«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАБЫРҒАҒА ІЛІНГЕН СУРЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әсемгүл ЕСІМСЕЙТОВА,

ұстаз.

Отан қорғау жолындағы қанды шайқастар болып, тарих беттеріне жазылған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 68 жыл толғалы отыр. Бұл зұлмат қырғын қаншама адамның өмірін қиып, қаншама адамның көз жасын қанмен сорғалатты. Уақыт емші дегенмен, жан жарасының жазылуы оңай емес-ау?! Бүгін біз ашық аспан астында, соғыстың ызғарынсыз өмір сүріп жатырмыз. Мен өзімді осы заманда, осы елдің перзенті болып туғаным үшін бақытты санаймын. Мен жер мен аспанды дірілдеткен соғыс техникаларының жаңғырығын немесе құлақтың түбінен ысқырып өткен оқтардың дыбысын естіген жоқпын, соғыстың қыспағындағы аштық пен жалаңаштықты бастан өткерген емеспін. Бірақ бұл соғыс менің жаныма да өшпес жара салып кетті. Сол зұлмат күндердің салдарынан менің ардақты әкемнің тағдыры жеңіл болмады. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубетте ата-анасынан айрылып, балалықтың қызығын көрмеді. Ал Ұлы Отан соғысының қасіретінен жастықтың жалындаған сезімін сағынышқа тұмшалатқан әкемнің өмір жолы мені бүгінге дейін налытады.

Әкем – Шал ақын ауданындағы Қожым деп аталған кішкентай ауылдың тумасы. Екі жасында тұл жетім қалған ол бірге туған екі ағасы және әпкесімен рулас туыстарының есігінде ержетті, бірақ ағаларына үйленіп, тіршіліктің қызығын жалғастырар күндер мен кіші бауырларына қамқор болудың бақыты жазбапты. Тоғыз жасар әкем үшін жетімдіктің тауқыметі енді басталады. Ағалары Қабыкен мен Айбастың майданға шақыртылып кеткен күні әкемнің бауырларын соңғы көруі еді. Апасы Мәкен екеуі қорғандарынан айрылып, қанаттары қайырылып жұртта қалады.

 

1941-45 жылдар…. Бұл – жұрттың көңіл күйі түсіп, әр отбасы соғысқа кеткен азаматтарынан жақсы хабар тосқан заман болды. Бұл – күннің арайлай атқан сары шуағы олардың сарғайған сағынышын тербеткен, қара түнек түні бойларына қорқыныш ұялатқан, әр шаңырақтың тыныштығын ұрлаған заман еді. Осындай кезде әр ағайынның есігінде жүрген әкемнің күйі, тіпті аянышты екендігі, айтпаса да түсінікті.

Мені әкем қашанда өзінің жігерлі мінезімен таңғалдыратын. Оның біреуге шағым айтып, өзінің жайын мұңдағанын көрген емеспін. Ол – әр атқан таңына ризашылықпен қарап, айналасындағылардың көңілін аулап, ешкімге артық ауыз сөз айтпай, ғұмыр кешкен жан. Біздің балалық көңілімізді қобалжытпас үшін ешқашан ішкі шерін тарқатпайтын. Сондықтан да бүгінде оның ұл-қыздары әкелерінің асқаралы биік тұлғасын ғана елестете алады.

Әкем үйде балашағаның жоғын көрсе, төргі бөлмеге барып, қабырғада ілініп тұрған суретке мұңын шағатындай еді…

Бірде тағы да сол суретке қарап үнсіз отыр екен. Алдынан барып, жанарына тіктеп қарасаң, көзінде мөлтілдеген жасты көруге болатынды. Бұл суреттегі әскер киімін киген ер-азаматтың әкемнің бауыры екенін білсем де, оның көңілін аулап, сөзге тартқым келгендіктен, тізесіне отырдым да, мойнынан құшақтап: “Әке, бұл Сіздің қай ағаңыз?” – дедім еркелеп. “Бұл үлкен ағам Қабыкен ғой”, деген оның жауабынан кейін, ортаны ұзақ үнсіздік жайлады. Бала болсам да есімді біліп, сөзді ұғып қалған кезім ғой. Әкемді одан әрі мазалаудың жөні жоқ екендігін сезіп, ақырын орнымнан тұрдым да, ойынға қызыққан баланың сыңайын танытып, кетіп қалдым. Алайда, ұзаққа бармай әкемнің әрекетін сырттай бақылап тұрдым. Ол тағы да суретке ұзақ қарады. Осы аралықта оның бет-бейнесі біресе күлімдеді, біраздан соң қабағы түсіп, мұңайды. Бұл қылығына мен еш түсінбедім. Енді бүгінде мен де әкемнің суретіне қарап, осындай күй кешемін. Әкеммен өткен күндердегі оның қылықтары, мінезі көз алдыма елестеген кезде көңілім көтеріледі де, оның ортамызда жоқ екендігі есіме түссе, көңілім құлазиды.

Әкемнің ағасының суреті әлі күнге дейін кіші інімнің шаңырағында сақтаулы. Бүгінде бақилық болған әкемді сағынған кезде мен де сол суретке қарап, өткен күндерді еске аламын. Кейде күндердің күнінде бейтаныс біреулер келіп, маған: “Біз Қабыкен, я болмаса Айбастың балаларымыз”, – деп айтатындай көрінеді.

Бұл, әрине, бір отбасыға ғана Ұлы Отан соғысының салған жан жарасы. Сондай-ақ анамның да әкесі соғыстан оралмай, үш бала жетімдікпен ержетті. Ал Төлеш атамыздың інісі Шамған аман-есен елге оралды. Шамған атамның өз немерелері бар, одан қалды ағасынан қалған біз бармыз. Оны “ата” деп қашанда асқақ тұтатынбыз. Оның еркелеткенде, бізге айтатын “торпақ” деген сөзінің өзі сондай жылы еді. Ал егер ағаларым мен нағашы атам соғыстан тірі оралғанда, олардан да талай жылы сөздерді естіп өсер едік-ау. Бірақ сұм соғыс олай етпеді. Ата-ағаларымыз біздің бүгінгі бақытты өміріміз үшін өздерінің жанын пида етті. Әрине, олардың есімі біздің жүрегіміздің түкпірінде мәңгілік сақталады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp