Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгін аяқталғанына 68 жыл толатын сұрапыл соғысты кім ұмыта алады?! Бұрын 21 миллион деп келсек, ал соңғы деректерге сүйенсек, онда 27 миллионға жуық адам қазаға ұшыраған. Олай болса сол қырғын соғысты ұмытпау дегеніміз – алдымен Отан қорғау жолында оққа ұшқандарды және сол қан майданнан қайтып оралғандарды ұмытпау деген сөз.
Міне, соларды мәңгілік есте сақтау үшін боздақтардың есімдері жазылған ескерткіштер қайда болсын бой көтеріп тұр. Өкінішке қарай, осындай ескерткіш Жамбыл ауданының барлық ауылдарында бар болғанымен, біздің Сәбитте бертінге дейін болған жоқ. Ескерткішке қоса тағы 1-2 мәселе бар, соларды білдірмек болып облыстың бұрынғы әкімінің қабылдауына жазылдым. Бұл 2009 жылдың наурыз айы болатын. Менің өтінішімді мұқият тыңдап болып, әкім ауылда әлі күнге дейін соғысқа қатысқандарға арналған ескерткіш жоқ екендігіне таңданыс білдірді. Бұл мәселеге орай не істеуге болатындығы жөнінде аудан басшыларымен сөйлесу керектігін жанында отырған көмекшісіне тапсырды. Қалған мәселелерге қатысты да тапсырмалар берілетінін білдірді.
Кешікпей менің атыма сол кездегі Жамбыл ауданының әкімі атынан хат келді. Оның шекесінде 2009 жылдың 3 сәуірі деп көрсетілген. Онда былай делінген:
“Сіздің, 2009 жылдың 18 наурызындағы №25 өтінішіңізге хабарлаймыз:
“2008 жылы Сіздің қатысуыңызбен Сәбит ауылында жиналыс өткізілді, онда Ұлы Отан соғысына қатысушыларға ескерткіш қою мәселесі көтерілді. Бұл мәселені тұрғындар қолдаған жоқ. Майбалық ауылдық округі әкімі аппаратының бюджетінде бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған. Қазіргі уақытта “Жеңіс солдаттары” кітабын шығаруға даярлау үшін Ұлы Отан соғысына қатысушылар, майданнан оралғандар туралы ақпарат жинастырылып жатыр, Ұлы Отан соғысынан оралмаған барлық жауынгерлер “Боздақтар” атты естелік кітапқа енгізілген. Сонымен қатар, Майбалық ауылдық округінің Святодуховка ауылында қаза болған жауынгерлерге ескерткіш орнатылды, тізімде Сәбит ауылының азаматтары да бар”.
Аудан әкімінің бұл жауабы “Апам не дейді, мен не деймін?” дегізетін жаңылтпаш жауап екеніне қысқаша тоқталайын. Хатта: “Жиналыста ескерткіш қою мәселесі көтерілді, тұрғындар оны қолдаған жоқ” деген жері бар. Ойлап қараңызшы: дәл мұндай мәселеге ақылы бар адам қарсы бола ма?
“… Святодуховка ауылында қаза болған жауынгерлерге ескерткіш орнатылды, тізімде Сәбит ауылының азаматтары да бар”. Біріншіден, ескерткіш орнатылған жоқ. Ол баяғыдан бері тұр. Неше жыл болғанын кім білсін? Мен оның тұрғанын 1971 жылдан, яғни 40 жылдан бері білем. Себебі, біз 9-10-сыныпты сондағы орта мектепте бітірдік.
“Ескерткіштегі тізімде Сәбит ауылының азаматтары бар” деген сөз мені мүлдем қайран қалдырды. Көз алдымда әлгі ауылдағы еншісі бөлек ескерткіште шын мәнінде біздің ауылдың соғысқа қатысқан азаматтарының есімдері жазулы тұрған сияқты болып көрінді. Не керек, жоқ екендігіне көзім жетіп тұрса да, ойда қалдым. Өзіме-өзім сенбедім.
Мұндай ескерткіш әр елді мекенде болуы тиіс екендігін ескерсек, біздің ауылдың адамдарының аты басқа ауылдағы ескерткіште неге жазылуы керек? Бұл жерде олардың екеуі екі жерде орналасқанын ескерген жөн емес пе?
“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, ауыл тұрғындары “орнатылуын қолдамаған” сол ескерткіш бұдан бірер жыл бұрын ауылда аяқастынан пайда болған. Бұл жерде оның орнатылуының өзі бір қызық. Соған қатысты жұмыс “құпия” жағдайда атқарылған. Ауылдық округтің әкімі Айдар Тасмағамбетов жанына 2-3 жігітті ертіп атүсті келген де, ел-жұрт бар екенін елемей, ескермей, олармен ақылдаспай, ескерткішті апыл-ғұпыл орнатқан да, тайып тұрған.
Асығыс істелген іс, іс бола ма? Алдымен ескерткіштің пішініне келейік. Бұрышына қызыл жұлдыз ойылып салынған тас көз тартпайды, бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Екіншіден, ол көшеге емес, керісінше, теріс қаратылып орнатылған. Сәл әріректе дәретхана көрініп тұр.
Ал енді ең басты қателіктің қайда жатқанына келейік. Қазақша сөз құрып қалғандай, “Павшим воинам от потомков” деп орысша жазылған ескерткіште 18 адамның есімі жазылған. Күлесіз бе, жылайсыз ба, солардың тең жартысы біздің ауылдың адамдары емес. Бұған не деуге болады? Ауылдан соғысқа аттанған азаматтарды қорлағандай саналатын мұндай ескерткіштің қойылғанынан да қойылмағаны жақсы емес пе? Бұған біреуінің атасының есімі жазылған, келесісінікі жазылмаған ауыл тұрғындары не дейді дейсіз ғой? Олар жақ ашпайды. Себебі, солай болуға тиіс санайды.
Мұндай ескерткіш қалай, қандай жағдайда ашылуы керектігін жұрт біледі. Ол салтанатты жағдайда өтуі тиіс. Ал мұндай салтанаттан ешкім құр қалмағаны жөн. Әсіресе, жас ұрпақ. Себебі, қан майданда қаза болған аталарының есімдері алдымен оларға қажет, солардың жадында мәңгілік сақталып қалуы керек.
Бірақ Айдар бауырымның артық қылам деп, тыртық қылып, айды аспанға бірақ шығарған жайы бар. Бірақ “Ештен кеш жақсы” деген. Ел намысы ерге жүк екенін ойлап, мына кемшілікті көппен бірге келісе отырып жөнге келтіру керек-ақ. Сонда ғана тірілерге құрмет, өлілерге тағзым жасалады. Ауылда болғанда ақсақалдармен жолыға жүріп соғысқа аттанғандардың аты-жөндерін жазып алғаным бар. Олардың айтуынша, 54 адам қан майданға аттанған.
СУРЕТТЕ: соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш.
Суретті түсірген автор.