Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өткен сенбі күні облыстық Статистика департаментінің мәжіліс залында өңір фермерлерінің жиналысы өтті. Оны Фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Нияз Ыбыраев ашты. Ел экономикасында айтарлықтай үлесі бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерінің осы алқалы жиынында өткен жылдың атқарылған жұмыстарына қорытынды жасады және алға қойған мақсаттары мен міндеттерін сөз етті.
Өңірлік жиынға қатысқан Фермерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Әуезхан Даринов жиналғандарға ең алдымен ел фермерлерінің көкейкесті мәселелерін қозғайтын сараптамалық талдау материалдарына негізделген слайд парақшаларын көрсетіп, ондағы көтерілген мәселелерге түсінік беріп отырды. Өткен жылы республика бойынша 1,5 миллион гектардай егістің құрғақшылыққа ұшырауына байланысты тұқым жетіспеушілігі проблемасы туындауда. Сол сияқты шаруалар мен фермерлердің жанар-жағармаймен қамтылуы да қам жегізерліктей. Ал оларды реттей қоярлықтай айналым қаржысы жоқ. Міне, сондықтан облыста, әр ауданда жұмыс топтарын құрып, тұқымнан және жанар-жағармайдан қажеттілігімізді анықтауымыз керек, деді Әуезхан Даринов.
Одақ Үкімет алдында шаруаларды демеуқаржымен қолдау мәселесін көтеріп отыр. Ірі алпауыт холдингтерге бірден 4,5 миллиард теңгенің қаржысын ұстата салмай, демеуқаржыны бір қолға 500 миллион теңгеден асырмауды сұрайды.
Слайд парақшаларындағы осындай өзекті мәселелер кеңірек әңгіме арқауына айналды. Соның бірі Қаржы министрлігі енгізгелі отырған бұрынғы бірыңғай жер салығының орнына салықтың әртараптандырылған екі түрінің, атап айтқанда, жер салығы мен өндірістен тапқан пайдасынан салық алу мәселесі болып отыр. Ал бұл – тоқсан сайын декларация тапсырып, күнделікті толыққанды есеп-қисап жүргізіп отыру үшін шаруа-фермерлік қожалығына жоғары білікті бухгалтер ұстауы қажет болады деген сөз. Оны көпшілік шағын фермерлік қожалықтардың қаржылық жағдайы көтере бермейді. Бұл орайда одақ Үкіметке шаруа және фермерлік шаруашылықтар үшін өндірістің қалдықтары мен шығарындыларына салынатын экологиялық салықты қосып, бұрынғы бірыңғай жер салығын қалдыруды ұсынып отыр.
Жиналыста ірі көлемді егістік жерлерге иелік ететін алпауыт холдингтер мен инвесторларға мемлекет тарапынан мол қаржы беріліп, ал шаруа-фермерлік шаруашылықтардың өгей баланың күйін кешіп отырғаны айтылды. Ауыл шаруашылығының тең дәрежеде дамуы үшін ондағы барлық құрылымдарға бірдей жағдай жасалуы тиіс. Алайда, соңғы он жылдағы Үкіметтен бөлінген демеуқаржы фермерлердің пайдасына шешіліп отырған жоқ. Оған ілуде біреулердің ғана қолы жетіп жүр. Елімізде қазір жұмыс істеп тұрған 188 мыңнан астам шаруа-фермерлік шаруашылық бар. Олар өткен жылы 12514 мың тонна дәнді дақылдар және 3126 мың тонна картоп өндірді. Бүгінде жекеменшік үй шаруашылығынан басқа малдың 70-80 пайызын фермерлер ұстайды.
Демеуқаржы мен жеңілдетілген кредит түріндегі қолдау шаралары туралы облыс әкімдігі мен Фермерлер одағы филиалының арасында меморандум бар. Соған сәйкес филиал төрағасы Нияз Ыбыраев биыл осы қолдау шараларын қадағалайтын комиссия құрамына енгізілді. Енді аудандық бөлімдердің төрағаларын да комиссия мүшелігіне енгізу керектігі айтылды.
Жиында фермерлер сөз болған мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Куломзино” шаруа қожалығының басшысы Николай Сафонов есеп-қисаппен айналысып жүрер уақытымыз жоқ, өз ісімізбен айналысуымыз керек, әйтеуір, Үкімет салықты қосқысы келсе, бізді әуреге түсірмей-ақ бұрынғы бірыңғай жер салығын қалдырып, оның пайызын көтерсе болғаны, деген ұсыныс білдірді. Аққайың ауданындағы “Полтавка” ЖШС-нің басшысы Елтай Зікірин де бұрынғы бірыңғай жер салығының өздеріне қолайлы екенін айтты, сосын ірі компаниядан көңілдері қалған үлескерлердің өздеріне қосылуына жер үлестерін қайтарып алу қиындығын сөз етті. Ал Мамлют ауданындағы “Аметист” шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Әлжанов өз ісінің болашағы үшін алаңдаушылық білдірді. Ол “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредитке қол жеткізіп, 400 бас ірі қара сатып алған. Басында судан қиыншылық көрген екен, сушылар су жеткізіп беріпті. Өсіріп отырғаны асылтұқымды репродуктор мал болғандықтан, оны ол өзге шаруашылықтарға өткізуі керек. Оның ойынша, басында дабырасы көп болған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы біртіндеп саябыр тартып бара жатқанға ұқсайды. Яғни, өсірген малына ертең сұраныс болмай қала ма деген күдігі бар. Енді екі жылдан кейін кредитін қайтаратын кезде оларды амалсыздан сойып сатамын ба деп қорқады. Қазір барлық шаруашылықтар дерлік мал ұстауға көшті. Олардан өнетін мал төлін және алынатын өнімдерін өткізуді қазірден бастап ойластырып, жоспарламаса, оның да ертең проблемаға айналары анық. Олай болса фермердің алаңдауы бекершілік емес.
Фермерлер жиынының түйінін ауыл шаруашылығының ардагері Серікбай Елемесовтің “Жер жарғылық немесе кепілдік қор болмауға тиіс, ол – бөлінбейтін қор, ел ырыздығы” деп ашына айтқан сөзімен аяқтауға болады. Ардагердің ондағы ойының түп төркіні, инвесторлар барынша жерді қарпып алып, оның шын иелері – үлескерлерін күйзелтіп отыр дегенге саяды. Оған Шал ақын ауданындағы туған ауылы Социалды мысал етті.
– Жерлері қолдан-қолға өткен ауыл тұрғындарының үлесінде ештеңе қалмады деуге болады. Ауылды тарап кетуден құтқарудың жалғыз амалы шама келгенше инвесторлардағы жерлерін қайтарып, шаруа немесе фермерлік қожалық құру ғана болып отыр, – деді ол.