«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰМ ҚЫРҒЫН ТАЛАЙЛАРҒА САЛҒАН ҚҰРЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

 

“ОСЫ ЖЕРДЕ
ЖАТЫРМЫЗ!”

Елге хабар келе қалса майданнан,
Сүйіншілеп қуанбайды қандай жан?!
Сүйенерін оқ жалмаған әр үйдің
Тірі жаны жүрегіне қайғы алған.

Жаны тірі майдан жайлы толғайды,
Толғанбайтын тірі пенде болмайды.
Батыс жақтан жақсы хабар жеткенде
Сәтке болсын ұмытылып сол қайғы.

Қан майданда – ер жігіт пен дырау ұл,
Бұл – соғыстың пенделікті сынауы.
Барыменен бөлісетін ағайын,
Болып кеткен бір отаудай бір ауыл.

Бел босамай шаруадан ақ таңнан,
Қыр бозарып алакеуім атқаннан.
Осы ауылдың Кәте деген жігіті
Жұрт қатарлы қан-майданға аттанған.

Зар еңіреп елде қалған кәрі ана,
Одан өзге тумаған соң шарана.
Сол Кәтеден хат келіпті бір күні
Жыл шамасы уақыт өтіп арада.

Ел болған соң үміті ғой бәрінің,
Елде қалған кемпір-шалдың – кәрінің.
Бір балаға әлгі хатты оқытқан
Сәуле қылып пілте-шамның жарығын.

Сөкпейді жұрт майдандағы баланы,
Сол балалар емес пе елдің алаңы?!
“Осы жерде жатырмыз!” – деп
жалғыз сөз
Жазған екен, сауаты да шамалы.

Жұрт елеңдеп, жиналып-ақ дүрлігіп,
Отырды да “Тірі екен!” деп қылды
үміт.
“Хат жазшы!” – деп жалынғанда
жанында
Жалғыз сөйлем жаза сапты қу жігіт.

“Не жазайын?!” – деп әуелі сұраған,
Қушікешке аңқаулығы ұнаған.
“Осы жерде жатқанымды жазсайшы,
Анау орман, мынау ағаш, мына маң”.

Жұрт абыржып, айыра алмай анықты,
“Осы жеріне” таң-тамаша қалыпты.
Ал анасы “Тірі екен, – деп, – құлыным!”,
Жалғыз тайын ақсарбасқа шалыпты.

… Ақылшы боп ағайынға, бауырға,
Мінезімен жағып әмсе қауымға.
Ұзақ жасап Кәте де өтті өмірден
Майдангердің соңы болып ауылда.

 

 

ӨМІРДЕН ӨКІНІШПЕН
ӨТТІ АНАМЫЗ

Сұм соғыс қасірет, зардап ала кепті,
Қанша жан қам-көңілін алаң етті.
Ағасы оралмастан сұм соғыстан,
Қамығып ғұмыр бойы анам өтті.

Тақпай ма ер жігітке замана сын,
Ел қорғар ұланына балағасын.
Әңгіме соғыс жайлы бола қалса,
Еске алып Қази деген сол ағасын.

Толтырып жүрегіне мұң-наланы,
Бітпейтін өмірінің шырғалаңы.
“Қай жерде өлді екен?!” деп жылаушы еді
Қанша жыл болмаған соң бір хабары.

Баламыз бойламайтын тереңірек,
Шеккенде қасіретті ел еңіреп.
Өлтірмей үміттерін күтті ғой жұрт
Жоғалған жақындарын “Келеді!” деп.

Үмітін үзіп майдан аңсағанның,
Қайғысын шемен қылған қанша адамның.
“Қырық жыл қырғын болса, ажалды өлер!»
Деуменен туар ма екен қарсы алар күн?

Нағашым сол кеткеннен мол кетіпті,
Бір хаты жете алмастан елге, тіпті.
Інісі жараланып, аман қайтып,
Ол-дағы көздің жасын еңіретіпті.

Сұм қырғын талайларға салған құрық,
Сағынған көкірекке қайғы алдырып.
Бауырын ойлағанда еске алатын
Анамыз өзін-өзі алдандырып.

Анамды жегідей жеп шемен осы,
Қайғыдан кеңеймеді керегесі.
Соғыстан оралмаған ағасының
Жетпіске таяды енді немересі.

Ақиқат айтқызбайды жоқтан аңыз,
Шындықты ақтаруға оқталамыз.
Қайғысын ғұмырына серік қылып,
Өмірден өкінішпен өтті анамыз.

 

ҚҰШАҚТАСҚАН
ҚОС БАТЫР

Чернобыльде – бауырластар қорымы,
Қаза болған батырлардың орыны.
Досмұхамбетов Әбу сонда жерленген
Біздің жерлес, қазағымның өр ұлы.

Үлкен өзен Днепрден өтерде,
Тапсырма алған белді байлап бекемге.
1943 жылғы қазанда
Қаза тапқан жиырма төртке жетерде.

Петр Баюк ротаны бастаған,
Әбу оған көмекші екен тас-табан.
Қардай борап жауған оққа қарамай,
Судан өтіп, жауды қуып тастаған.

Петр Баюк – украин ұланы,
Әбу досы – қазақтың қас қыраны.
Судан өтіп, плацдарм алған соң
Оны өлгенше жаудан қорғап тұрады.

Жан берісіп, жан алысып маңайда,
Жауды өткізбеу керек болған қалай да.
Арттан көмек келе қоймай сәтінде
Қиындыққа тап болыпты алайда.

Қарамаған төніп тұрған қауіпке,
Жатса-дағы бораған оқ жауып не.
Қару-жарақ таусылуға айналған
Бір пулемет – Әбу менен Баюкте.

Қайран достар! Туысқандай болыпты,
Жеткен әскер көзі көріп, соны ұқты.
Бірін-бірі қимағандай ажалға
Екі батыр құшақтасып өліпті.

Тағзым етіп ел қорғаған ерге бұл,
Шабытпенен шарықтайды өр көңіл.
Қос батырдың айырмастан құшағын
Бауырына басқан екен Чернобыль.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp