“Ардагерлерді ардақтайық!” атты республикалық акция аясында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы мен “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері “Ұмытылғанды жаңғырту” айлығын қолға алды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қарт майдангерлерге көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылған шараны еңбек десанты алдымен Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан бастады. Бұрынғы “Тимуршылар жасағының” игі істерін тағы бір қайталаған өңір жастары қариялардың аулаларын тазалап, отын-суларын дайындап берді. Жастарды көріп, көңілденіп қалған қариялар балаларға ақ батасын берді. “Жас Отан” жастар қанаты мүшелерінің сөзіне қарағанда, республикалық акция аясында олар алдағы уақытта да майдангерлердің үй шаруасы мен басқа да қажеттіліктеріне қолғабыс беріп отыруды көздеп отыр. Ұлы Жеңістің 68 жылдығы қарсаңында майдангерлер мен тыл ардагерлеріне қамқорлық көрсету жүйелі түрде жалғасатын болады.
Сонымен қатар жастар қанатының белсенді мүшелері соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіштерге нақты тізімдер дайындап, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне азық-түлік пен естелік сыйлықтар тапсыру жұмысын жалғастырмақ. Сондай-ақ әр аптаның соңында сенбіліктер өткізу ұйғарылып отыр.