«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РҮСТЕМ ЖҰМАЕВ – “ҚЫЗЫЛЖАР БАРЫСЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Отан қорғаушы күні облыс орталығында қазақ күресінен “Қазақстан барысы” турнирінің облыстық кезеңі өтті. Балуандар бәйгесінде 32 спортшы өз аудандарының намысын қорғады.
Шараға қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров күрес десе ішкен асын жерге қоятын қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

“Қазақстан барысының” үшінші кезеңіне қатысқан 16 жұп боз кілемде олимпиадалық жүйе бойынша өнер көрсетті. Күндізгі сағат үш шамасында басталып, күн бата аяқталған жарыста қарсыластарын алып та, шалып та жыққан балуандар қара терге малшынып жүріп, ақырсоңында араларындағы қас мықтыны анықтады.

 

Арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысқан 16 жұптың ішінен жүзден жүйрік шыққан Рүстем Жұмаев пен Айбек Қырықбай шешуші белдесуге жолдама алды.  

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орын мен “Қызылжар барысы” мәртебесін додада үздік өнер көрсетіп, бар қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен самбо күресінен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері Рүстем Жұмаев (125 кило) жеңіп алды. Сөйтіп, сайыс жеңімпазы бас бәйге – 1 миллион теңгенің сертификатын қолына ұстады. Бәсекелі сайыста жұртшылыққа жете таныс, былтырғы “Қазақстан барысының” облыстық кезеңінің жеңімпазы Айбек Хырыхбай (80 кило) екінші орынды иеленіп, 250 мың теңгені қанжығасына байласа, Қызылжар ауданының балуаны Исатай Макарамов 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сонымен қатар жарыс жеңімпазы мен қос жүлдегердің жаттықтырушылары Сергей Волобуев, Есләмбек Бекмурзин және Мақсат Жүсіповке ақшалай сыйлықтар берілді.

Сайыстың үшінші кезеңінің жеңімпаздары – Рүстем Жұмаев пен Айбек Қырықбай Солтүстік Қазақстан облысының атынан Астанадағы финалдық белдесуде өңір намысын қорғамақ.

Қазақ күресінен Президент жүлдесі үшін биыл үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған “Қазақстан барысының” иегері Астана қаласының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында елордада 30 маусым күні анықталады. Биылғы бәсекелестік те жоғары, жүлде қоры да қомақты. “Қазақстан барысы” атанған балуан 150 мың доллар көлемінде сыйақымен бірге, “Алтын белбеу” және “Тайтұяқ” жүлдесін алады.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp