– Серік Нығметұлы, өткен аптада Сенатта зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Ұсынылып отырған түзетулер еліміздегі зейнетақымен қамсыздандыру саласына түбегейлі өзгертулер енгізуді көздейді. Жалпы, зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты не?
– Үкімет пен Ұлттық банк бұл мәселемен біраз жылдардан бері шұғылданып келеді. Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан өзгертулер зейнетақы жүйесін жетілдіру үдерісінен туындап отырған мәселе деуге болады. Арнайы жұмыс тобы бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеді.
Бұл, әрине, өте маңызды әрі күрделі мәселе.
Зейнетақы жүйесін реформалау 1998 жылы посткеңестік елдердің ішінде алғаш рет Қазақстанда жүзеге асырылғаны мәлім. Сол кезеңнен бастап елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді.
Оның негізгі мақсаты – мемлекеттің есебінен төленетін ынтымақты жүйеден келешекте азаматтардың өздерінің жеке жинақтары есебінен зейнетақы алу жүйесіне бірте-бірте ойысу болатын. Сол уақыттан бері қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшері бірнеше рет көтерілді, азаматтардың зейнетақы жинақтары да артты. Мұны статистика да көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда базалық, еңбек, жинақтаушы бөліктерінен құралған орташа жиынтық зейнетақының мөлшері орташа айлық жалақының 40% немесе 42 мыңға жуық теңгені құрап отыр. Зейнетақы төлемдерінің бұл деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес. Біздің ендігі міндетіміз – осы деңгейді сақтап қалу. Сайып келгенде, зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты да осы.
Оның бірінші кезеңінде негізгі үш өзгеріс ұсынылып отыр. Оның бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру болса, екіншісі, денсаулыққа зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді енгізу, сондай-ақ зейнетақы жасын біріздендіру, яғни әйелдердің зейнетке шығу жасын ер-азаматтардың зейнет жасымен теңестіру.
– Өзіңіз айтып кеткендей, өзгертулердің бірі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруға қатысты. Яғни, қазіргі зейнетақы қорларындағы активтер мемлекеттің басқаруына беріліп, азаматтардың зейнетақы жинақтары жаңадан құрылып жатқан Бірыңғай қорда шоғырланатын болады. Жалпы, бұдан халыққа қандай пайда бар? Бірыңғай қор құруға не себеп болды?
– Жинақтаушы жүйе бастапқы кезеңде өзінің рөлін орындап шықты. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған 10 жинақтаушы зейнетақы қорында азаматтарымыздың 3,2 трлн. теңге зейнетақы қаражаты жинақталған. Бұл шамамен 20 млрд. АҚШ доллары. Қолданыстағы заң бойынша қорлар зейнетақы шоттарын өздері басқарып, зейнетақы жинақтарын инвестициялаумен, яғни кіріс әкелуімен шұғылданады. Дегенмен, басқарудың бұл жүйесі бірқатар кемшіліктердің туындауына алып келді. Сондықтан, Бірыңғай зейнетақы қорын құру жекеменшік қорларда туындаған мәселелерді шешуге бағытталған шара деп түсінген жөн.
Атап айтар болсақ, біріншіден, аталған қорлар халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен толық түрде қамти алмады. Нақтылай айтсақ, қазір жұмыс істеп жүрген 8 миллион 400 мың адамның бес жарым миллионнан астамы ғана осы жүйеге тартылып отыр. Ал қорға тұрақты ақша аударып отырғандар саны 4 миллионға да жетпейді. Яғни, жұмыс істейтін адамдардың басым көпшілігі зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Ал олардың келешегін кім ойлайды?
Өкінішке қарай, біздегі қорлар жинақтаушы жүйеге қатыспай отырған адамдарды өздеріне тарту жұмысымен тұрақты түрде айналыспады. Тек салымшыларды бірінен- бірі ауыстырып алумен ғана шектелді. Бұл, әрине, қорларға тиімді. Ал халыққа, азаматтарға, мемлекетке қандай пайда? Міне, негізгі мәселе осында.
Екіншіден, қорлар зейнетақы қаражатын тиімді басқара алмады және оны табыс құралына айналдыра алмады.
Үшіншіден, комиссиялық алымдар мөлшері көп те, керісінше, активтер табысының артуына және олардың сақталуына деген жауапкершілік төмен болды. Сарапшылардың есептеуінше, қазіргі қолданыстағы комиссиялық сыйақылардың мөлшері салымшылардың жиналымын, түптеп келгенде, 26%-ға дейін азайтып жібереді. Бұл дегеніміз, қорлар бүкіл жинақталған қаражаттың төрттен бірін өздеріне алып қалады деген сөз.
Қорлардың жұмысында орын алған осындай кемшіліктерден кейін халықтың зейнетақы қаражатын мемлекеттің бақылауында болатын Бірыңғай қорға беру туралы ұсыныс туындады.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халықтың зейнетақы активтерін табысты басқаруды қамтамасыз ете ала ма, Бірыңғай қордың инвестициялық стратегиясы қандай негізге сүйенеді?
– Жоғарыда мен айтып өткен проблемаларды ескере отырып, біз зейнетақы шоттарын және зейнетақы активтерін басқару функцияларын бөліп тастадық. Жеке зейнетақы шоттарына есеп жүргізуді, зейнетақы жарналарын тартуды және зейнетақы төлеуді Бірыңғай зейнетақы қоры іске асырады. Яғни, Бірыңғай қордың негізгі мақсаты – зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, инвестициялық кірісті көбейту, қорға қаржының тұрақты түсімін қамтамасыз ету, әкімшілік шығындарды азайту.
Ал зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады. Инвестициялық стратегияны Мемлекет басшысының жанындағы Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі Кеңес айқындайтын болады.
Сөйтіп, зейнетақы активтерінің сақталуы мен инвестициялық кірісті қамтамасыз етуде мемлекеттің жауапкершілігі күшейеді. Егер мұндай шарттар орындалмай жатса, шығынның орнын біз бюджеттен толтыруға мәжбүр боламыз, бұл өз кезегінде Үкіметті зейнетақы жиналымдарының өсімін барынша көбейтуге ынталандырып отырады.
– Зиянды өндірістерде еңбек етіп жатқан азаматтардың әлеуметтік жағдайы қалай болады? Осы реформа аясында оларға қандай да бір шаралар көзделіп отыр ма? Зейнетақы жарнасын аудару кезіндегі жұмыс берушілердің жауапкершілігі қандай?
– Өзіңіз білесіз, біздің экономикада тау-кен, металлургия салалары сияқты ірі өндіріс орындары көп шоғырланған. Мұндағы жұмысшылар үшін жұмыс берушілер тарапынан ерікті кәсіптік зейнетақы жарнасы ғана көзделген. Алайда, өкінішке қарай, ерікті түрде болғаннан кейін көптеген жұмыс берушілер мұндай шығындарды көтергісі келмейді.
Бүгінде, ерікті кәсіптік жарналар 4 мың адамға ғана аударылып отыр. Ал аса қауіпті, зиянды еңбек жағдайында 350 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Сондықтан, ендігі жерде кәсіптік жарналарды төлеу міндетті болады. Жұмыс берушіге өз қаражаты есебінен азаматтардың 10 пайыздық салымына қосымша 5 пайыз төлем аудару міндеті енгізіледі. Сонымен, нақтылай айтқанда, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайындағы адамдардың зейнетақы шотына 15 пайыз зейнетақы жарнасы аударылатын болады. Бұл қаражат азаматтарға 50 жастан бастап зейнет демалысына шығуға мүмкіндік береді.
Бірден айтып өтейін, аталған шығын салық төлемдері кезінде шегеріліп тасталатындықтан, жұмыс берушілерге ешқандай салмақ салмайды. Аталған шаралардың барлығы да ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау үшін жасалып отыр.
– Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселенің бірі әйелдердің зейнетақы жасын біріздендіру, яғни ер-азаматтардың зейнет жасымен теңестіру төңірегінде болып отыр. Бұл орайда қоғамдық пікір де әралуан. Мұндай шешім қабылдау не үшін қажет болды? Осындай жағдай әлемдік тәжірибеде орын алды ма? Оның нәтижелері қандай?
– Заң жобасында әйелдердің зейнет жасын 58 жастан 63 жасқа көтеру туралы ұсыныс бар. Біз мұндай қадамға неліктен барып отырмыз? Қазіргі заң бойынша 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне зейнетақыны мемлекет төлейді. Демек, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін алты айлық еңбек өтіліңіз болса, мемлекет ынтымақты зейнетақы төлейді.
Алайда, аталған санаттағы зейнеткерлер саны уақыт өткен сайын азая береді. Керісінше, бүгінгі жинақтаушы жүйеден зейнетақы алатын адамдардың саны көбейе түседі. Бұл 2018 жылдан бастап зейнеткерлікке шығатын әйелдердің бюджеттен алатын ынтымақты зейнетақы мөлшері төмендейді дегенді білдіреді. Енді ол бюджетке емес, адамның қордағы өзінің жинаған қаражатына тікелей байланысты болады.
