«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАРАЛЫЛАР” ЕШКАШАН ЕСКІРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда қалалық Мәдениет үйінің халық театры Валентин Крымконың пьесасы бойынша “Жаралылар” (“Раненые”) спектаклін жұрт назарына ұсынды. Оны режиссер Надежда Окунева сахналады.

 

Анна КУЧЕРЕНКО, зейнеткер.

Ұжым осы шығарманы алғаш рет осыдан 28 жыл бұрын Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арнап сахналаған болатын. Отан қорғаушылардың жауларын жеңу жолындағы жанқиярлық ерлігін, жаралы жауынгерлерді аман алып қалу жолында адамдардың өз өмірін пида етуден тайынбайтындығын сипаттайтын пьесаға театр әртістері тағы да оралып отыр.  

Спектакль 1941 жылғы оқиғаны баяндайды. Фашистер өршелене алға жылжуда. Қанды шайқаста жараланған жауынгерлер амалсыздан қалың ағаш ішіндегі орманшының үйін паналайды. Оларды орманнан шығарып, тылдағы госпитальға жөнелтетін де жан қалмаған. Бар ауыртпалық медбике Варяның иығына түседі… Осы бейнені халық театрының әртісі Елена Таранюк тамаша сомдап шықты. Ол 1985 жылғы алғашқы қойылымда орманшының қызы Аннаны бейнелеген болатын. Енді Елена 28 жылға жасарғандай кейіппен медбике Варяның бейнесін беріле ойнайды. Басты кейіпкердің жаралыларға медициналық көмек көрсететіндігі, өзінің қайырымдылығымен жауынгерлерге рух беретіндігі қойылымда жақсы көрініс тапқан.

Дәрігер Шевелеваның тұлғасын Ирина Маркина сомдайды. Шевелева-Маркина адамдарды жан-тәнімен сүйетіндігімен, Гиппократ антына адалдығымен ерекшеленеді.

Санитар Рогатинаның бейнесі (А.Любых) де – сенімді түрде сомдалған кейіпкерлердің бірі. Ал саяси жетекшінің образын айнытпай келтірген Владимир Сутулов Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай көрсетілген спектакльде де осы тұлғаны орындап шыққан еді. Қарт тарланның әлі де тұғырда екеніне таңғаласың.

Осынау отансүйгіштікке тәрбиелейтін спектакльді бірінші болып еліміздің болашағы саналатын оқушылар мен жастар көрді, ал Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерлер тамашалады, жерлес сахнагерлердің өнерлеріне ду қол шапалақтап, құрмет танытты.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp