«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ТҰЛҒА ХАҚЫНДА ұлағатты әңгіме өрбіді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірі мен қызметі Қазақ хандығының ең қиын кезеңіне тап келген Абылай – ел тарихындағы айрықша тұлға. Соңғы жылдары ханның туған және қайтыс болған жылдарына байланысты айтылып, жазылып жүрген кейбір деректерге орай тарихшылар мен зерттеушілер бір пікірге тоқтамай жүр. Тың мәліметтер бойынша оның туғанын 1711 жыл емес, бұдан екі жыл кейін, ал қайтыс болғанын 1781 жылдан бір жыл бұрын деп есептеу керек деген тұжырым жасалуда.

 

3 мамырда “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде болып өткен басқосуда әңгіменің негізгі арқауы осы мәселеге келіп тірелді. Алайда, әңгіме барысында Абылайдың саясаткерлік, қолбасшылық қабілеті, Қазақ елінің тәуелсіздігін, аумақтық біртұтастығын қорғап, сақтаудағы орасан зор еңбегі айтылмай қалған жоқ.

Осы басқосуға арнайы келген еліміздегі көрнекті абылайтанушылардың бірі – тарих ғылымының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыржан Әбеуев Абылай ханның өмірі мен Қазақ хандығын басқарудағы атқарған еңбектерін баяндай келіп, оның 1711-1781 жылдарда ғұмыр кешкенін дәйектеді. Соған қоса өз сөзінде осы мәселе жайында пікір айтып, жазып кеткен КСРО Ғылым академиясы тарих институтының директоры, академик Анна Панкратованың жазбаларынан үзінділер оқып берді және Ресей мемлекетінің сыртқы саясат мұрағатынан алынған деректерді алға тартты.

 

Жиында Абылай хан туралы екі томдық зерттеу еңбектерін бастырып шығарған СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай өз ойын ортаға салды. Оның пайымдауынша, Абылай хан 1711 жылы емес, 1713 жылы туған. З.Тайшыбай бұл деректерінде Абылай өмірі мен қызметі туралы Ресей мұрағаттарына сүйенгенін жеткізді.

Басқосуда тарих ғылымының кандидаттары, СҚМУ-дің оқытушылары Зылиха Бимаханова мен Людмила Гривенная өздерінің зерттеулерінің негізгі желісін тарқатса, Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова, Абылай хан резиденциясының директоры Гүлнәр Сыздықова, “Асыл мұра” орталығының қызметкері Социал Жұмабаев және облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Зейнолла Әкімжанов өз пайымдауларын ортаға салды.

Г. Сыздықова кейін табылған деректерге сүйеніп, резиденция алдында тұрғызылған Абыйлай хан ескерткішіне оның қайтыс болған жылы 1781 емес, 1780 жыл деп өзгертіліп, қайтадан жазылғанын жиналғандардың назарына салды.

Абылай хан резиденциясы мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесіп өткізген басқосу тартымды өтіп, танымдық сипатта болды. Оған ғалымдар мен журналистерден басқа, бірқатар мәдениет мекемелерінің басшылары, студенттер қатысты.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp