«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕРБОЛЫМЫЗ ЕДІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақсыбай САМРАТ,

жазушы.

Ерболдың кіндік қаны Солтүстікте тамып, үлкен жерлерге өлкемізді лайықты түрде танытып жүрсе де, Қызылжар өңірі оны жақсы білді, өнерін бағалады деп айта алмаймыз. Оның нешетүрлі себептері бар. Алдымен, біздің менталитетіміз басқа қазақтан өзгешелеу. Ешкімге “ой-бауырымдап” тұрмаймыз. Салқынбыз. Мұны орыстілділердің бойынан ғана емес, таза қазақы қалыптағы жігіттерден де байқауға болады. Шетте жүргендеріміз де сол қалыптан аса алмай, Астанада, Алматыда немесе басқа да ірі қалаларда жүрген басқа аймақтардың жерлестері бір-бірімен жымдасып, туған-туыстардай араласып жатқанда біз аман-саулықты сұрағаннан алысқа ұзай қоймаймыз…  

Ең жаманы біз барымызды бағалап, басымызға көтеріп, жас ұрпаққа жақсыларымызды таныстырып, үлгі етуге шорқақпыз. Бұл біздің өңірде елдікті, өлкеміздің рухани тұрғыдан өркендеуін көбірек ойлауға тиісті басшылар мен қосшылардың, ауызы дуалы ақсақалдар мен ақылмандардың кемшін болуынан ғой деп ойлаймын.

 

Ербол Шаймерденов 20-ға жуық кітап шығарған ақын, зерттеуші, жазушы-публицист, рәмізтанушы. Ол – саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына сарп еткен қоғам қайраткері. Сол кітаптардың тым болмаса біреуін біздің солтүстікқазақстандық жерлестеріміз атап бере алар ма екен? Ай, атап бере алмайды-ау. Мүмкін Ұлттық рәміздеріміз туралы оқулыққа енген еңбегін оқушылар білетін шығар, білмесе ол да жоқ. Оның облысқа келіп-кетіп жүрген уақыттарында кездесулер өткізіп, жастарға, өскелең ұрпаққа танытқан бірде-бір шара болды ма? Сол да болмады-ау…

Рас, Республикалық ұланның қолбасшысы болған жерлесіміз, бүгінгі Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатовпен андасанда кездесулер өтіп тұрады. Онда да патриоттық тәрбие беру мақсаты мемлекет тарапынан міндеттелген соң ғана тиісті мекемелерде азды-көпті қозғалыстар бар. Ал өңірімізден шыққан басқа тұлғаларды біз мерейтойы немесе қазасы болғанда ғана еске аламыз.

Міне, осындай себептердің кесірінен Ерболды бәріміз де, соның ішінде қалам қамшылап жүрген өзіміз де дұрыс білмедік. Тереңірек білген болсақ, бәлкім, жерлестерге, іні-қарындастарға оны танытпақ болып, шама-шарқымызша әрекет етер ме едік, кім білсін.

Менің пікірімде Ербол Шаймерденов қатардағы ғана ақын болатын. Оның негізгі қасиеті – жақсы ортаға тез сіңіп, жайлы орынтақтарға орайын келтіріп отыра қоятын ептілігі деп ойлайтынмын. Қысқа сөзбен айтқанда, оны ірі қызметтерге жетуге тырысатын шеншіл шенеунік деп қана танитынмын. Рас, оқтасанда кездесіп қалғанда ол сараң тілмен менің кітаптарымды оқығанын айтып, ризашылығын білдіріп тұрды. Бірақ, одан әрі тереңдеп, ештеңе айтпай, жымия қарайтын жорға әдісіне салып, тез қоштасқанына аздап ренжіп те қалатынмын. Сөйтсем, асылды танымай, арыстың қасиетіне бойламай, үстірт ойлап, сыртынан тон пішеді екенмін.

Ол бүгінгі күннің күйбең тірлігінен әлдеқайда алыстап, пендешілік күйкіліктен әлдеқайда биіктеп, күллі адамзаттың ақыл-ой даналығын тудырған алыптармен сырттай кеңесіп, солардың ақыл-кеңестерін қазақшаға жеткізумен жанын жеп жүреді екен ғой. Сондықтан да ол бүгінгі күйбеңнің бәрін өзі шығып жүрген биікпен салғастыра қарап: “Е, мұның бәрі жай дүниелер ғой”, – деп жымия қарап, жүре береді екен.

Бірақ, Ерекең бүгінгі тірліктен мүлде алыстап, шалықтап, қиял қуып кеткен жоқ. Өзіне тиісті сыбағаны босатпай, орнымен ұстай да білді. Осы жерде Ерекеңді бізден гөрі жақсы білген курстасы, белгілі қаламгер Ғалия Қайдауылқызының сөзін келтірелікші: “Ол тар­сыл­­­дап­ жүр­мей­тін,­ қарқылдап күлмейтін, мастанып қай­қаң­­да­май­тын,­ жағынып жалпаңдамайтын, лепіріп мақ­­тан­­бай­тын,­ еш­кімнің ал­дын­да­ ақталмайтын, ізгі сөзді айтудан,­ жақсы істі жасаудан жа­лық­пайтын, қиындықтан қа­­йм­ық­­пай­­тын,­­ жауға жарасын біл­дір­мейтін, ешқашан ештеңені бүлдірмейтін, қара нардай кө­нім­паз, хас батырдай жеңімпаз, ер тұлғалы естияр азамат – Ер­бол десе, де­гендей еді”, – депті ол. Осындағы “ізгі сөзді айтудан,­ жақсы істі жасаудан жа­лық­пайтын” дегенді өз басымнан өткен бір іспен тірілте кетейін.

2004 жылы мені “Егемен Қазақстан” газетінің редакциясына акционерлік қоғамымыздың сол кездегі президенті Ержұман Смайыл ағаның өзі қызметке шақырды. Рас, “Егемен Қазақстанға” сол кездері жиі шығып жүрсем де, Астанада журналистер толып жүргенде Қызылжарда жатқан мені қалай шақырды екен деп таң қалдым. Сөйтсе, оның сырын кейін Ержұман ағаның өзі айтты. Олар – Ербол екеуі ҚазМУ-де бірге оқыған курстастар, жақын араласатын достар екен. Бір отырыста Ерекең оған мен туралы жақсы пікір білдіріп, қызметке алса, қателеспейтінін айтқан екен. Сол сөздің арқасында мен “Егеменге” келіп қалыппын.

Басқа біреу болса: “Егеменге” сені алдырған мен едім”, – деп міндетсіреп, төбемді оймаса да, ойыншынды араластырып, иығымнан түспей қояр еді. Ал Ербол ағамыз осы жақсылығын аузына да алған жоқ. Тек бір үлкен отырыста өзім соны айтып, жұрттың көзінше Ерекеңе ризашылығымды білдірдім. Ал ол сол баяғы жымия қалатын жорғалығына бағып: “Ондайлар талай болды ғой”, – деді де қойды… Нағыз мәрттік деген осы емес пе?!

Ербол ағамыздың қазасына бүкіл қазақ қабырғасы қайысып қайғырды. “Алтынның қолда барда қадірі жоқ” дегендей, оның қасиетін енді ғана сезініп, дүниенің кеміп қалғанын көріп қапаланған жандарда хисап жоқ. Бәрі де – елге танымал, қазақ деген халықтың сүт бетіне шығар қаймақтары. Түркістаннан өзегін өртеген өкінішін профессор Құлбек Ергөбек былай жеткізіпті: “Елін емірене сүйер еді Ербол. Елтаң­ба­мыздан тартып, елдік рәміздерімізді ел­ге түсіндірген “Елтану әліп­пе­сін” жазған Ербол еді. Оның бұл саладағы ең­бектері саяқ емес, “Қазақ елінің рәміз­дері” (1993), “Елтану әліппесі” (1998), “Әз Астана” (1999), “Қазақстан Республика­сы­ның рәміздері” (2001), “Елтаным” (2005) секілді кісіні отаншыл рухта тәр­биелейтін сүйкімді, үйірлі еңбектер болатын. Ол қай тақырыпта да жанын сала жаза­тын. “Көңіл суреті” (1995), “Жүректегі жазулар” (2004) сынды екеуміздің ортақ аға­мыз Г.Бельгер алқалаған жыр жи­нақтарыңды былай қойғанда, ертеректе, сек­сенінші жылдары жазылған “Тыңда то­ғыс­қан тағдырлар” желілі очерктеріңнің өзі жүректен туып жүрекке жеткен өлең­ге бергісіз туындылар еді ғой.

А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега- и- Гассет, К.Яперс, М.Хайдеггер… сынды дүн-дүние ойшылдары шығармаларын тамылжытып тәржімалауыңның өзі неге тұрар еді?! Соңғы аудармаңның бірі “Өркениеттегі” А. Камюдің философиялық туындысы болар. …Әрідегі “Ақыл-ой антологиясы”, берідегі “Да­налық дидары”, “Ақиқат айнасы” осын­дай көзмайыңды тауыса оқу, ақыл-ойың­ды жұмылдыра тәржімалау арқылы туған жоқ па?! Тіпті, мынау сенсіз, сенің өзің­сіз сүлесоқ парақтап отырған қазақ ой-шылдары ой-пікірін тергіштеген “Қазақ афоризмі” де сенің осындай әлемдік да­налық додасын шарлаудан кейін ойыңа келген, ойыңа келіп, сенің ойпаздығың ар­қасында ойлы жүзеге асқан “Құран кі­табы” емес пе?!”. Осынша даналық еңбектерді қазаққа қалай жеткізуді ғана ойлап жүретін Ербол ағамыз ұсақ-түйекке пысқырмай жүретіні содан екен…

Қай жерде ақылды қазақ болса, Ербол Шәймерденов солармен дос болыпты. Ақмолада ұзақ жылдар облыстық газеттің бас редакторы болған Жомарт Әбдіхалықов деген жақсы азаматпен де жан аяспас достар екен. “Екеуі қыз бен жігіт құсап түнімен сырласушы еді”, – дейді жеңгеміз. Сондай пікірлесетін ағаларының бірі Мұзафар Әлімбаев ақсақал екен. Ақылды тұжырымдарды андыздатып тудырып жүрген абыз ағамыз Ерболды өзіне ізбасар санаса керек. Көзі тірі ойшыл жазушыларымыздың бірі Әкім Тарази: “Ербол екеуміз “Бәйтеректі” айналып, жаздыгүндері түнімен жүріп әңгімелесуші едік”, – дейді. Демек, ақылы терең адамды ойландыра білетін, қызықтыра алатын ынтық дүниелер туа беретін болып тұр ғой Ерболдың басынан. Осы Әкім ағамыз Ерболдың әдебиеттегі халтураны жібермеуге келгенде табандап тұрып алатын принципшілдігін де еске алып еді. “Досқа алаңсыз адал, дұшпанға қайы­рымсыз қатал, өнердегі ойға зарлы, өнер­дегі халтураға кәрлі еді ол. …Қызғаныш, күншілдік, өтірік, өсек, аяр, аяң, баққұмарлық, мансапқұмарлық бәрінің дарынсыздық жемісі, рухсыздық салдары екенін жақсы білді. Ойын аяғын алдырмады, аяғын жамандыққа шалдырмады”, – депті Құлбек ағамыз да.

Табиғат бір жылы далаға ырысты мол, бір жылы шөл қылып беретіні сияқты адам қоғамында да әр жылдың төлдері әртүрлі болып келеді. Ербол Шаймерденовтің те ҚазМУ-де бірге оқыған тұстастары шетінен “сен тұр, мен атайын” дейтіндей кілең бір мықтылар. Солар – Ержұман Смайыл, Серік Байхонов, Мағауия Сембай, Қуаныш Жиенбай, Сүлеймен Мәмет, Сағидолла Көшімбаев, т.б. курстастарының бәрі де Ерекең туралы естеліктер жазды. Қырық күндік дұға асында барлығы, алпысқа келіп қалған жастарына қарамай, аяқтарының ұшымен басып, қызмет етіп жүрді. Кәкімбек Салықов, Әбіш Кекілбаев, Сарбас Ақтаев, Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Зәуре Қадырова және т.б. ұлтымыздың ұлағатты ұлдары мен қыздарының бәрі Ерболды есіне алып, қабырғалары қайысып, естеліктер айтты. Осы арада “аулаққа шықпай, сыбырлап бұқпай, мейірленбес еш сөзге” дейтін қыбырлақ-жыбырлақтардың: “Күйеу баласы Вице-Премьер болған соң кім келмес дейсің?!” – дегеніне де жауап бере кетелік. Вице-Премьерді сыйлағаны үшін келген министр, вице-министр, комитет басшылары сияқты лауазым иелері де толып отырды, бірақ мен оларды емес, Ерекең үшін келген жақсылар мен жайсаңдарды ғана атап отырмын. Солардың ішінде 90-ға келіп қалған жасына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қазақ әдебиетінің ірілерінің тірісі, тірілерінің ірісі Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың арнайы келгені де Ербол Шаймерденовтің басы қаншалықты қымбат екенін аңдатты. Әбдіжәміл ағамыз – аса кірпияз, талғампаз жан. Осы жиынның үстінде-ақ ол туралы Әбіш Кекілбаев: “Артына келгенді тебетін, алдына келгенді тістейтін Әбекеңді мойындатқанынан-ақ Ербол бүкіл қазақты өзінің өнерімен тәнті еткенін біле беріңіздер”, – дегені тарихи сөз болды. 90-ға келген абыз Ерболды көптен білетінін, оның “Қан мен тер” романына алғашқылардың бірі болып, әділетті, жазушының өзі аса мән бермеген, тым терең тұстарын көзге шұқып көрсетіп бергенін өмір бақи ұмытпай, ырза болып жүретінін білдірді. Өзге сөзі бір бөлек, осы тұсы бір дерек болды. “Қан мен тер” шыққанда Ербол Шаймерденов, тіпті, балаң ақын ғана еді ғой, сол кездің өзінде-ақ ол мықтыларды мойындата білген екен-ау. Бір ақылман адам: “Адамның тіршілікте кім болғанын білгің келсе, жаназасына келген адамдардың сапасына қара”, – деген екен. Осы тұрғыдан бағаласақ, Ербол Шаймерденовтің қандай арыс азамат болғанын көкірегінде сезімі бар жанның бәрі көрді.

Міне… Біз өңірімізден шыққан осындай атпал азаматымыздан айрылыппыз, ағайын. Енді оның “екінші өмірі” басталды. Фәнидегі өмірінде жете танымасақ та, енді сол “кінәмізді” бақидағы, “екінші өмірін” жақсылап насихаттаумен жуайық. Уақыты келгенде Қызылжардан бір көше атын, туған жері мен қалада мектеп атын Ерекеңнің есіміне беру – парызымыз. Кеңірек насихаттап, ендігі жылы келетін мерейтойлы 60 жасын туған жерінде лайықты атап өтейік. Адамның өзін емес, мемлекеттен алған марапатын санамалай бастайтын кейбір төрешіл шенеуніктер үшін айтар болсақ, Ербол Шаймерденұлы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағын алған, “Құрмет” орденімен, М.Дулатов атындағы республикалық сыйлықпен марапатталған. Жоғарыда аталған кітаптарына қоса, “Арман қала – Астана”, “Төгеді жаңбыр”, “Асыл жар”, “Көлсай”, т.б. ән мәтіндері тыңдаушылар жүрегіне жол тапқан. Арысымыздың соңғы, “Қазақ афоризмдері” атты еңбегі барлық өмірін қорытындылаған дара жинақ іспеттес. Ол Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін, әл-Фараби, т.б. бастау алып, 25 ғасырдағы қазақ даналықтары, аталы сөздерін топтастырған, ұлт руханиятына қосылған өлшеусіз үлес болды. Сол кітап туралы жазған мақаласында белгілі қаламгер Сүлеймен Мәмет: “Бұл – қазақ афоризмдерінің тұңғыш антологиясы! Ақыл-ой антологиясы! Бұл кітапты сан ғасырлық тіршілік тағылымынан нәр алған мәуелі даналық дарағы десе болар еді… Бұл кітап – адам тағдыры һәм адамзат тағдыры туралы кітап. Бұл кітапты афоризмдермен айшықталған тарихи баян десе де болады. Бұл кітаптан қазақ сө­­­зі­­­нің небір жауһарларын кез­­­­­дестіресіз”… деп жазды “Егеменде”. Міне, осы еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылса да лайықты. Еңбегі ерен Ербол еріміздің есімін естен кетпестей ескеретін болсақ, елдіктің белгісі сол болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp