«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗ КӨРГЕНДІ ЕШКІМНІҢ БАСЫНА БЕРМЕСІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сапура ТӘШЕНОВА,

зейнеткер.

1932 жылы Алланың жазуымен біз, әке-шешем, туған-туыстарымыз Ресей Федерациясының Қазақстанға шекаралас Түмен облысына қоныс аударған едік. Оның себебі қуғын-сүргін, аштық кезінде сол жерлерге көптеген қазақтар барып, бас сауғалап, жан сақтағанды.

Біз орналасқан жерде ел азаматтары күн көру үшін колхоз құрып, 50-60 үй болып, ауыл-ауылға жайғасқан. Соғыстың бастапқы жылдары біздің ауылдан 60 жігітті әскер қатарына алып кетті. Ол жауынгерлерді әскери дайындықтан өткізбестен, тура соғыс майданына алып барса керек. Оны дәлелдейтін мағлұматтар – сол кезде келіп жатқан алғашқы хаттар мен “қара қағаздар” еді. Қолына қару ұстай алады дегендерді соғысқа, ал қалғандарын “Еңбек армиясына” деп, елдегі ересек ерлерді алып кетті де, ауылда қалғандары бірен-саран қарттар мен қыз-келіншектер, бала-шаға ғана еді. Сондықтан елдегі жұмысқа жұмылдырар жұрт – сол әйелдер мен кәмелетке толмаған, буындары қатпаған балалар болатын. Мен сол кезде 10 жаста едім. Сабақ берер мұғалімдер тапшы болғандықтан, мектебіміз жабылды да біз колхоз жұмысына араласып кеттік.

 

Есімде: сол жылдары елде қалған ересектер қол соқаның басын ұстап жүрсе, біз секілді балалар аттың басындағы шылбырын ұстап, алқап бетінде күні бойы ат жетектеумен боламыз. Күнде таңның атысынан кешкі батуына дейінгі жүрістен аяғымыз жараланып, қанап келеді. Дәрігерлік көмек тұрмақ, дәрі-дәрмек те жоқ. Тойып ішетін тамақ та, киетін киім де тапшы. Егін жинап болған соң шашылған масақтарды тереміз. Тышқанның іні кездессе, ол – бір бақыт, қазғанда 5 килодай бидай аламыз. Соны үйге әкеліп, жуып, кептіріп, қуырып жейміз. Ол кезде дүкен де жоқ, жарық та жоқ. Кешкілікте майшамға мақтаны қыстырып, соған тоң май құйып, сол жанып біткенше отырамыз. Өйткені, колхоздың жұмысынан басқа да істейтін шаруалар жеткілікті еді. Мысалы, біз бір сиыр ұстадық, соның сүтінен айына 4 кг. майды майдандағылар үшін тапсыру керек және жұмыс арасында болсын, жұмыстан кейін болсын, әйтеуір, айына 4 пар жүн шұлық тоқып беруіміз керек. Бұл – тылдағылардың нормасы…

Барлық бастан кешкен, көзбен көрген қиындықтарымызды айтып жеткізу мүмкін емес, сондықтан шет жағасынан хабардар етейін деген ниетім ғой. Өзім соғыста болмасам да, сол отты жылдардың куәгері ретінде өз басымнан өткендерді еске алсам, бүгінде жасым 80-нен асса да, әлі күнге дейін көзіме жас үйіріледі…

…Сол 60 жігіттің соғыстан 4-еуі ғана елге аман оралды. Қаншама отбасы, ата-ана, бала-шаға аңырап жылап қалды десеңізші?! Бұл – бір ауылдың ғана қасіреті. Ал кең ауқымда алғанда сұм соғыс аса үлкен апат еді…

Сол сұрапыл майданнан оралмаған жерлесіміз Қази Жанмұсаұлы ағайдың елге жазған хаттарынан есімде қалған үзінді:

… Тілеймін медет бер деп Құдайымнан,

Қайғырған еш нәрсе өнбес уайымнан.

Фашистпен соғысқалы 4 жыл болды,

Дамылсыз күндіз-түні ұдайынан.

Күн болды күндіз-түні жауды қуған,

Асырдық Днепр атты өзен-судан.

Құтылмас қашқан қасқыр қуған ерден,

Ұзамас енді көпке бұл антұрған.

Біз қудық келген жауды қойдай қырып,

Соғыстық тәуекелмен қарсы тұрып.

Қаһарман Қызыл әскер екпініне,

Шыдамай, қашты фашист Құдай ұрып.

Он бесте ай нұрланып толар деймін,

Кең бақыт қайта айналып қонар деймін.

“Сары алтын – сабыр түбі” деген сөз бар,

Сабыр ет, жақсылығы болар деймін.

Сарыарқа, суың күміс, бір жер жетпес,

Көруге сені аман мен тілектес.

Жастықта осы кезде көрген бейнет

Қарт болып, қартайсақ та, естен кетпес…

Қазіргі жастарға, соғысты көрмегендерге, соғыс зардабын шекпегендерге Алла тағала ешқашан оны көрсете көрмесін! Елімізге әрқашан тыныштық, бейбітшілік тілеймін! Егемендігіміз үстем болып, Қазақстанымыз жылдан-жылға гүлденіп, көркейе берсін!

Петропавл қаласы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp