«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫҢМЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамыр басталғаннан өзгеше бір күйге түсемін. Өзіңе тартып қанша мықты болайын десем де, сезімімнің пернелері сағыныштың сазына шыдамай жиі үзіледі… Көшеде көзім түскен ардагерлердің ордендері мен медальдары арасынан “Қызыл Жұлдыз” іздеймін, көзіме ілінбейді. Ағаш аяқтылар да жоқ. Ондайда: “Менің әкемнің екі бірдей “Қызыл Жұлдыз” ордені болған”, – деген бала күнімнен қаныма сіңген мақтаныш сезімім толып жатқан орден-медальдар арасынан өзіңе ерекше ыстық, сол себепті де біздің назарымызға айрықша ілінетін қос жұлдызды көз алдыма әкеледі. Біреуінің бір ұшының бояуы жоқ. “Бұл өзіммен майдан даласында бірге жүріп келген орден ғой”, – деп, сипап қоятынсың оны. Екіншісі – қырық алтыншы жылы артыңнан “іздеп” келген, сондықтан жап-жаңа болып тұратын.

Жанкүміс ҚАБДОЛҚЫЗЫ,

журналист.

Әкем соғыс туралы көп айтпайтын. Ілуде бір ыңғайы туып, суыртпақтатсаң: “Оны қайтесіңдер, құрысын, аты өшсін, енді сендерге оны көрсетпей-ақ қойсын”, – деп тұнжырап үнсіз қалар еді…

Соғыс басталысымен, 1941 жылдың тамызында майданға шақырылған әкем – Қабдол Жәмеңкеұлы бірінші Беларусь майданында, маршал Рокоссовский армиясының қатарында Отан қорғауға қатысқан. Екі рет жараланып, екі рет қайтадан майданға кірген. Үшінші рет жау снарядының жарықшағы оң аяғының басын жұлып кетеді.

 

– Снаряд атылған соң түсінікті, қара жердің асты үстіне шығып, топырақ пен түтін араласты да кетті. Окопта жатырмыз, бас көтертпейді. Тағы да гүрс етті, тек әйтеуір басымызды сауғалап, бұға береміз. Бірдеңе тыз еткендей болды, қозғасам, аяқтың басы сылқылдады да қалды, – деп бастайды әкем. – Сәл толастаған сәтте қасымдағы жауынгер қан тоқтасын деп, резеңке жгутпен тізеден жоғары байлады да, шабуыл басталып, аман қалғандары жүгіріп кете барды. Қарағайдың басында немістің снайпері отыр. Қозғалуға, тіпті, ауырсынып ыңырсуға да болмайды: ол – мен мұндамын деп, өзіңді-өзің нысана ету. Жарақатым жаныма батып барады, қиналғаннан үстімдегі шинелімді тістелей бердім, кейін қарасам, бір омырауын жұлып тастаппын. Шинельді өздерің білесіңдер қалыңдығы қандай екенін, тісім не деген мықты десеңші?! Соның да әсері болды ма, госпитальда үстіңгі күрек тістерім түсіп, мына темірден салып берді ғой, – деп күмістей жарқыраған тістерін көрсетеді. Майданда салған сол тістері қырық жылдан кейін ғана түсіп, қайта салғызған болатын. Поляк дәрігерлері жұмысының сапалылығын, жаралы жауынгерлерді қатарға қосудағы олардың жан-қиярлығын айтып, сүйсінісін жасырмайтын.

– Содан 1945 жылдың тамыз айында бір аяғыма протез киіп, елге оралдым. Аяғының басы жоқ дегенге отырғанда болмаса, жүріп келе жатқанда ешкім күдіктенбейтін де, – деп протезбен сылтымастан түзу жүргенін, шешелерің де білмей қалды деп, апама қараған жымиысына сыр бүгіп, сәл-пәл мақтанышпен айтатын.

Кейін келе госпитальдан киіп келген протезі тозып, жаңасын жасату үшін қалаға бару, тағы басқа жұмыстары көбейген тұста өзі қолдан “ағаш аяқ” жасап алған ғой. Онымен де түзу жүргенімен, тізе бүгіп, сол “аяқтың” үстіне қоятын болғандықтан, шалбардың балағымен жасыруға келмей, көрініп тұратын. Біздер өсе келе әкеміздің бұл “кемістігін” жасырғымыз келіп, протез алдырғанымызбен, жатырқап, онымен ұзақ жүре алмайтын болды. Өмірдің, “Аяғымды әперіп жібер” дегенде, жарыса жүгіретін сол аяқты да сағындырарын кім білген?!

… Жамбыл ауданында біз туып-өскен, ата-бабамыздың зираты жатқан, кіндік қаны тамып, кір жуған атақоныс, күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпайтын жетпіс-сексен үйлі шағын ғана Талпын деген ауыл бар. Бір аяқты жан садағасы деп “Германға беріп”, кеудедегі шыбын жанның амандығына тәубе етіп, сол ауылына оралған екен әкем.

…Өз кезегімен уақыт жылжып өте берді. Үйленіп, үй болып, соғыстан соңғы бірде бар-бірде жоқ қиюы қашқан тіршіліктің қамытын мойнына ілген әкем өмір көшіне ілесті. Әркімге өз әкесі асқар таудай көрінер, ал менің әкем шынымен-ақ керемет, қайталанбайтын жан еді. Мен оның төрт-ақ сыныптық сауатымен ауылда қойма, дүкен ұстап, бастауыш партия ұйымының хатшысы болғанын, жалғыз аяқпен трактор айдап, тың көтергенін… айтайын деп отырғаным жоқ. Менің тілге тиек етпегім – мүгедектігі үшін алатын жиырма үш сом жәрдемақымен жүріп, алты қыз бен ұлын оқытқаны, жоғары білім беріп, әкелік парызын өтегендігі.

Сонымен төрт-ақ сыныптық білімі бар мүгедек шалдың балалары мұғалім, дәрігер, заң қызметкері, журналист болып шықты.

Апыр-ай, туған ай тураған ет сияқты тез бітеді, мына айдың да ортасы ауыпты-ау деумен, уақыттың жылдамдығына бейне бір өзі кінәлідей таңдана жүріп, қыздары бойжетті, ұлы ержетті. Бәрімізге бірдей өмірлік нанымыз бір-бір жоғары білім дипломын қалтамызға салып, өшпес мұрасын еншілеп берді. Жатса-тұрса: “Құлындарымды пәле-жаладан, қауіп-қатерден қағыс қыла көргейсің, дұрыс жолмен жүргізе көргейсің”, – деп Алласынан тілеу тілеумен шешем аманаттаған қыздарын ұзатып, ұлын үйлендірді. Шама-шарқынша тойын жасап, жасауларын түгендеді. Бәйбішесінің соңынан жиырма алты жыл өмір сүріп, сексен жетісінде дүниеден озды.

Жыл айналып, тағы Жеңіс күні оралды. Жүрегіміздің түкпірінде, көңіліміздің төрінде, балашағамызға айтар естелігімізде, бойымызға сіңірген мінез-құлқымызда үнемі бірге жүргеніңмен, Әке, дәл осы күні ерекше іздейміз, айрықша еске аламыз: мешітке барып, Құран бағыштаймыз, зиратыңа зиярат етеміз. Сарғайған сағынышымызды өзің жақсы көретін, қауыз жарғанын бізден бұрын көре қалсаң, қуанып айтып келетін көктемнің алғашқы гүлі – сарғалдақтарға құндақтаймыз. Биыл сарғалдақтар тым көп шықты…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp