«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҰМЫТПАС САН ҰРПАҚТАР ЕРЛІГІҢДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 68 жыл толғалы отыр. Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған қанқұйлы соғыста Қазақстаннан да көптеген жауынгерлер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарындағы 103 қазақ қаһарманының бірі Ысқақ Ыбыраев еді.

Сабыр ЫБЫРАЕВ,  

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих және құқық

факультетінің деканы.

Менің атам Ысқақ Ыбыраев 1911 жылы Есіл ауданының ең әсем, сұлу өңірлерінің бірі – Алуа көлінің жанында жайғасқан Қаратал ауылында дүниеге келген. Атам Ыбырай мен әжем Жәкілдің Мәди, Әди, Сүлеймен, Мейрам, Ысқақ, Смағұл деген алты ұлы мен Бәйни, Күлшаура деген екі қызы болған.  

Туған ауылының 7 жылдық мектебін ойдағыдай аяқтаған Ысқақ 17 жасында комсомол қатарына қабылданады. 1930 жылы Петропавл педагогикалық техникумын тамамдаған соң Жамбыл және Есіл аудандарындағы Орталық, Бірлік, Жарғайың ауылдарында 12 жыл мұғалім болды. Әскер қатарына алынбас бұрын жастар арасында тәрбие жұмысымен айналысқан. Ысқақ Жамбыл ауданының Орталық орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезінде неміс басқыншылары кеңес өкіметінің жеріне басып кіріп, Ұлы Отан соғысы басталды. Өзге құрдастары сияқты Ысқақ та бірнеше рет өз еркімен майданға аттануға ниет білдіргенімен, тек 1942 жылдың шілдесінде кеңес әскері қатарына шақырылып, Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласындағы әскери-саяси қызметкерлер курсын тамамдайды.

Сол жылдың қазан айында Прибалтика майданына жіберілген жас азамат 50-ші полктің рота командирінің саяси бөлімі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ал 1944 жылы Могилев жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін 1-ші Беларусь майданының 5-ші екпінді армиясына қарасты 60-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 177-ші гвардиялық атқыштар полкінің взводын басқарады.

1945 жылдың қаңтарында Висланың батыс жағалауы плацдармдарынан 1-ші Беларусь және 1-ші Украин майдандарының, ал оңтүстікке таяу 4-ші Украин майданының оң жақ қанатының құрамалары шабуылға көшіп, тарихқа Висла-Одер операциясы атымен енген шайқас басталған болатын. Одер өзенінен өту кезінде Ы.Ыбыраевтың взводы жаудың берік ірі қорғаныс тірегін басып алып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті.

Нақтырақ тоқталар болсақ, 1945 жылы шабуылға шыққан 5-ші екпінді армиясының бөлімшелері жаудың қыр соңына түсіп, бір селоға жақындай бергенде үлкен бөгетке тап болады. Бұл жерге бұрын жеткен немістер алдын ала бекініс дайындап, орналасып үлгерген екен. Жаудың мина көмген жерінде бірсыпыра бөлімшелер сарбаздары қаза тауып, өте алмаған соң саперлерді күтеді. Ұрыс арасындағы үзіліс кезінде өзінің жауынгерлерін дұшпан минасын залалсыздандыруға үйреткен Ысқақ Ыбыраевтың жауынгерлері тоқтамай ілгерілей берді. Гитлершілер миномет, пулемет оғын жаудырып тұрғанда Ысқақ тайсалмастан алға шығып, взводымен мина даласынан өткел салды. Сөйтті де Буде-Августовское селосындағы дұшпан бекінісінің оң жақ қанатынан келіп бас салды. Оларға қарсы шыққан неміс танкілерінің екеуін жайратқан соң жау солдаттары орналасқан траншеяға басып кірген Ысқақтың сарбаздары қоян-қолтық ұрыста немістің күшін жойды.

Бұдан әрі қозғалған жауынгерлер село шетінде жау дзотына тап болады. Осы жерде екі топқа бөлінген сарбаздар қосымша екі дзотты іске қоспақ болған жаудың ту сыртынан шығып, шабуыл жасайды. Сөйтіп, әскери айла-тәсілдің арқасында жаяу әскерге әрі қарай жол ашылады. Ысқақ Ыбыраевтың сарбаздары салған ізімен мина даласын еш шығынсыз өткен бөлімшелердің бірлескен шабуылына тойтарыс бере алмаған немістер селоға қарай шегінуге тура келеді.

Бұл шайқастан соң Мало-Боже елді мекенінің жанындағы Одер өзенінің арғы бетіндегі алаңқайда орналасқан жау біздің әскерге қарсы тойтарыс беруге тырысып бақты. Гвардия лейтенанты Ысқақов взводты екіге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке міндеттер жүктеді. Өзімен бірге 6 сарбазды ерткен ол түскен тұманның арқасында өзенді еш дыбыс шығармастан кесіп өтіп, неміс құрамына шабуылға шығып, жаудың назарын өзіне бұрады. Сөйтіп, сарбаздарының басым бөлігіне алға жылжуға мүмкіндік берді. Ыбыраевтың азғантай тобын жоюға бар күшін салғанмен, жау өз дегеніне жете алмады. Күн бата бір топ сарбазға көмекке жеткен өзге бөлімшелердің әскерилері лейтенант Ыбыраев бастаған шағын топтың ондаған жаудың көзін құртқандығын байқайды.

Аталмыш ұрыста ауыр жараланғанымен, ұрыс даласын тастамаған Ысқақ қатардағы жауынгерлерге ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ақырсоңына дейін Отан, жолдастары алдында жауынгерлік міндетін орындап, өзгелерге үлгі болды.

Қазақ халқының адал ұлы, талантты офицер Ысқақ Ыбыравтың жауынгерлік еңбегі жоғары бағаланып, оған 1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қанқұйлы соғыс аяқталып, бейбіт өмір басталды. 1945 жылдың тамыз айында туған өңірге оралған Ысқақ Ыбыраев 1946 жылдың қыркүйегіне дейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1948 жылдары Алматыда Жоғары партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар осы салада қызмет етті. Атап айтқанда, Октябрь аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланып, осы жерде 1954 жылға дейін нәтижелі қызмет атқарады. Бұл уақытта Н.С.Хрущевтың бастамашылдығымен Қазақстанның төрт өңірінде тың игеру науқанын бастау жоспарланып жатқан болатын. Бұл бастамаға Қазақстанның біраз азаматтары қарсы болған еді. Солардың қатарында Ысқақ Ыбыраев та болды. Партияның жоспарына қарсы болғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кеңес өкіметінің назарына іліккен Ысқақ 1957 жылы “Новопокровка” совхозының партия ұйымының хатшысы болып жіберіледі. Ал 1964 жылдың қазан айында “Тереңсай” совхозының коммунистері Ысқақты өздерінің партия ұйымының хатшылығына сайлайды. Бұл жерде Ысқақ Ыбыраев өзінің ақырғы күніне дейін жұмыс істейді. Денсаулығы сыр берген Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев 1965 жылдың 13 шілдесінде өмірден өтеді.

Ұлы Отан соғысы – аталарымыз бен әкелеріміздің майдан шебіндегі теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі. 1969 жылдың 9 мамыр күні Ыбыраев атындағы совхозда Кеңес Одағы Батырына ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Сергеевка қаласының көшелерінің біріне, бүгінде өндірістік бірлестік болып қайта құрылған, сол кездегі совхозға батырдың есімі берілді. Бүгінгі таңда Сергеевканың тарихи-өлкетану мұражайында Ысқақ Ыбыраевтың ерлігі жайында мол мағлұмат бар. Ал залдардың бірінде әлі күнге дейін батырдың портреті ілулі тұр.

Ысқақ Ыбыраевтың өмірден өткеніне 48 жыл толғанымен, оның жасаған ерлігі ешқашан жадымыздан өшпейді. Батырдың ерлігі тарихта қалып, өскелең ұрпаққа үлгіөнеге болып қала бермек.

Отан алдындағы ерлігі үшін Ысқақ Ыбыраев Ленин, “Қызыл Жұлдыз”, “1941-45 жылы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, басқа да көптеген медальдарымен марапатталған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp