыстық Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.