Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше облыс орталығындағы “Динамо” стадионында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетуге, Отан қорғаушы күнін атап өтуге, “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімнің құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен өткен жиында өңіріміздің бірқатар полицейлері марапатталды.
Өзімен бірге Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенко, Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер, әуе генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев қатысқан жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров:
– Қазақстандық полиция қызметкерлері еліміздегі құқықтық тәртіпті нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдай мен мүмкіндікке ие. Полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Жұмысқа қажетті автокөліктер мен ұйымдастыру техникалары алынуда. Үстіміздегі жылы Ішкі істер департаменті мен “Динамо” спорт кешенінің алаңдарын күрделі жөндеуден өткізіп, жарақтандыруға 51 миллион теңге қаржы бөлінді, – деді.
Самат Ескендіров ішкі істер органдары жас мамандарының қызметтерін абыройлы атқаратынына зор сенім білдіріп, бірқатар тәртіп сақшыларын облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапаттады.
Әріптестерін айтулы күндермен құттықтаған Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмханов 15 жылдығын атап өткелі отырған “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімнің қызметіне аз-мұз тоқталғаннан кейін Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бірқатар тәртіп сақшыларына мерзімінен бұрын арнайы шен тапсырып, “Құқықтық тәртіпті мінсіз қамтамасыз еткені үшін” медалімен, “Қазақстан Республикасының полициясына – 20 жыл” төсбелгісімен, Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Самат Ескендіров, Анатолий Башмаков, Александр Викторенко, Талғат Мұсабаев, ІІД-нің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев кіші және орта басқарушы құрамның кезекті арнайы шендерін – 30 жас маманға погон тапсырды.
Марапаттау салтанатынан соң “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлім тәжірибелік көрсетілім жасағаннан кейін мерекелік шараға жиналған қауым олардың әскери киімдері, қару-жарағы, техникалары қойылған көрмені тамашалады. Жаңадан салынған спорттық алаң көрсетіліп, осы жерде жас мамандар құрметті қонақтармен бірге естелік суретке түсті. Шырша көшеттері отырғызылғаннан кейін облыс әкімінің жүлдесі жолындағы волейбол және шағын футболдан ақтық ойын өтті. Оның қорытындысы бойынша волейболдан 1-орын Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бұйырса, шағын футболдан Жол полициясы басқармасының командасы жеңімпаз атанып, облыс әкімінің қолынан сый-сияпаттар алды. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, түрлі байқаулар ұйымдастырылды.