«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

90-ға КЕЛСЕ ДЕ, төбесінен тік тұрады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ауданымыздың қадірлі ақсақалы, жас пен кәрінің үлгі тұтар адамы, Ленинград ауылының тұрғыны Ерденбай Юсупов биыл торқалы 90 жасқа келді.

Ибрай ИЛЬЯСОВ.

Ол кісіні сырттай қарағанда 60-тан енді ғана асқан елағасы деп ойлайсың. Жүріс-тұрысы, қимылы әлі ширақ қария – саламатты өмір салтын ұстанып, әлі күнге дейін спорттан қол үзбеген адам. Өзінің қазіргі жас көрінуінің себебін дене шынықтырумен үзбей айналысқандығымен байланыстырады. Күнде таңертең 10-15 минут гимнастика жасап, суық сумен жуынады. Көз жаттығуларын жасап, төбесінен тік тұру арқылы бастағы тамырлардың жұмысын жақсартуға жағдай жасайды. Соның арқасы болу керек, қазірдің өзінде көзілдіріксіз ине сабақтап,  газет-журнал оқиды.

Сонымен қатар, Ерекең – өзімен әңгімелескен адамды жалықтырмайтын, тілге бай, сөзге шешен, тұнып тұрған энциклопедия адам. Жас кезінде болған оқиғаларды кеше ғана болғандай етіп суреттеп жеткізеді. Сол кездегі бір көрген адамының ерекше белгілерін, малдың түр-түсіне дейін айтқанда, ол кісінің есте сақтау қабілетінің қаншалықты зор екендігіне қайран қалмасқа амалың жоқ.

 

Ерденбай атамыз мемлекет және қоғам қайраткерлері Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, даңқты спортшы Ахметжан Қазымбетов және басқа да көптеген атақты азаматтар шыққан қазіргі Ұялы ауылдық округіне қарасты Жарқын ауылында 1923 жылы 23 ақпанда дүниеге келген. Ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіріп, Борсықбай МТС-інде қысқамерзімді механизаторлар курсында оқиды. Еңбек жолын комбайншы болып бастаған ол Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1942 жылы Жарқыннан жөнелген жиырма шақты жігіттің бірі болып майданға аттанады.

1943 жылғы желтоқсанда Ленинград №11 соғыс-әскери оқу курсын аяқтап, 826-шы полкта барлаушылар бөлімінің командирі болады. Сол жылдары Белоруссияны, Ленинград қаласын азат етуге қатысып, 1944 жылы маусым айында Карелия-Фин бұғазына жетеді. Осында Ерекеңнің бөлімшесі жаудың арғы шебіне өтіп, рота командирінен ДОТ-ты жою туралы бұйрық алады. “Бұйрық қатты, жан тәтті” демекші, бөлімшедегі барлық жігіттерін алып, Ерекең орманды жерлермен жасырынып, жаудың сыртына шығады. Тоқтаусыз оқ жаудырып жатқан ауыр пулеметтің орнын анықтаған соң, барлаушы Иван Кожаревский екеуі борап тұрған оққа қарамай, еңбектеп жақындай отырып, пулеметтің үнін өшіреді. Қалғандары бұларды сырттай қорғап тұрады. Осы тапсырманы орындау кезінде оқ тиіп қатты жараланған Ерденбай атамыз Ленинград қаласындағы госпитальға жеткізіледі. “Сондағы мені аман-есен жау тылынан алып шыққан қандыкөйлек жолдастарыма күні бүгінге дейін ризашылығымды білдіріп отырамын”, – деп еске алады ақсақал.

Осындай жауынгерлік ерліктері жоғары бағаланып, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, “Ерлігі үшін”, “Белоруссияны азат еткені үшін”, “Германияны жеңгені үшін” және “Маршал Г.Г.Жуков” медальдарымен марапатталады.

Қан майданда әскери борышын толық өтеген Ерденбай Жүсіпұлы 1947 жылы ақпан айында аман-есен елге оралады. Жасынан жұмысқа араласып үйренген Ерекең келісімен бейбіт еңбек майданына кірісіп кетеді. 24 жасында Борсықбай МТС-і директорының орынбасары болып сайланып, сонда 1955 жылға дейін абыроймен қызмет жасайды.

1955 жылдан бастап аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас бухгалтер болып жұмысқа орналасып, осы қызметті де абыроймен 30 жыл атқарып, 1985 жылы зейнеткерлікке шығады.

Содан бергі 28 жыл ішінде жастарды саламатты өмір салтын ұстануға, өз елінің патриоты болуға шақырып келеді. Әсіресе, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халықтың еңсесі түсіп, мүмкіндіктері бар басқа ұлт өкілдері жан-жаққа бытырай көше бастаған кезде тұрғындарды бірлікке шақырып, біздің Президентіміз Қазақстанды әлі-ақ талай жетістіктерге жеткізеді деп айтып жүрді. Сол айтқандары бүгін айна-қатесіз дәл келіп, өзі де бүгін сол жетістіктердің куәсі болып қуанып жүр.

Ауданда өтетін барлық қоғамдық іс-шараға Ерекең өзі қатысқанымен қоймай, майдандас жолдастарын да қалдырмай ала келеді. Елбасының 1997 жылдан бергі халыққа Жолдауын насихаттауда, жастардың басы қосылған үлкен жиындар мен спорттық іс-шараларда Ерекең міндетті түрде сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісіп келеді. Теледидар көріп, газет оқып, саяси сауатын күнде жетілдіріп отыратын ақсақал кез келген басқосуда, көпшілік арасында елде болып жатқан жағдайды түсіндіріп, кейбіреулердің алыпқашпа сөздерін жоққа шығарып отырады. Президент және Парламент сайлауларында үнемі үгіт-насихат тобының мүшесі болып, Елбасының және “Нұр Отан” партиясының жеңіске жетуіне өзіндік үлесін қосып жүр. Бүгінде үйінің төрінде Елбасының Алғыс хаты мен “Нұр Отан” партиясының грамоталары ілулі тұр. Ардагер бейбіт жылдардағы жемісті еңбегі үшін “Ерен еңбегі үшін” және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сонымен қатар, Ерекең жас кезінде сал-серілік құрып, “Сегіз қырлы, бір сырлы” жігіт атанған. Жүйрік ат баптап, тазы ит жүгіртіп, аң аулағанды жақсы көрген. Атпен қасқыр соғып алған әңгімесінің өзі адамға үлкен әсер қалдырады.

26 жасында Қапиза апамызбен көңілі жарасып, үйленіп, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың ұл-қыздарының өздері де ата-апа атанып, немере тәрбиелеуде.

Ақжар ауданы,

Талшық ауылы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp