Гауһар МҰҚАТАЕВА,
журналист.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров өңірімізге келген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевпен және жерлес ұшқыш-космонавт Александр Викторенкомен кездесті.
Солтүстік Қазақстан өңірінен бірнеше ғарышкерлердің шыққанын атап өткен облыс әкімі жұмыс сапарымен келген қонақтарға тұшымды әңгімелері үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да жақсы әріптестік орнатып, жемісті жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.
– Облысымызға көзқарастарыңыз жақсы. Ұдайы келіп тұратындарыңызға ризамыз. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде Александр Викторенко атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалған. Ол оқушыларды ілгері жетелейді, – деді облыс Самат Ескендіров.
* * *
Түстен кейін облыс әкімі Самат Ескендіров, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер ұшқыш, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев, ғарышкер ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков Петропавл құрылыс-экономика колледжінде болып, үздік студенттер мен оқытушыларды А.Викторенко атындағы дипломмен және сыйлықпен марапаттау рәсіміне қатысты.
Салтанатты рәсімге жиналғандарды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтап, оқу орнының материалдық базасын нығайту үшін 1 млн. теңгенің сертификатын табыс етті.
2002 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан “Ғарыш сыйлығының” бастамашысы, аталмыш колледждің бұрынғы директоры Анатолий Башмаков білім ордасының игілікті істеріне жетістік тілесе, Талғат Мұсабаев гитарада сүйемелдей отырып, ғарышта шырқаған Абайдың “Көзімнің қарасы” әні мен “Я встретил вас” романсын орындап берді.
Ал Александр Викторенко 10 студент пен 4 оқытушыға атаулы сыйлықтың дипломдарын табыс етіп, олармен бірге суретке түсті.