Ақжар ауданында жеңіс жалауын желбіреткен ерлік мерекесінің 68-ші жылы кеңінен аталып өтілді. Мерекелік шараға тыл еңбеккерлері, аудан активтері, бөлім басшылары мен қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.
Айбек ХОРШАТ,
Ақжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Жеңістің 68 жылдығына арналған мерекелік іс-шара таңертең ертемен Талшық ауылындағы “Белгісіз солдат” ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ақжарлықтарды ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сөз сөйлеген аудан әкімі Ағзам Тастеміров сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екендігін атап өтті. Содан соң соғыс және еңбек ардагері Ерденбай Юсупов сұм соғыстың елге әкелген кесапатын тебірене айтып, ондай қасіретті күндердің қайта оралмауын тіледі. Салтанатты шара барысында өңір жастары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынса, аудан жастары спорттық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Мейрамға арналған негізгі шара Ақжарқын елді мекенінде жалғасын тапты. Ауданның барлық елді мекендерінің соғыс және тыл ардагерлерінің басын қосқан айтулы шарада Ақжарқын орта мектебінің оқушылары әскери шеруге қатысты. Сонымен бірге аталмыш шеруге әскери оркестр музыкалық сүйемелдеу жасап, мерекелік көңіл күйдің көтеріңкі болуына үлес қосты.
Сондай-ақ осы күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 68 жыл толуына орай Ақжарқын ауылының орталығында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған стеланың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Композицияның бой көтеруіне жалпы 800 мың теңгеден астам қаражат жұмсалса, оның 400 мың теңгесі ауыл-аймақты абаттандыру бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен бөлінді, ал қалған 400 мың теңге “Лұқпанов” және “Агротехника Ақжар” ЖШС-нің демеушілігімен іске асырылды. Мерекелік шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 50 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілді.
Шара соңында “Агротехника Ақжар” ЖШС-і ұйымдастырған майдан асханасы ботқаны тегін үлестірді.
Ал кешкісін аудан орталығында Талшық орта мектебінің оқушылары ұйымдастырған алаулы шерумен жалғасып, “Жеңіс” саябағындағы “Белгісіз солдат” ескерткішінің басында отшашумен аяқталды.