Жексенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық драма театрында Ұлы Жеңіс күніне арналған қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Оның құрметті қонақтары – ардагерлер, тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”
“Праздник” агенттігінің басшысы Анна Солдатованың ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға өңіріміздегі мәдениет саласының танымал өкілдері қатысты. Залда отырған көрермендер соғыс жылдарындағы, әскери әндерді тыңдай отыра, сол кезеңді көз алдыңа әкелетін театрландырылған қойылымдарды да тамашалады. Соғыстағы жауынгерлермен қатар, тыл еңбеккерлерінің де ерен еңбегі көрсетілді. Әсіресе, ауыр жұмыс істеген қыз-келіншектер мен балашағаның тағдыры шертілді.
Аталмыш қайырымдылық концерттің билетін кейбір кәсіпорындар ардагерлері үшін өздері алса, ал тарап кеткен ұйымдардың зейнеткерлері үшін тегін таратылды. Сонымен қатар “Беташар СК” ҚБ “Қарт адамдар клубын дамыту арқылы медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді жаңғырту” жобасын жүзеге асыру үшін қарияларға йогамен тегін айналысуға шақырту қағазын таратты.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.