«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙІ ӨРТЕНГЕН ОТБАСЫ “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша баспаналы болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тайынша ауданының орталығында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер жыл санап көбеюде. Аудандағы болашағы жоқ Мирное, Голубое, Кеңес, Көзашар, Бірлік, Талдыкөл, Трудовое, Теңіз, Жарқайың сияқты елді мекендердегі 26 отбасы Тайынша қаласында жаңадан салынған тұрғын үйлерге қоныс аударды. Әлі де пәтердің кезегін күтіп отырған 38 отбасы бар, оларға да ыңғайлы жағдайдың жолдары қарастырылуда. Биылғы жыл соңына дейін тағы 10 пәтердің кілті өз иесін таппақ. Ондағы құрылыстың басым бөлігі төрт пәтерлі бір қабатты үйлер үлгісінде салынуда. Бұл жалгерлік үйлердің айлық төлемі пәтердің аумағына байланысты, яғни орта есеппен 3-4 мың теңгеден айналады. Белгіленген мерзімнен кейін отбасылар үйді толық сатып алуға құқылы.

Осыдан бір ай бұрын баспаналы болғандардың бірі – Наталья Омельченко. Мироновка ауылында тұрып жатқан оның отбасы биыл үлкен қайғыға душар болыпты. Қақаған ақпанда үйі өртеніп, сол оқиғада бір баласынан айрылған отанасы екі ұлымен далада қалады. Еңіреп қалған әйелге мемлекеттік бағдарлама бойынша көмек берілді. Бұл отбасы сәуір айының басында аудан орталығына көшіріліп, оларға 72 шаршы метрлік екі бөлмелі жалгерлік үй берілді. Наталья Петровнаның өзі аудан орталығында былтыр ашылған “Болашақ” балабақшасына жұмысқа орналастырылды.

– Қайғымызды сейілтуге әрекет жасап, отбасыма көмек көрсеткен жергілікті билікке ризашылығымды айтқым келеді. Үйіміз өртеніп кеткеннен кейін тұратын жеріміз болмай, танысымды паналап жүрген едік. Ауылдық округіміздің әкімі Сәрсенбай Бекшенов “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы туралы ақпарат жинап, мені құлақтандырды. Мен көп кешікпей аудандағы жұмыспен қамту орталығына өтінішімді апарып бердім. Тұратын шаңырағың болмаған кезде қандай күй кешетініңді басымнан өткерген соң, үйдің кілті берілгенде қатты қуандым. Балаларым Тайынша қаласындағы агробизнес колледжінде оқиды. Қиын кезде көмек қолын созған барша жұртқа алғысым зор, – деді Н. Омельченко.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp