«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАДЫНДА БЕЛАРУСЬ ОРМАНЫ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Украина мен Беларусь елдерінен жолданған үшбұрышты екі хатты әжім қолдарымен қыса түскен ардагер көзіне жас алды. Қол орамалын алып, көзін сүрткен қарттың бұл толғанысының жөні бар: ол өзінің жігіттік шағының жеті жылын сол елдерде өткізген. Бұл өмір мен өлім арпалысқан қилы заман болатын.  

– Е, қарғам, 96 жасқа аяқ басқан кәріден не сұрайсың?! Соғыс зобалаңы жүрекке өшпес жара қалдырды ғой. Сол жылдардағы оқиғалардың бірен-сараны ғана есімде, тіпті, ондағы қандыбалақ жолдастарымның аттарын да ұмытып қалыппын. Тек көз алдыма даланың көк түнекке оранғаны елестеп, айналада гүрс-гүрс еткен зеңбіректің дауысы естілгендей болады. Әсіресе, оң аяғым сыздаған кезде, соғыстың қасіреті денемді шымырлатады. Бірақ еліме, жеріме неміс басқыншыларының аяқтары тимегеніне қуанамын. Жарымжан болсам да, еліме аман-есен оралғаным үшін тағдырыма разымын. Тәуба, Алла тағала маған ұзақ ғұмыр берді, – деген Қуанышбай ақсақалдың көңілі жадырай бастады.

 

1939 жыл. Қуанышбай Байманов өзінің туған жері – бүгінгі Есіл ауданы Жарқайың ауылынан әскер қатарына шақыртылған кезде 23-ке енді қараған жігіт болыпты. Ата-анасы ерте бақилық болып, жетімдіктің тауқыметін, заманның зобалаңын көріп ержеткен оның мінезі жасынан қайсар екенін солдат киімімен түскен ескі суреті аңғартып тұрғандай.

Украинада әскери борышын өтеп, енді елге ораламын деп жүрген кезде фашистердің кенеттен соққы жасаған таңы Қуанышбай ақсақалдың санасында қасіретті күн ретінде қалған. Ол да ел қатарлы мылтық асынып, соғысқа аттанады. Жау шабуылына төтеп бере алмай, артқа шегінген 2-ші Беларусь майданынан бөлініп қалған оның ротасы орман ішінде партизандық жасайды.

– Үш жыл бойы мекеніміз Беларусьтің қалың орманы болып, жауға қарсы астыртын іс-әрекеттер жасадық. Мақсатымыз – маңдағы жау әскерінің қозғалысын аңдып, шамамыз жеткен жерде оларға соққы беру, көздерін жою. Майданға алып бара жатқан қару-жарақтарын, азық-түліктерін өткізбеу. Жұмысымыздың нәтижелері мен бағыттары туралы жақын маңдағы Гомель қаласындағы штабымызға хабарлап тұрдық. Қырық шақты партизан болды. Ал біздің алты адамнан тұратын тобымызды Леонид Демин деген жігіт басқарды. “Қияңқылығымыздан” шаршаған немістер бізді ұстап алуға әрекет жасады. Оларды ізімізге түсірмеу үшін батпақты жерді паналаймыз. Бүгін орманның батысында жүрсек, ертеңіне шығысынан бірақ шығамыз. Сондықтан біздің тұрақты орнымыз да, демалатын жеріміз де болған жоқ. Жертөле жасап алып, сонда жатамыз. Аяғымыз саз, үстіміз су. Оны кептірейік десек, от жағуға болмайды. Ағаштан күрке жасап, соның ішінде тығылып отырып, от жағып, шай қайнатамыз, киімімізді кептіреміз. Қорғанымыз да, асыраушымыз да – табиғат. Орманда жортып келе жатқанда түтіннің исі шықса, қалаға жақындағанымызды жорамалдаймыз. Әртүрлі табиғи құбылыстарға қарап, ауа райын болжаймыз. Қарын аш. Немістердің майданға алып бара жатқан вагондарының тас-талқанын шығарған кезде, солардың тамағына бір тойып қаламыз. Уақыт өте ауыр болды. Төздік. Ең бастысы – жауынгерлердің бір-біріне деген құрметінің, сыйластығының, түсіністігінің, жанашырлығының арқасында жеңіске жеттік, – деген қарттың сөздері жігерлі естіліп, жанарынан ұшқын сезілді.

Қуанышбай қарт сондағы қандыбалақ жолдастарымен байланыстың кейін үзіліп қалғанына өкінішін білдіреді: “Негізгі әскерге қосылғаннан кейін бір-бірімізден көз жазып қалдық. Аға-бауырдай болған олардың бет-бейнесі әлі күнге дейін көз алдыма елестейді. Сағынамын”, – дейді ардагер ауыр күрсіне.

Оның өз ротасынан ажырап қалу себебі: 1944 жылы Кеңес армиясы Беларусь жерін неміс басқыншыларынан тазарту үшін жауды қудалай отырып, Батысқа қарай жылжиды. Алайда, Қуанышбай Байманұлы шайқаста жарақат алып, госпитальға түседі де, майдандастары әрі қарай жылжып кетеді. Екі ай бойы ауруханада жатқан солдат жазылып, майданға оралған кезде қайта жарақат алады. Оң аяғының тобығына тиген оқ сүйегін үгіте тесіп өтіп, ол аурухана кереуетіне тағы таңылады. Иванов облысындағы әскери госпитальға жеткізілген жауынгер Жеңісті сонда қарсы алыпты. Жеті жыл солдат етігімен батыстың топырағын таптаған қазақ жауынгерінің еліне деген сағынышы үдеп, бір жылдан кейін балдаққа сүйеніп тұра бастағанда-ақ жолға жиналып, еліне оралады.

Қуанышбай Байманов әскер қатарына шақыртылғанға дейін техниканың құлағында ойнайтындардың бірі болған. Сондықтан соғыстан кейін де оған жұмыс дайын тұрады. Ол бейбіт заманда әртүрлі жұмыстарды атқарып, еліне абыройлы қызмет еткен. 1974 жылы зейнеткерлік жасқа жетсе де, екі қолын қусырып отыра алмайтын қарт ауыл қырманында 70 жасқа дейін жұмыс істейді.

– Қуанышбай соғыстан оралғанда 30-ға таяп қалған жігіттін. Оның немере ағасы келіп, құда түскенде мен 19 жаста едім. Екеуміз 65 жыл отасып келеміз. Екі ұл мен қыз өсірдік. Бүгінде немере-жиеннің қызығын қызықтап қана отырмыз. Ендігі арманымыз – шөберелердің маңдайынан бір иіскеу. Ол – еңбекте замандастарының алды болды. Өз тағдырыма осындай жардың жолыққанына ризамын, – дейді зайыбы Бадыгүл әжей.

Қуанышбай Баймановтың төсінде Ұлы Отан соғысы ордені мен бірнеше медальдар жарқырайды. Ал осыдан екі жыл бұрын соғыс ардагеріне Петропавл қаласында екі пәтерлі үйдің кілті табыс етілген. Бұл, әрине, майдангер үшін үлкен қуаныш, бірақ 96-ға аяқ басқан ардагердің басты тілегі – ұрпағының бейбіт өмір сүруі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp