Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста 246 өрт болып, одан 115 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 30 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Жиырма адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Елу жастағы баспана иесінің мас күйде темекі тарту салдарынан Тайынша ауданының орталығында өрт орын алды. Төрт қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерлердің бірінде шыққан өрт ер адамның өмірін қиды. Тілсіз жау баспананың төр бөлмесін, шатырды зақымдады. Құтқарушылар көппәтерлі үйден 23 адамды қауіпсіз жерге жеткізіп, 2 газ баллонын сыртқа шығарды.
Қызылжар ауданының Приишимка ауылында шыққан өрт жеке тұрғын үйге айтарлықтай зақым келтірді. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы облыс орталығының Побелянская көшесіндегі тұрғын үйде өрттің шығуына себепкер болды деген болжам бар. Орын алған өрт баспананың сыртқы қабырғасын зақымдағанымен өрт сөндіру жасағы тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді.
Петропавл қаласының Алтынсарин көшесінде өрт екі иесі бар қора-қопсыға, моншаның шатыры, сарай мен үйдің қабырғаларына зақым келтірді. Құтқарушылар екі жеке тұрғын үйді оттан аман алып қалды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында түн ортасында “Toyota Land Crouser” автокөлігі отқа оранды. Өрттің салдарынан автокөліктің артқы дөңгелегі мен салонның артқы бөлігі зақымданды. Ал Мамлют ауданында “УАЗ-3962” автокөлігінде өрт шықты. Тілсіз жау машинаның ішін және моторды жалмаған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Тайынша ауданының Большой Изюм ауылының маңында жүк машинасын жалын шарпыды. Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт автокөліктің ішкі бөлігін зақымдап үлгерді.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.