Сондықтан, олардың жинақтаушы жүйеге барынша көбірек қатысуы, қаражатты неғұрлым көбірек жинауы керек. Егер, бұл реформаны қазірден жүргізбесе, ертең әйелдердің басым бөлігі қажетті зейнетақы қаражатын жинақтай алмай қалады.
Халықтың басым бөлігінің мүддесіне тікелей қатысы бар мұндай сезімтал шараларды қоғам қашанда тосырқай қабылдайтыны мәлім. Алайда, бірде-бір Үкімет қандай да бір нақты себептер мен қажеттілік туындамаса, мұндай шараларға бармас еді.
Зейнетақы жасын біріздендіру біздің еліміз ашқан жаңалық емес. Әлемдік тәжірибе туралы айтсақ, көптеген мемлекеттер зейнетақы жасын ұлғайтуды қолға алып жатыр немесе жоспарлап отыр. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония, т.б.
Еуропалық Одақтың кейбір елдерінде зейнет жасы 67 жасты құраса, жекелеген мемлекеттер зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеруді қарастыруда. Мәселен, Францияда әйелдердің жасын көтеру мерзімі 8 жыл құрап отыр. Бұдан өзге де мысалдар жетерлік.
Зейнет жасын көтеруді дер кезінде қолға алмаған елдер мұндай реформаны өте қысқа мерзім ішінде жүргізуге мәжбүр болуда. Мәселен, Грекия небәрі үш жылдың ішінде зейнет жасын 61-ден 65 жасқа көтерді. Ал 2016 жылға дейін 67 жасқа көтеруді жоспарлап отыр.
Әрине, біз азаматтарымыздың алдындағы өзіміздің жауапкершілігімізді толығымен сезінеміз.
Бұл жерде мәселе әйелдердің зейнет жасын бірден 10 жылға ұзарта салуда емес. Біз зейнет жасын 2014 жылдан бастап әр жарты жыл сайын кезең-кезең бойынша көтеруді ұсынып отырмыз. Демек, толық 63 жастан зейнетке шығу тек 2024 жылдан, яғни он бір жылдан соң басталатын болады.
– Осы аптада Үкімет 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын қабылдады. Онда қандай нақты шаралар қарастырылған? Мемлекет жұмыс берушілерді қалайша қадағалап отырмақ? Егде адамдарды жұмыспен қамтуда бұл жоспардың ықпалы қандай болмақ?
– Зейнет жасын көтере отырып, біз халықты жұмыспен қамту үшін, әсіресе, орта жастағы әйелдерді қамту үшін қосымша шаралар қажет екенін түсіндік.
55 жастан асқан жұмысшыларды қорғау үшін Еңбек кодексіне бірқатар өзгертулер енгізілуде. Мәселен, бос жұмыс орындарына қабылдау барысында жасына қарай немесе басқа да кемсітулерге жол берілмейді. Мұндай хабарландырулар беруге тыйым салынады. Яғни, “бәленбай жастан аспаған…” деген хабарламалар заңға қайшы болады. Бұдан былай комиссияның тиісті шешімінен басқа, 55 жастан асқан азаматтармен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды жинақтаушы жүйеге көбірек тарту үшін Үкімет арнайы салық режіміне қатысты өзгерістерді жоспарлап отыр. Ол өзгерістер кәсіпкердің өзі үшін және қарамағындағы жұмыскерлер үшін аударатын зейнетақы жарналарына қарай төлейтін салығын да азайтуға қатысты болмақ.
Үшіншіден, Үкімет егде жастағы адамдарды жұмыспен қамтуды көздейтін 50+ бастамасы деп аталатын кешенді жоспар қабылдады. Бұл жоспар бойынша егде жастағы адамдардың жұмысқа тұруын ынталандыруға бағытталған “Әлеуметтік жұмыс орындары туралы” заң дайындалып, қабылдануы тиіс.
Әңгімемізді қорыта келе айтарым, бүгін біз әр адамға тікелей қатысы бар зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгертуді көздейтін ерекше маңызды шешім қабылдау қарсаңындамыз.
Бұл жаңғыртудың басты мақсаты – болашақ зейнеткерлердің мүддесіне сай келетін тұрақты және барынша қорғалған зейнетақы жүйесін қалыптастыру.
Сондықтан, баршамыздың міндетіміз – алдағы зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесін көпшілікке түсінікті әрі дәйекті түрде жеткізу.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
(“Егемен Қазақстан”,
2013 жылғы 7 мамыр.)