Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жуырда Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылдық округінің әкімі Мейрам Сүлейменовке Ленинград облысының Лодейное Поле елді мекенінің маңындағы Ұлы Отан соғысының ұрысы болған жерде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан іздеушілер телефон шалып, қаза болған жауынгерлердің біреуінен осы ауылдың тумасы Мұқажан Махметовтың медальоны табылғанын хабарлады. Ауылдық округтің әкімі ленинградтық іздеушілерге жауынгерлік жеке белгісі табылған Мұқажан Махметовтың осы ауылдың тумасы екенін растап, оның мұнда соғыстан аман-сау оралып, бертінде қайтыс болған ағасы Нұрғалидың отбасы тұратынын айтты.
Атасының із-түзсіз жоғалған бауырының хабарын естіген Нұрғалидың Астана қаласында тұратын немересі Ержан ленинградтық іздеушілермен хабарласып, атасының сүйегін елге әкеліп жерлегісі келетінін білдірді. Ондағылар оған іздеу жұмыстары аяқталып, ресми құжаттаудан өткеннен кейін хабарласатындарын айтқан. Сөйтіп, топырақ бұйырса, Лодейное Поледе көз жұмған жауынгер жетпіс жылдан кейін туған бауырының жанынан мәңгілік мекен табады.