7 мамыр – Отан қорғаушы күні биыл елімізде мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет тойланды. Осыған орай облыс орталығында бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
ГүлбикеТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мереке күні солтүстікқазақстандықтар 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне арналған ескерткіш маңына жиналып, батыр аталардың рухына тағзым етті. Облыс әкімі Самат Ескендіров бастаған жұртшылық жерлес жауынгерлердің ерлігіне бас иіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң жиналған қауым дивизияның жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұл күні Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне де гүл шоқтары қойылды.
Мерекенің басты шарасы – Петропавл гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің жауынгерлік парады облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев көшесінде өткізілді. Бұл күні ел бойынша Қарулы Күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетілді. Олар өмір бойы ел тыныштығын сақтау жолында аянбай тер төгіп, мемлекет тұтастығын қалыптастырады. Уақыт өтіп, әскери қызметпен қоштасса да, Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, жауынгерлік рухын сақтап қалады. Туған жерге деген құрметі бір мезетке де өшпейтін әскеріміздің атқарып жатқан қызметі ұшантеңіз. Сол себепті ел айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Осы күні ер-азаматтар сап түзеген салтанатты шараны тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды. Алаңға жиналғандар алдымен Жамбыл облысындағы Отар елді мекеніндегі республикалық Қарулы Күштердің жауынгерлік парадын тікелей байланыс арқылы тамашалады. Бұл күн еліміз егемендік алғаннан бері атап өтіліп келетін. Алайда, биылғысы ерекше, себебі, ол күнтізбеге мемлекеттік мереке ретінде енгізілді. Бұдан соң солтүстікқазақстандықтар облыс әкімі Самат Ескендіровтің құттықтау сөзін тыңдады. Өңір басшысы адал еңбегімен ерекшеленген бір топ әскерилерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан соң салтанатты марш ойналып, сап түзеген әскерилердің шеруі басталды. Қазқатар тізілген әскерилердің киген киімдері мен түр-келбеті, ширақ қимылдары көз қуантты, олар сапта жүріп өтіп, әскери өмірдің тәртіп пен күшке ғана бағынатынын аңғартты. Сондай-ақ алаңға жиналғандар Қарулы Күштердің техникалық базасын тамашалады. “БТР” машинасы, танкіге қарсы зеңбірек, саперлік қондырғы – бұлардың бәрі отандық Қарулы Күштеріміздің айбынын асқақтата түсетіні сөзсіз.
Жауынгерлеріміздің техникалық мүмкіндіктерін бақылап, әскеріміздің айбынды, еліміздің мықты екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Осы күні жүрекжарды тілектердің барлығы темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің тыныштығын күзетіп жүрген Отан қорғаушыларымыздың құрметіне арналды. Мерекелік шара барысында Әскери институттың оркестрі мен курсанттары музыкалық аспаптарда ойнап, би аралас саптық байқаумен мереке шырайын аша түсті.