«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысы алыстаған сайын өз Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған солтүстiкқазақстандық ардагерлердің қатары жыл санап сиреп барады. Өскелең ұрпаққа сол жылдардың қиыншылығын, ардагерлер еңбегін түсіндіру мақсатында ұрпақ сабақтастығы қажет. Осы орайда мектеп мұражайларының маңызы зор.

Анна КУЧЕРЕНКО,

зейнеткер.

Облыс орталығындағы №2 орта мектептің мұражайында Кеңес Одағының Батыры Виктор Булавскийдің 20 жылдық өмір жолы мен Ұлы Отан соғысындағы ерлігі баяндалған ескерткіш тақта ілулі тұр. Бұл тақта арқылы мектеп оқушылары соғыс жылдарындағы қиыншылық пен атақты жерлестерінің өмірімен танысып, білімдерін толықтыру мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жерлесіміздің жасаған ерлігін тарқатып айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы басталған күннен-ақ неміс-фашист басқыншылармен батыл айқасқа түскен Виктордың полкі 1939 жылы Финляндия майданында Суммаяри кентін жаулардан азат етуге қатысады. Сол жерде полк қаланың жанындағы жау шоғырланған 65,5 жотаны басып алу туралы бұйрық алады. Бұйрықты бірнеше рет орындауға тырысқанымен, жауынгерлер жау оғының астында қалып, шегінуге мәжбүр болады. Себебі, оқты қарша боратқан жаудың пулеметтер мен минометтері әскерилердің алға жылжуына кедергі жасайды. Сонда полк командирі Виктор жеке өзі барлауға баруға шешім қабылдайды. Жасырына жүріп, ашық алаңға жеткен соң еңбектей бастаған аға лейтенант Виктор Булавскийді де жау пулеметтер мен минометтердің оғымен қарсы алады. Төбенің ығына жасырынып, бой тасалаған Виктор көрген-білгенін рациямен батареяға хабарлап, жауға оқ жаудыруды бұйырады. Сол-ақ екен, жауынгерлер де жауға лап қойып, қарсыластың тасталқанын шығарады. Бұл айқаста іші мен кеудесінен жараланған Виктор сол жерде алған жарақаттан қаза табады.

Ерлігімен жолдастарын өлімнен аман сақтап қалған Виктор Булавскийге ұрыс алаңында көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Батыр Сестрорецк қаласында жерленген. Оның есімі Коломна артиллериялық училищесі жеке құрамының тізіміне мәңгілікке тіркелген. Булавскийдің есімі өзі қаза тапқан жотаға, Петропавл мен Санкт-Петербург қалаларының көшесіне беріліп, оқыған мектебінде ескерткіш тақта ілулі тұр.

Жеңiс үшiн, бiздiң болашағымыз үшiн қаза тапқан жауынгерлердiң есiмдерi жүрегiмiзде мәңгi сақталады. Сондықтан бiз Виктор Булавскийдің ерлігін мәңгі жадымызда сақтап, дәл сондай қаһармандық жасаған азаматтар бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болса екен деймін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp